Шерхан Мұртаза: сөздің салмағын сезінген қаламгер
28 қыркүйекте, атақты Мұхтар Әуезов пен Оралхан Бөкеймен қатар, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, журналист әрі қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза дүниеге келген. Қаламгердің шығармаларында адам тағдыры, анаға деген махаббат, әділетсіздік, ар-ұят, қанағат, ел мен жер алдындағы жауапкершілік сияқты мәселелер қатар өріледі. Youth.kz сіздерді ұлттық әдебиеттің дамуына орасан зор үлес қосқан жазушыны еске алуға шақырады.
Шерхан Мұртаза есімі ең алдымен «Қызыл жебе» роман-эпопеясымен байланысты. Бірнеше кітаптан тұратын бұл шығармада Тұрар Рысқұловтың тағдыры арқылы ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ қоғамының күрделі кезеңі көрсетілген: Тұрардың балалық шағы, әкесі Рысқұлдың тағдыры, білімге ұмтылысы мен әділет іздеуі арқылы жазушы адамның қалыптасуына орта мен тарихи жағдайдың қаншалықты әсер ететіні.
«Қызыл жебеде» Рысқұл мен Тұрардың қарым-қатынасы арқылы әкенің тағдыры баланың дүниетанымына қалай әсер ететіні көрінеді. Ал кейінгі «Ай мен Айша» романында жазушы бұл тақырыпты басқа қырынан жалғастырып, ана бейнесіне назар аударады. Яғни, Мұртазаның шығармашылығында ата-ана мен бала тақырыбы ерекше орын алған.
«Ай мен Айша» – Шерхан Мұртазаның анасына арналған ең маңызды шығармаларының бірі. adebiportal.kz пікірінше, романдағы Айша бейнесі – жазушының өз анасы, ал Барсхан – автордың бала күнгі бейнесі. Соғыс, жоқшылық, әкесінен айырылу, баланың ерте есейуі сияқты оқиғалар арқылы шығарма жеке отбасының тарихынан асып, тұтас ұрпақтың тағдырын көрсетеді. Романды жазушының балалық шағына қайта оралуы деуге де болады. Оның алғашқы жолдарында кездесетін «Мен Балалықтың елінен келдім» деген ой бүкіл шығарманың эмоционалдық өзегіне айналған.
«Ай мен Айшадағы» ең әсерлі нәрсенің бірі – ананың отбасы үшін күресі. Айша ауыр жағдайға қарамастан балаларын асырап, олардың болашағы үшін жауапкершілік алады. Шығармадағы ана бейнесі қиын кезеңде отбасының тірегіне айналған қазақ әйелінің жинақталған бейнесіндей көрінеді.
Ал «Бір кем дүние» кітабында Шерхан Мұртазаның ойлау мәнері мүлде басқа қырынан ашылады. Мұнда жазушы шағын оқиғалар, мысалдар мен бақылаулар арқылы қоғамдағы кемшіліктерді, адамның ашкөздігін, әділетсіздікті, ұят пен қанағаттың маңызын сөз етеді. Кітаптың атауының өзі жазушының дүниетанымын білдіреді: адам өмірінде бәрі түгел болуы мүмкін емес. Бір нәрсе жетпей тұрады. Мұртаза осы «кемдікті» жеке адамның да, қоғамның да бойынан іздейді.
Жазушының бір керемет ойы адамның тойымсыздығы мен ашкөздігіне қарсы қойылады. Мысалы, ол қанағат туралы былай жазады:
«Адалдықтың қазығы – қанағат.
Бір кем дүние – зор кем дүние».
Мұртаза үшін байлықтың өзі адамға бақыт әкелетін өлшем емес. Ол «Бір кем дүниеде» алтын туралы ой қозғап:
«Алтын өзі тотықпайды, адамдардың жанын тотықтырады», – деп жазады.
Жазушының қоғамға көзқарасында әділет мәселесі де өткір қойылады. «Бір кем дүниеде» ол заң мен әлеуметтік теңсіздік туралы:
«Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді», – деп автор қоғамдағы әділетсіздікке деген көзқарасын қысқа метафора арқылы жеткізеді.
Жазушының қаламгерлік болмысын оның журналистік қызметінен де бөліп қарау қиын. 1959-1969 жылдары Мұртаза хат-хабарлар, фельетондар, рецензиялар, эсселер және басқа да журналистік материалдар жариялап, кейінірек бірнеше республикалық газеттер мен журналдарды басқарды. Бірақ журналистикасында да, көркем шығармаларында да ортақ бір ұстаным – сөздің қоғам алдындағы жауапкершілігінде.
e-history.kz баяндауынша, Шерхан Мұртаза талантты жастарды қолдауымен танымал болды. Шығыста жұмыс істеген кезінде Оралхан Бөкейді, оңтүстікте Мұхтар Шахановты, Атырауда жас ақын Фариза Оңғарсынованы қолдады (жақында ол туралы сериял түсірілді).
Шерхан Мұртазаның жазушы ретіндегі күші – үлкен мәселелерді кейде қарапайым ғана мысал арқылы түсіндіруінде. Ол адам мінезіндегі ашкөздік, немқұрайлылық, сатқындық немесе жалғандық туралы ұзақ теориялық түсініктеме бермей, бір оқиғаның немесе бір ауыз сөздің көмегімен ой тастайтын.
Сондықтан, оның әдеби шығармалары мен ойлары халқымыз үшін әрқашан да өзекті болып қалады. Себебі жазушының «бір кем дүниесі» әлі де аяқталған жоқ – адамның қанағаты, қоғамның әділеті, тілдің тағдыры, ұят пен жауапкершілік туралы сұрақтар бүгін де өзекті.
Бұған дейін Youth.kz конференцияларды қайдан табуға болатынын және қатысу үшін не қажет екенін мақалада баяндаған.