Әлеуметтік желілердегі сөз бостандығы мен цензура

Қазақстанда бүгінде әлеуметтік желілер – ашық пікірлер алаңы мен жаңалық көзіне айналған. Кез келген адам бір постпен өз ойына мыңдаған адам назар аудара алады. Алайда соңғы уақытта бұл қауіпті бола бастады, сондықтан желі қолданушылары өзін-өзі цензуралауға мәжбүр. Неге? Youtz.kz  бұл сұраққа жауап іздеп көрді.

Қазақстанда 15 наурызда жаңа Конституция қабылданды, ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Ата заңның 23-бабы сөз бостандығына кепілдік береді. Яғни әр адам өз ойын еркін айтуға, ақпарат таратуға құқылы (мемлекеттік құпия болмаса). Сонымен қатар бұл бапта «цензураға тыйым салынады» деп нақты көрсетілген.

Жаңа Конституцияда не өзгерді

Алайда бұл толық еркіндік дегенді білдірмейді. Сол 23-баптың өзінде маңызды шектеу бар: сөз бостандығы қоғамға қауіп төндірмеуі тиіс. Мысалы, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этникалық, діни артықшылықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуды насихаттауға, сондай-ақ осындай әрекеттерді жасауға шақыруға жол берілмейді. 

Демек, еркіндік болғанымен, ол басқа адамдардың қауіпсіздігі мен құқықтарынан жоғары тұрмайды.

Қай жағдайда пікір заң бұзушылыққа айналады? Практикада бұл мәселе әлдеқайда күрделі.

Мысалы, адам әлеуметтік желіде жалған ақпарат жариялады делік. Мұндай әрекет заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұл жағдайлар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексімен» реттеледі:

  • 274-бап – жалған ақпарат тарату
  • 174-бап – араздық қоздыру

Кейде әрекет қылмыстық деңгейге жетпесе де, адам жауапкершіліктен құтылмайды. Мұндай жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс» қолданылады: қорлау немесе дәлелсіз ақпарат тарату айыппұлға әкелуі мүмкін.

Цензура қалай пайда болады

Енді ең даулы сұрақ: әлеуметтік желілерде цензура бар ма?

Ресми түрде – жоқ, себебі Конституция цензураға тыйым салады. Алайда көп жағдайда адамдар мемлекеттік цензура мен платформалардың ішкі ережелерін шатастырады.

Мысалы, «Meta Platforms» пен «TikTok» сияқты әлеуметтік желілер өздерінің ішкі саясаттарына сүйене отырып, жазбаларды өшіре немесе аккаунттарды бұғаттай алады. Бұл – мемлекеттік емес, платформалық реттеу.

Ал мемлекет араласқан кезде жағдай өзгереді. Интернеттегі контентті шектеу немесе бұғаттау «Ақпараттандыру туралы заң» негізінде жүзеге асырылады.

Бұл заңның 41-1-бабы белгілі бір жағдайларда интернет-ресурстарды шектеуге мүмкіндік береді. Бірақ мұндай әрекеттер міндетті түрде заңды негізге сүйенуі тиіс.

Соңғы жылдары мемлекет әлеуметтік желілермен өзара әрекеттесуді күшейтті. Бұл 2023 жылғы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңнан анық көрінеді.

Осы заңның нәтижесінде ірі платформалар Қазақстанда өкілдік ашып, заңсыз контентті жою талаптарына көбірек көңіл бөле бастады. Бұл жағдай тағы бір құбылысты туындатты – өзін-өзі цензуралау. Көптеген адамдар заң бұзып алудан қауіптеніп, даулы тақырыптарды талқылаудан қашқақтай бастады.

Әсіресе «жалған ақпарат тарату» немесе «араздық қоздыру» сияқты баптардың нақты шекарасы әрдайым айқын бола бермейді.

Бұл мәселені халықаралық ұйымдар, соның ішінде Human Rights Watch пен Amnesty International да бірнеше рет көтерген.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз