Канье Уэсттің Алматыдағы концерті: дау неден басталды?

Канье Уэсттің Алматыдағы концерті 2026 жылдың ең көп талқыланған мәдени оқиғаларының бірі болды. Әлемдік жұлдыздың Қазақстанға алғаш рет келуі үлкен қызығушылық тудырғанымен, концерттің айналасында бірқатар дау туды. Алдымен Орталық стадионға қатысты дау шықты, кейін билет сатылымы кейінге шегерілді. Ал концерт өтетін күні Алматыда электр жарығы жаппай өшіп, ауа райы күрт бұзылды. Соның салдарынан 14 тамызға жоспарланған шоу 15 тамызға ауыстырылды. Бірақ, концерт күні көпшілік ішке кіре алмағанын, билет құны қайтарылмағанын айтып шағымдануда. Сонымен қатар, концерттің шегерілуіне қатысты қазақ тілінде ақпарат берілмеуі көпшіліктің наразылығын тудырды.

Орталық стадион мәселесі

Концертке қатысты алғашқы түсініспеушілік шоуға бірнеше апта қалғанда пайда болды. «Қайрат» футбол клубы Telegram-дағы ресми парақшасында Кэни Уэсттің концерті Орталық стадионда өтетіні туралы ақпараттың клубпен келісілмегенін мәлімдеді.

Бұл мәселенің маңызы стадионның тек концерт алаңы емес, футбол клубының өз алаңындағы матчтарын өткізетін нысан болуында еді. Сондықтан концерттік және спорттық күнтізбені қатар үйлестіру қажет болды.

Билет сатылымы бір күнге кейінге шегерілгенін дәл осы «Қайраттың» мәлімдемесінен кейін ұйымдастырушылар хабарлады.

Кейін «Қайраттың» еурокубоктағы матчын басқа стадионда өткізу мәселесі қаралды. Кейін клубтың «Андерлехтпен» ойыны Түркістанда өтетіні белгілі болды.

Бұл жерде негізгі мәселе – концерттің болуы емес, бір ірі спорттық нысанды әртүрлі мақсатта пайдалануды алдын ала үйлестірудің қаншалықты маңызды екені.

Билет сатылымының тоқтатылуы нені көрсетті?

Концертке билеттерді сату бастапқы жоспар бойынша 20 шілдеде басталуы керек болған. Алайда «Қайраттың» мәлімдемесінен кейін ұйымдастырушылар сатылымды 24 сағатқа кейінге қалдырды.

Концерттің өзі сол кезде бұрынғыдай 14 тамызға жоспарланған күйінде қалған. Яғни билет сатылымындағы кідіріс концерт күнінің өзгергенін білдірмеген.

Бұл эпизод ұйымдастыру процесіндегі алғашқы белгісіздікті көрсетті. Көрермендер билет сатып алуға дайын болғанымен, шара өтетін нысанға қатысты мәселе әлі толық шешілмеген еді.

14 тамызда не болды?

14 тамызда концерт басталар алдында Алматыда электр жарығы жаппай өшті. Бұл қаладағы жағдайды қиындатқан негізгі факторлардың біріне айналды.

Жарықтың жаппай өшуі Алматыға ғана емес, бизнес пен қала инфрақұрылымына да әсер етті. Блэкаут концерт өтетін күнге дәл келді. Соған қарамастан, алғашқы кезеңде концерттің өтпейтіні туралы ресми шешім болмаған. Көрермендер стадионға жинала бастады. Кейін концерттің 14 тамызда өтпей, 15 тамызға ауыстырылғаны хабарланды. Стадионға келген көрермендерден алаңнан шығу сұралды.

Концерттің кейінге қалдырылуына қатысты ең маңызды түсіндірмені Кэни Уэсттің өзі берді.

Әртіс X әлеуметтік желісінде концерттің ауа райына байланысты 15 тамызға ауыстырылғанын жазған. Ол денсаулық пен қауіпсіздікті басты басымдық ретінде көрсетті.

«Алматылықтарға. Ауа райына байланысты бүгінгі концерт ертеңге ауыстырылады. Денсаулық пен қауіпсіздік – біздің басты басымдығымыз. Ертең кездескенше!» – деп жазды ол. 

Бір жағынан, қаладағы ауқымды электр ақауы, екінші жағынан, концерт өтетін уақытта ауа райының қолайсыз болуынан концерт кейінге қалды.

Концерт 15 тамызда сағат 21:00-де өтетіні және 14 тамызға сатып алынған билеттердің жаңа күнге жарамды болып қалатыны хабарланды.

Оқиғаның ең даулы тұстарының бірі – концертті кейінге қалдыру туралы шешімнің көрермендер стадионға жиналғаннан кейін жариялануы. Көрермендер стадионға келген, алайда кейін олардан алаңнан кету сұралды. Концерттің келесі күнге ауыстырылғаны сол кезде белгілі болды.

«Шоу ертең дәл осы уақытта өтеді. Өкінішке қарай, стадионнан шығуларыңызды сұраймыз. Ертең осы уақытта күтеміз. Рақмет», – деді концерт ұйымдастырушылары. 

Мыңдаған адам қатысатын шарада адамдардың бір бөлігі басқа қаладан немесе елден келуі мүмкін. Сондықтан концерт күні өзгерген жағдайда билеттен бөлек жол, қонақүй және әуе билеті сияқты шығындар да туындайды. Алайда бұл мәселе ашық күйінде қалды.

Ұйымдастырушылар қазақ тілінде ақпарат бермеген 

Концерт кейінге шегерілгеннен кейін көрермендерге стадионнан шығу туралы ақпарат ағылшын, орыс және түрік тілдерінде көрсетілген. Ал жарияланған суреттерге қарағанда, хабарламада қазақ тіліндегі нұсқа болмаған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. 

Threads қолданушыларының бірі: «Ұйымдастырушы Дана Қарағұсова адамдарды тез әрі қауіпсіз шығару керек болғанын, сондықтан қазақ тіліне уақыт болмағанын айтты. Алайда түрік тілін қолдануға уақыт табылды. Егер түрік тілі жақынырақ болса, концертті Түркияда өткізген жөн шығар.Сонымен қатар, Стамбұлда Канье Уэст концертіне билеттер әлдеқайда арзан болды.Ұйымдастырушылар «Тілдер туралы» заңның 21-бабын бұзған. Заң бойынша көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде берілуі керек, ал басқа тілдер қосымша қолданылуы мүмкін», – деп наразылық білдірді.

Билет сатып алса да, концертке кіре алмағандар көп

Концерттің бір күнге шегерілуі көрермендердің бәріне бірдей қолайлы болған жоқ. Көпшілік билет сатып алса да, ішке кіре алмағанына шағымданды. 

«Қазір стадионды айнала адамдар қоршап тұр. Бізге, қазақстандықтарға, осының бәрі өте өкінішті. Неге біз әр жолы өз елімізде әлемдік жұлдыздың концертіне кіре алмай, өзімізді бишара сезінуіміз керек? Оның үстіне стадионның жартысы бос тұр! Ал сыртта мыңдаған адам концертке кіре алмай, көңілі түсіп тұр. Неге бәрін дұрыс ұйымдастыруға болмады? Инвестор тауып, әкімдікпен келісіп, баға саясатын алдын ала ойластырып, концертті халық үшін шынымен қолжетімді етуге болмай ма?» –  деп жазды Threads-те manaliya есімді қолданушы. 

 «15 тамызда мен Freedom SuperApp арқылы Канье Уэсттің концертіне 198 мың теңгеге Bronze санатындағы билет сатып алдым. Концертке 22:01-де келіп, көрсетілген кіреберіске 22:08-де жеттім. Алайда билетімді тексермей, валидация аяқталғанын және кіреберіс жабық екенін айтты. Ұйымдастырушылар өкіліне жүгінсем де, мені концертке кіргізбеді. Нәтижесінде, жарамды билетім бола тұра, 198 мың теңгеге сатып алған қызметті пайдалана алмадым. Сондықтан ұйымдастырушылардан жағдайға түсініктеме беріп, билет құнын қайтаруды сұраймын», – деп жазды tulegen_e есімді қолданушы. 

«Бізде билетіміз болғанына қарамастан, концертке кіргізбеді. Концерттің бастапқыда кейінге шегерілуіне байланысты жұмыстан қайта сұранып, 40 минут кешігіп бардық. Алайда ұйымдастырушылар бізді кіргізбей, нақты түсініктеме де бермеді», – деп жазды nenil_727 есімді қолданушы.

«Бізді концертке кіргізбеді! Кеше сағат 18:00 шамасында келіп, жаңбыр астында ұзақ күттік. Концерт кейінге шегерілген соң, бүгін қайта келдік. Бірақ билетіміз бола тұра, бізді кіргізбеді.240 мың теңгеге билет алған мен неге концертке кіре алмаймын, ал блогерлер іште жүр?» – деп жазды lion.961231 есімді қолданушы.

Кейбір көрермен 15 тамызда концертке келе алмайтынын айтып, билет ақшасын қайтаруға тырысқанын жазды. Басылымның мәліметінше, кейбір сатып алушыларға Ticketon қолдау қызметі билетті қайтару мүмкін емес екенін айтып, оны өз бетінше қайта сатуды ұсынған.

Алайда кейін бұл мәселе бойынша құқықтық түсіндірмелер пайда болды. Адвокат Бауыржан Сералин желіде Алматыда Канье Уэсттің концерті кейінге шегерілгендіктен, шараға бара алмайтын қазақстандықтар билет ақшасын қайтаруды талап ете алатынын жазды. 

Оның айтуынша, ауа райының қолайсыздығы мен Алматыдағы электр жарығының өшуі автоматты түрде форс-мажор болып саналмайды. Әсіресе, ұйымдастырушылар концерт өтетін жерде электр жарығы болғанын хабарлаған.

Адвокат «билет қайтарылмайды» деген белгі сатып алушыны заңмен берілген құқығынан айырмайтынын айтады. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сәйкес, қызмет көрсету мерзімі бұзылса, тұтынушы шарттан бас тартып, ақшасын қайтаруды талап ете алады.

Сералин концертке бара алмайтын азаматтарға ұйымдастырушыға жүгініп, билеттің ақшасын қайтаруды және қажет болса, оны растайтын құжаттарды ұсынуды ұсынды.

Концерттен кейін тағы дау шықты

Шоу 15 тамызда Орталық стадионда өтті. Бірақ корнцерттен кейін тағы да шу шықты. 

«Шынымды айтсам, Канье концертін жамандағым келмеген, тіпті ұйымдастырушыларды аяған едім. Бірақ стадионның ішінде салют атқызу – мүлде дұрыс емес. Салюттың ыстық бөлігі әйелімнің көзіне түскен. Оны көзілдірігі қорғап қалды. Көзілдірігі болмағанда не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Оқиғадан кейін бір минут өткендегі видео бар. Ұйымдастырушылардан мұның қауіпсіз емес екенін айтып, тоқтатуды сұрадым. Бірақ тоқтатты ма? Жауабы түсінікті. Көңіл-күйіміз бұзылып, концерттен алған әсеріміз де, жұмсаған ақшамыз да ақталмады», –  деп жазды көрермен

«Канье Уэсттің концертіне қатысты барлық шағымды осы жерде жинайық. Мен бастайын. QR-код ұрланып, соның салдарынан адамдар концертке кіре алмады», –  деп жазды тағы біреу.

Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне байланысты көрермендермен қатар, іс-шара қауіпсіздігін қамтамасыз еткен қызметкерлер де шағым айтып жатыр. Threads желісіндегі жазба авторының айтуынша, 500-ге жуық күзетші атқарған жұмысы үшін әлі ақы алмаған.

Оның сөзінше, күзет қызметкерлері концерт тоқтатылғаннан кейін таңғы сағат 04:00-ге дейін есеп айырысуды күткен. Ал 15 тамызда шамамен 200 адам қайта жиналып, төлемді күткен.

«Концерт тоқтатылды, күзетке ақша төленбеді. Бұл – 500 адам. Таңғы 4-ке дейін төлемді күттік, бүгін сағат 14:00-ге дейін төлейміз деді, бірақ әлі жоқ», – деп жазды ол.

Жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар қызметкерлерді еңбекақысын талап етуге және еңбек инспекциясына жүгінуге шақырды. 

Қорыта айтқанда, Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне қатысты дау тек электр жарығының өшуі мен ауа райының қолайсыздығынан туындаған жоқ. Концертті ұйымдастыру барысында стадионды пайдалану, билет сатылымы, көрермендерді ақпараттандыру, қазақ тілінің қолданылуы және билеттердің қайтарылуы сияқты бірқатар мәселе көтерілді. Шоу өткеннен кейін де көрермендер мен қызметкерлердің шағымдары жалғасты. Бұл жағдай ауқымды халықаралық шараларды өткізуде ұйымдастырушылардың алдын ала жоспарлауы, қауіпсіздік пен көрермен құқықтарын қамтамасыз етуі және ақпаратты мемлекеттік тілде уақытылы ұсынуы маңызды екенін көрсетті. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз