Махатма Ганди кім және ол әлемді қалай өзгертті?

2 қазан – ХХ ғасырдың ең танымал қоғам және саяси қайраткерлерінің бірі Махатма Гандидің туған күні. Ганди саяси күреске ерекше көзқарасымен тарихта қалды: ол қарулы қақтығыстың орнына зорлық-зомбылықсыз қарсылықты, жаппай наразылықтарды және азаматтық бағынбауды таңдады. Оның бұл тәсілі Үндістанның тәуелсіздік қозғалысында маңызды рөл атқарып, кейін әлемнің түрлі елдеріндегі қоғамдық қозғалыстарға ықпал етті. 

Гандидің дүниетанымының негізінде ақиқат, зорлық-зомбылықсыздық, өзін-өзі шектеу және моральдық жауапкершілік ұғымдары тұрды. Оның көзқарастарының қалыптасуына үнді діни-философиялық дәстүрі, Оңтүстік Африкадағы үнділердің құқықтары үшін күрес тәжірибесі және онымен тікелей хат алмасқан Лев Толстойдың идеялары әсер етті.

Сатьяграха

Гандидің өзі «Менің ақиқатпен тәжірибелерімнің тарихы» атты автобиографиялық кітабында, қоғам қайраткері ретіндегі алғашқы маңызды қадамдары Үндістанда емес, Оңтүстік Африкада басталғанын айтқан. 1893 жылы ол заңгер ретінде сол елге барып, үнді халқына қатысты нәсілдік кемсітушілікке тап болды. Осы тәжірибе оны әділетсіздікке физикалық күшпен емес, басқа жолдармен қарсы тұру тәсілдерін іздеуге итермеледі.

Оңтүстік Африкада Ганди кейін өзінің көзқарасының негізгі ұғымдарының біріне айналған сатьяграха қағидасын қалыптастыра бастады. Бұл ұғымды «ақиқаттың күші» немесе «ақиқатқа табандылық» деп аударуға болады. Гандидің өзі сатьяграханы пассивті қарсылықпен теңестірмеді. Сатьяграха әділетсіз жүйемен ынтымақтастықтан бас тартуды, бойкотты, бейбіт шерулерді, азаматтық бағынбауды және өз әрекеттерінің салдарын қабылдауға дайын болуды қамтыды. 

«Мен үшін әрқашан жұмбақ болды: адамдар өздерін қалай құрметтеп, ал басқаларды тоқтамай қорлай алады».

Бұл ретте қарсыласқа деген жеккөрушіліктің болмауы принципті мәнге ие еді. Ганди әділетсіздікпен күресу қажет деп санады, бірақ оны қолдайтын адамды жою міндетті емес деп түсінді. Оның ойынша, әділетті қоғамды әділетсіз әдістер арқылы құру мүмкін емес. Егер азаттық қозғалысы зорлық-зомбылыққа зорлық-зомбылықпен жауап берсе, онда ол өзі қарсы шыққан қарым-қатынас жүйесін қайта өндіруі мүмкін.

Үндістанның тәуелсіздігі үшін күрес

1915 жылы Үндістанға оралғаннан кейін Ганди біртіндеп тәуелсіздік қозғалысының басты көшбасшыларының біріне айналды. Ол шаруалар мен жұмысшыларды қолдады, әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың мәселелерін көтерді, «қол сұғылмайтындар» деп аталған касталық кемсітушілікке қарсы шықты және жергілікті өндірісті дамытуға шақырды.

1920 жылы Ганди британдық әкімшілікпен ынтымақтастықтан бас тарту қозғалысының бастамашыларының біріне айналды. Ол британдық тауарлар мен мекемдерге бойкот жариялауға және отандық өндірісті қолдауға шақырды. Қолмен жіп иіру мен жергілікті матаны пайдалану осы саясаттың көрінісі.

«Әдетте, үмітім үзілгенде, тарихтан көптеген оқиғаларды есіме түсіремін. Ғасырлар бойы шындық пен махаббат әрқашан жеңіске жеткен. Иә, тарихта көптеген құдіретті тирандар болған, бірақ соңында олардың бәрі сәтсіздікке ұшыраған. Мұны қиын кезеңдерде есіңізде ұстаңыз». 

Ганди экономикалық тәуелсіздікті саяси еркіндікпен байланыстырды. Оның түсінігінде, отарлық экономикалық жүйеге тәуелді адам саяси тұрғыдан да толық еркін бола алмайды. Бұл жайлы оның «Үндістанның өзін-өзі басқаруы» атты еңбегінде айтылады.

Оның стратегиясының ең белгілі көріністерінің бірі 1930 жылғы Тұз жорығы болды. Британ билігі тұз өндірісі мен саудасын бақылап, оған салық салды. Ганди жақтастарымен бірге Сабармати ашрамынан Данди жағалауына дейін шамамен 385 шақырым жүріп өтіп, 6 сәуірде теңіз суынан тұз алу арқылы британдық тұз заңын символикалық түрде бұзды: тұз сияқты күнделікті өмірге қажетті қарапайым өнімге қатысты заңды бұзу бүкіл елге тараған азаматтық бағынбау қозғалысының белгісіне айналды.

«Менің патриотизмім бір ғана ұлтпен шектелмейді; ол барлығын қамтиды және мен бір ұлттың әл-ауқатын басқаларды қанауға негіздейтін патриотизмнен бас тартуға дайынмын». 

Сонымен бірге Ганди қозғалыстың қарулы қақтығысқа айналуына үзілді-кесілді қарсы болды. 1922 жылы Чаури-Чаурада наразылық білдірушілер полиция қызметкерлерін өлтіргеннен кейін ол ынтымақтастықтан бас тарту науқанын тоқтатты. Оның түсінігінде саяси мақсат зорлық-зомбылық принципінен бас тартуды ақтай алмайтын.

Ганди өмірінің соңғы жылдарында діни қақтығыстарға қарсы белсенді түрде шықты. 1947 жылы Үндістан тәуелсіздік алғаннан кейін елдің Үндістан мен Пәкістанға бөлінуі индуистер мен мұсылмандар арасындағы жаппай қақтығыстарға ұласты. Ганди қақтығыс аймақтарына барып, зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды және қоғам мен саяси көшбасшыларға моральдық қысым жасау құралы ретінде аштық жариялауды қолданды. Оның түсінігінде діни қауымдар арасындағы бейбітшілік зорлық-зомбылықсыздық қағидасының тікелей жалғасы болды.

Толстой және Ганди

Гандидің интеллектуалдық қалыптасуында Лев Толстойдың орны ерекше болды. Үнді ойшылы Толстойдың шығармаларымен Оңтүстік Африкада жүрген кезінде танысты. Әсіресе оған орыс жазушысының «Құдай патшалығы өзіңіздің ішіңізде» еңбегі әсер етті.

Толстой мемлекеттік зорлық-зомбылықты, мәжбүрлеуді және соғысты сынап, зұлымдыққа зорлық-зомбылықпен қарсылық көрсетпеу қағидасын қорғады. Бұл идеялар нәсілдік кемсітушілік пен отарлық үстемдікке қарсы өзінің күрес тәсілін іздеп жүрген Гандиге жақын болды.

1909 жылы Ганди Толстойға хат жазып, Оңтүстік Африкадағы үнділердің жағдайы мен олардың күресі туралы баяндады. Толстой оған жауап беріп, олардың қарсылығына қызығушылық танытты. Толстойдың 1909 жылғы 7 қазандағы Гандиге жазған хатының түпнұсқа мәтіні оның «Хаттар. 1909 жылдың шілде–желтоқсаны» атты толық шығармалар жинағында сақталған.

Толстой бұл хатында Трансваальдағы үнділердің күресін атап өтіп, «жұмсақтың қаттыға, кішіпейілділік пен махаббаттың тәкаппарлық пен зорлыққа қарсы күресі» туралы жазды. Ол Гандидің өзіне жолдаған хатынан алған әсерін білдіріп, оның күресін моральдық тұрғыдан маңызды деп қарастырды.

Ганди мұрасы

Ганди 1948 жылғы 30 қаңтарда Нью-Делиде қастандық салдарынан қаза тапты. Алайда оның ойлары Үндістан шекарасынан әлдеқайда асып кетті. Зорлық-зомбылықсыз қарсылық қағидалары АҚШ-тағы азаматтық құқықтар қозғалысының көшбасшысы Мартин Лютер Кинг кіші сияқты қайраткерлердің қызметімен байланыстырылады. 

1982 жылы атақты режиссер Ричард Аттенборо Ганди туралы 3 сағаттық эпикалық фильм түсірді. Басты рөлді атақты Бен Кингсли сомдады. Фильм «Оскар» сыйлығының 8 номинациясында жеңіске жеткен.

Сонымен қатар «Менің әкем – Ганди» мен «Мен Гандиді өлтірген жоқпын» сияқты туындылар жарық көрген.

Ганди мұрасының негізгі сұрағы бүгін де өзекті: әділетсіздікпен күресіп, сонымен бірге сол әділетсіздіктің әдістерін қайталамауға бола ма? Гандидің жауабы анық болды. Оның түсінігінде еркіндік өшпенділікке, ал әділеттілік зорлық-зомбылыққа негізделмеуі керек. Саяси күрес жеке жауапкершіліктен, ал қоғамдағы өзгеріс адамның өзінен басталуы тиіс.

28 қыркүйекте Мұхтар Әуезовтің туғанына 129 жыл толды. Осыған орай Youth.kz Мұхтар Әуезов шығармашылығы жайлы жазған. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз