Үш оқушы суды микропластиктен тазартатын ұнтақ ойлап тапты

Үндістандық үш 16 жастағы оқушы судың құрамындағы микропластикті байланыстырып, оны кәдімгі магнит арқылы жинауға мүмкіндік беретін Plas-Stick атты биологиялық ыдырайтын ұнтақ әзірледі. Тамариндтің әдетте қоқысқа тасталатын тұқымдарынан жасалған жоба 2026 жылы The Earth Prize халықаралық экологиялық сыйлығының басты жеңімпазы атанды.

Үндістанның Джайпур қаласындағы Jayshree Periwal International School мектебінің оқушылары Авьяна Мехта, Ариана Агарвал және Виван Чхавчхария микропластик мәселесіне назар аударған. Үшеуі де 16 жаста. Олардың әзірлемесі Plas-Stick деп аталады. Жобаның негізінде тамаринд жемісін пайдаланғаннан кейін қалатын тұқымдар жатыр. Оқушылар осы қалдықтарды өңдеп, микропластик бөлшектерімен байланыса алатын биологиялық ыдырайтын ұнтақ жасаған. 

Plas-Stick қалай жұмыс істейді?

Технологияның принципі салыстырмалы түрде қарапайым. Ұнтақ микропластикпен ластанған суға қосылады. Ол пластиктің ұсақ бөлшектерімен әрекеттесіп, оларды бір-бірімен байланыстырады. Нәтижесінде суда көзге көрінетін ірі түйіршіктер пайда болады.

Одан кейін бұл түйіршіктерді кәдімгі қол магнитінің көмегімен судан жинауға болады. Әдіс электр қуатын, күрделі сүзгілерді немесе қымбат жабдықты қажет етпейді. 

Сыйлықтың ұйымдастырушылары жариялаған материалдарға сәйкес, процесс үш негізгі кезеңнен тұрады: ұнтақты суға қосу, оны араластыру және пайда болған түйіршіктерді магнитпен жинау. Жобаның ресми презентациясында осы процесс нақты көрсетілген.

Оқушылар бұл технологияны ең алдымен заманауи су сүзу жүйелеріне қолжетімділігі шектеулі қауымдастықтар үшін қарастырған. The Earth Prize мәліметінше, әлемде 2,2 миллиардтан астам адам қауіпсіз басқарылатын ауызсу инфрақұрылымына толық қол жеткізе алмайды. Сондықтан электр қуатынсыз және күрделі жабдықсыз қолдануға болатын әдіс мұндай аймақтар үшін маңызды болуы мүмкін. 

3 кезеңнен тұратын демонстрация: боялған суға ұнтақ қосу, араластыру және қол магнитінің көмегімен жабысып қалған микропластиктерді тарту. Фото: theearthprize.pr.co

Идея қалай пайда болды?

Жобаның пайда болу тарихын The Telegraph India басылымы жазған.

Жобаның идеясы Үндістандағы ауылдық мектептердің біріне барғаннан кейін пайда болған. Оқушылар сол жерде бір баланың ортақ контейнерден су ішіп жатқанын көрген. Осы жағдай оларды ауызсуда қандай ластаушы заттар болуы мүмкін және мұндай суды тазарту технологиялары қаншалықты қолжетімді деген сұрақтарға әкелген.

Олардың назарын әсіресе микропластик аударған. Кәдімгі пластик қоқысты көзбен көруге болады, ал микропластик бөлшектері өте ұсақ болғандықтан, оларды қарапайым жолмен анықтау қиын. Сонымен қатар кері осмос сияқты заманауи тазарту жүйелері кейбір ауылдық қауымдастықтар үшін қымбат болуы мүмкін. 

Оқушылар қымбат материал іздеудің орнына ауыл шаруашылығы қалдықтарын пайдалануды шешкен. Осылайша әдетте қоқысқа тасталатын тамаринд тұқымы микропластикті жинауға арналған материалдың негізіне айналды.

Мектеп жобасынан нақты жобаға дейін

Жоба түрлі білім беру бағдарламалары арқылы 8 мыңнан астам оқушы мен мұғалімге таныстырылған.

Сонымен қатар Plas-Stick Раджастхан штатындағы алты мемлекеттік мектепте сынақтан өткізілген. Бұл туралы жобаның авторы Виван Чхавчхария өзінің LinkedIn парақшасында жазған.

Жобаны одан әрі дамыту үшін оқушылар сарапшылармен жұмыс істеп, қосымша сынақтар жүргізген. Командаға доктор Раджеш Кханделвал кеңес берген. Келесі кезеңде оқушылар технологияны кеңірек сынап, оның техникалық мүмкіндіктерін жетілдіруді жоспарлап отыр. 

The Earth Prize сыйлығы

2026 жылдың мамырында Plas-Stick алдымен The Earth Prize сыйлығының Азиядағы аймақтық жеңімпазы атанды. Бұл кезеңде команда жобасын дамытуға 12 500 доллар көлемінде қаржылай қолдау алды. Сыйлықтың ресми хабарламасында бұл нәтиже жарияланған.

Кейін Plas-Stick жеті аймақтық жеңімпаздың қатарында жаһандық финалға өтті. Финалдық дауыс беруге шамамен 23 мың адам қатысқан. 29 мамырда ұйымдастырушылар үндістандық команданы The Earth Prize-дің 2026 жылғы жаһандық жеңімпазы деп жариялады.

Осылайша Plas-Stick Үндістаннан шыққан The Earth Prize-дің алғашқы басты жеңімпаз жобасына айналды. Командаға жалпы жүлде қорының негізгі бөлігі – 100 мың долларлық сыйлық берілді. 

The Earth Prize – 13 пен 19 жас аралығындағы жастардың экологиялық жобаларын қолдайтын халықаралық байқау. Оның мақсаты – қоршаған орта мәселелеріне практикалық шешім ұсынатын жас зерттеушілер мен өнертапқыштарды қолдау.

Жастар қоғамның дамуына уақыт өткен сайын үлес қосуда. Біз бұған дейін Өскеменнен келген студенттің бизнес-идеяларды бағалау жүйесін жасап, оны 150 000 долларға сатқаны туралы жазған болатынбыз. Youth.kz бұл туралы осы мақалада толығырақ баяндаған. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз