Мәжіліс рақымшылық туралы заңды қабылдады

Сәрсенбіде өткен мәжілістің жалпы отырысында жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжаттар бірінші оқылымда мақұлданды. 

Кімдерге рақымшылық жасалады

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, бұл жолғы рақымшылықтың басты ерекшелігі – Қазақстан тарихында алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылықтың да қатар жүзеге асырылады.

«Бұл – қателік жіберген, бірақ өз ісіне өкініп, түзелу жолына түскен азаматтарға мемлекет тарапынан жасалған кезекті ізгілік актісі», – деді депутат.

Заң жобасы бойынша, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар және зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген шығынды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар бойынша қозғалған істер тоқтатылуы мүмкін. Сонымен қатар осындай санаттағы қылмыстар үшін сотталған азаматтарды жазадан босату қарастырылған.

Бұдан бөлек, орташа ауыр, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жазасының өтелмеген мерзімін қысқарту ұсынылып отыр.

«Рақымшылық шамамен 16,5 мың сотталған адамды қамтуы мүмкін. Оның ішінде 5 мыңнан астамы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатса, 10 мыңға жуығы пробациялық бақылауда тұр. Әрбір сотталғанға қатысты түпкілікті шешімді сот жеке тәртіппен қабылдайды. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдарға бостандыққа шығатын азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және қоғамға қайта кіріктіру бойынша міндеттер жүктеледі», – деді ол.

Сонымен қатар, әкімшілік рақымшылық жасау да ұсынылып отыр.

Бұл бастамаға сәйкес, Қазақстан азаматтары – жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және заң кеңесшілерін салынған айыппұлдардан толық босату жоспарланған. Сондай-ақ 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған және заң күшіне енген сәтке дейін орындалмаған әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша айыппұлдар да кешіріледі. 

Алайда бұл амнистия соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға қолданылмайды. Сонымен бірге рақымшылыққа кірмейтін әкімшілік құқықбұзушылықтардың нақты тізімі де заң жобасында көрсетілген, – деп нақтылады Абзал Құспан.

Жалпы алғанда, 1 миллионнан астам айыппұлды, яғни 17 млрд теңгеден асатын соманы кешіру жоспарланып отыр. Алдын ала болжам бойынша, рақымшылыққа шамамен 16 500 адам ілігуі мүмкін.

Кімдердің жазасы кешірілмейді

Алайда рақымшылық барлық сотталғанға бірдей қолданылмайды. Сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптау, қайталанған қылмыстар және қоғамдық қауіптілігі жоғары өзге де құқық бұзушылықтар жасаған адамдар рақымшылыққа ілікпейді.

Журналистер Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтен бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов, экс-министр Қуандық Бишімбаев және қоғам белсендісі Перизат Қайрат рақымшылыққа іліге ме деп сұрады.

«Сіздер атаған тұлғаларға қатысты менің жауабым – үзілді-кесілді жоқ. Қылмыстық кодекстің 78-бабы терроризм, экстремизм, мемлекетке опасыздық, сыбайлас жемқорлық қылмыстары және қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар үшін сотталғандарға рақымшылық қолдануға тыйым салады», – деді ол.

Пікір үшін сотталғандарға рақымшылық жасау 

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен желіде жазған пікірі үшін сотталғандарға рақымшылық жасауды ұсынды.

Зайытов әріптес депутаттарды батылдық танытып, Қылмыстық кодекстің 274-бабы (көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотталған адамдарға да рақымшылық жасауды талап етуге шақырды.Оның айтуынша, мемлекеттік органдар бұл бапты рақымшылық жобасына енгізуге асықпай отыр, бірақ депутат мұны қате шешім деп санайды.

«Бұл жерде мас күйінде көлік жүргізу сияқты құқықбұзушылықтар туралы айтып отырғанымыз жоқ. Бізде өкінішті жағдайлар бар. Адамдар әлеуметтік желідегі пікірлері үшін ғана сотталып жатады», – деді депутат.

Медиасалада Қылмыстық кодекстің 274-бабы бұрыннан «журналистік бап» деп аталып келеді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде CPJ бұл бапты жылдар бойы қылмыстық жауапкершіліктен алып тастауды талап етіп жүр, себебі оның тұжырымдары тым кең әрі нақты емес. Соның салдарынан бұл бап журналистерге немесе блогерлерге қарсы оңай қолданылып кетуі мүмкін, тіпті оларды тергеуге алып, қамауға дейін жеткізуі ықтимал. 

Жуырда Астанада журналист Ботагөз Омароваға 274-бап бойынша әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, ол үйқамаққа алынған болатын. Кейін журналист жазбасын теріске шығарған соң, бұл іс тоқтатылды.

Мас күйінде көлік жүргізгендерді кешіру керек пе?

Мәжіліс отырысында  ең қызу талқыланған мәселелердің бірі мас күйінде көлік жүргізгендерге рақымшылық жасау мәселесі болды. Депутат Николай Арсютин әкімшілік рақымшылық аясында жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін екі есе қысқартуды ұсынды. 

«Қоғамда және парламент қабырғасында бұл мәселе бойынша көп пікірталас туындайды. Бұл бапты жеңілдетуді қолдайтындар да, қарсы шығатындар да бар. Мен бұл бап бойынша толық рақымшылық жасауды ұсынбаймын. Бірақ ең болмағанда жазаны азайтуға болар еді. Мысалы, жазаның жартысынан көбін өтегендер үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін 4 жылға дейін қысқарту сияқты», – деді депутат.

Депутат бұл бастаманы бұрын да көтерген. 

«Жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру – әлемдегі ең қатаң жазалардың бірі. Сонымен қатар бұл норма құқық бұзушылықтың ауырлығын, жол апатының болмауын, алкоголь деңгейінің ең төмен болуын ескермейді», – деген болатын депутат.

Алайда Ішкі істер министр  орынбасары Санжар Әділов бұл мәселе бойынша министрліктің ұстанымы өзгермегенін жеткізді.

«Алкоголь немесе есірткі мас күйінде көлік құралын басқару азаматтардың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіп төндіреді және ауыр жағдайларға әкеп соғатын  жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі. Биылғы жылдың бес айында ғана мас жүргізушілердің кінәсінен 144 жол апаты болып, 4 адам қаза тапты, 212 адам жарақат алды. Өткен жылы 673 жол апаты болып, 56 адам қаза тапты, оның ішінде бір бала бар», – деді Әділов.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында 2 мыңнан астам адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босатылған болатын. 

Олардың ішінде әйелдер мен кәмелетке толмағандар да бар. 11 мыңнан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Пробация есебінде тұрған 2 888 адам жазадан босатылып, 7 600-ден астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды. Рақымшылыққа кәмелетке толмағандар, баласы бар әйелдер, жүкті әйелдер, мүгедектер және қарт адамдар ілікті.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз