1 қыркүйектен бастап Алматыдағы көліктер жаңа тәртіппен тексеріледі
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Алматыда автокөліктердің экологиялық талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Бұл талап көлік иелері жоспарлы техникалық байқаудан өткен кезде міндетті болады. Жаңа тәртіп кімдерге қатысты, тексеруден алдын ала өту қажет пе және көліктерді қай жерде тексеруге болатынын анықтадық.
1 қыркүйектен бастап не өзгереді?
Жаңа тәртіптің қалай жұмыс істейтіні туралы LEZ жобасының үйлестірушісі Дулат Маратов Алматының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді. Брифинг өңірлік коммуникациялар қызметінің Youtube арнасында көрсетілді.
LEZ (Low Emission Zone) – шығарындылары төмен аймақ дегенді білдіреді. Жобаның негізгі мақсаты – Алматыдағы экологиялық жағдайды және ауа сапасын жақсарту.
Қазір Алматыдағы LEZ жүйесі пилоттық, яғни сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Сондықтан, әзірге көліктерге ешқандай шектеу қойылмайды және айыппұл салынбайды.
Дулат Маратовтың айтуынша, жаңа талап бензинмен, газбен және дизель отынымен жүретін көліктердің барлығына қатысты болады.
Экологиялық тексеруден өту көліктің кезекті жоспарлы техникалық байқауынан өту үшін міндетті шартқа айналады.
Маман техникалық байқау мен экологиялық тексерудің екі түрлі процедура екенін айтты.
«Міндетті техникалық байқау көліктің жалпы техникалық жағдайын тексеруге бағытталған. Ал техникалық тексеру СТ РК 1433-2023 стандартына сәйкес көліктен шығатын зиянды заттардың деңгейін анықтау үшін жүргізіледі. Бензин және газбен жүретін көліктердің пайдаланылған газдарының уыттылығы, ал дизельді көліктердің түтін шығару деңгейі тексеріледі», – деп түсіндірді Дулат Маратов.
Яғни, экологиялық тексеру кәдімгі техникалық байқаудың орнын баспайды.
Алайда, 1 қыркүйектен бастап көлік иесі кезекті жоспарлы техбайқаудан өту үшін экологиялық тексеруден де өтуі керек.
Тексеруден қазір өту керек пе?
Көлік иелеріне қолданыстағы техникалық байқаудың мерзімі аяқталғанға дейін арнайы экологиялық тексеруден өту қажет емес.
Жаңа талап кезекті техбайқаудан өту мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін келетін көліктерге қатысты.
Егер жүргізуші техбайқаудан 1 қыркүйекке дейін өтіп қойған болса, оның құжаты белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады.
Сондықтан, қайтадан техбайқаудан өтуге немесе көлікті алдын ала экологиялық тексеруге апарудың қажеті жоқ.
Көліктер қай жерде тексеріледі?
Кәдімгі техникалық байқауды бұрынғыдай жұмыс істеп тұрған кез келген техникалық тексеру орталығында өтуге болады.
Ал экологиялық тексеруді тек арнайы аккредиттелген станцияларда жүргізеді. Мұндай орталықтарда қажетті сертификатталған жабдық болуы және бірыңғай ақпараттық жүйеге қосылуы керек.
Жүргізушілер осындай станциялардың бірінде техникалық байқаудан да, экологиялық тексеруден де бірден өте алады.
Экологиялық тексеру жүргізуге рұқсаты бар станциялардың тізімі Almaty Parking сайтында жарияланады.
Алматыдағы LEZ аймағы қай жерде орналасқан?
Қазақстандағы алғашқы LEZ аймағы 2026 жылғы 28 сәуірде Алматының орталығында пилоттық режимде іске қосылды.
Ол Богенбай батыр көшесінің оңтүстігі, Абай даңғылының солтүстігі, Желтоқсан көшесінің шығысы және Достық даңғылының батысы арасындағы аумақты қамтиды.
Пилоттық жоба 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Қазір бұл аумақта көліктердің қозғалысына шектеу қойылмайды, айыппұл салынбайды және көлікпен кіру ақылы емес.
Бұған дейін Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев LEZ аумағында болашақта экологиялық талаптарға сай келетін көліктер ғана жүре алатынын айтқан еді. Мысалы, көліктің экологиялық стандарты Еуро-5-тен төмен болмауы мүмкін.
Сонымен қатар, ол 2026 жылы Алматыға көлікпен кіру үшін ақы алынбайтынын мәлімдеді. Мұндай талапты енгізу үшін Экологиялық кодекске өзгеріс енгізу қажет.
Қанша көлік экологиялық талапқа сай келмеген?
Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереевтің айтуынша, мобильді экологиялық зертханалар 2,5 мыңнан астам көлікті тексерген.
Тексеру кезінде 714-тен астам көліктен белгіленген нормадан жоғары зиянды шығарындылар анықталған.
Сонымен қатар, 19 тұрақты экологиялық бекетте 116 мыңнан астам өлшеу жүргізілген. Нәтижесінде белгіленген көрсеткіштерден асып кеткен 13 мыңнан астам жағдай тіркелген.
Мамандардың айтуынша, Алматыдағы ауаның ластануына көлік қана себеп емес.
Ауа сапасына жеке сектор, энергетикалық нысандар, өнеркәсіп кәсіпорындары және қатты немесе сұйық отын пайдаланатын кейбір кәсіпкерлік нысандар, соның ішінде моншалар, автосервис орталықтары мен кәуап сататын орындар да әсер етеді.
LEZ аумағындағы көліктер қалай бақыланады?
Көліктердің LEZ аймағына кіруі автоматты түрде бақылануы мүмкін. Арнайы камералар көліктің мемлекеттік нөмірін анықтап, оның экологиялық тексеруден өткен-өтпегенін және тексеру нәтижесін жүйе арқылы тексереді.
LEZ аумағының шекарасына арнайы блокпосттар мен шлагбаумдар қойылмайды.
Көлік иесіне аймаққа кіргені туралы SMS-хабарлама жіберілуі мүмкін. Ал экологиялық талаптарды орындамаған көлікке кейін айыппұл салу қарастырылған.
Сонымен бірге, қала тұрғындарынан ескі көліктерді сатып алу мәселесі әзірге қаралып жатыр. Бұл үшін қанша қаражат бөлінетіні пилоттық жобаның нәтижесі белгілі болғаннан кейін анықталмақ.
Алматы орталығына ақылы кіру енгізіле ме?
2025 жылғы 30 желтоқсанда Алматы мәслихаты «Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын» бекітті.
Құжатта төрт негізгі бағыт қарастырылған:
- Автокөліктерді пайдалануға қойылатын арнайы экологиялық талаптар;
- III санатқа жататын нысандарға қойылатын экологиялық талаптар;
- Экологиялық талаптардың сақталуын бақылау және заң бұзушылықтарды анықтау;
- Шығарындылары төмен аймақты (LEZ) енгізу және ұйымдастыру.
Қазіргі уақытта Алматыдағы LEZ жобасы сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Оның нәтижесіне қарай алдағы уақытта қандай шектеулер енгізілетіні шешіледі.