Қазақстанда «Президент туралы» заң қабылданды
Парламент депутаттары «ҚР Президенті туралы» жаңа заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат жаңа Конституция талаптарына сәйкес әзірленіп, президенттік биліктің жұмысын қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретіндегі мәртебесін нақтылайды. Youth.kz президент туралы жаңа және бұрыңғы заңдарды салыстырады.
Жаңа заңда не өзгерді
Заңға сәйкес, президент мемлекет пен халық бірлігінің, Конституцияның тұрақтылығының, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде айқындалады. Кезектен тыс президент сайлауын өткізу тетігінің алынып тасталуына байланысты, президентті сайлау, ант қабылдау және өкілеттік мерзімін жүзеге асыру тәртібіне өзгерістер енгізілген.
Сонымен қатар, президентке бас прокурорды, Конституциялық соттың төрағасы мен төрешілерін, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын, Ұлттық банк басшысын, Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін, Жоғары аудиторлық палатаның өкілдерін, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің басшысын тағайындау құқығы беріледі. Жоғарғы сот төрағасы Жоғары сот кеңесінің ұсынысымен тағайындалады.
Құрылтайдың келісімі арқылы ппрезидент вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 төрешісін, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 өкілін және Жоғарғы сот судьяларын тағайындай алады.
Заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі – вице-президент институтының енгізілуі. Құжатта оның құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктері белгіленген. Вице-президент президент тапсырмасы негізінде Құрылтаймен, үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен өзара жұмыс жүргізеді.
Президентке туралы бұрыңғы заңдар
Қазақстандағы президенттік билік институтының қалыптасуы бірнеше кезеңнен өтті. Тәуелсіздік алғаннан кейін елде мемлекеттік басқару жүйесін құқықтық тұрғыдан бекіту қажеттілігі туындаған. Осы мақсатта президенттің мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын бірқатар конституциялық заңдар қабылданған болатын. Кейін бұл жүйе «Елбасы» институтының пайда болуымен толықтырылып, уақыт өте келе қайта реформаланды.
1995 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң тәуелсіз Қазақстандағы президенттік институттың негізгі құқықтық іргетасына айналған. Құжатта президенттің мемлекет басшысы ретіндегі мәртебесі, оның өкілеттіктері мен мемлекеттік билік жүйесіндегі орны нақты белгіленген. Бұл заң елдегі саяси тұрақтылық пен орталықтандырылған басқару моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.
2000 жылы Қазақстанда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» Конституциялық заң қабылданды. Аталған құжат Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы құқықтық кепілдіктер мен айрықша мәртебе берді. Кейін бұл заң қоғамда «Елбасы туралы заң» деген атаумен кеңінен танылған. Заң Тұңғыш президенттің саяси ықпалын институционалдық деңгейде бекітіп, оның мемлекет өміріндегі ерекше орнын айқындады.
2010 жылғы 14 маусымда қабылданған № 289-IV Конституциялық заңға сәйкес, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» ұғымына «Елбасы» деген ресми мәртебе бекітілді. Осы өзгерістерден кейін тұңғыш президентке өмір бойы бірқатар саяси және құқықтық артықшылықтар берілген. Атап айтқанда, оған қауіпсіздік кепілдіктері, мемлекеттік шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі және бірқатар иммунитеттер қарастырылды. Бұл кезең Қазақстандағы суперпрезиденттік басқару моделінің күшейген уақыты ретінде сипатталады.
2012 жылы заңға қосымша толықтырулар енгізіліп, Елбасының мемлекеттік сыйлықтар мен ерекше мәртебесіне қатысты нормалар кеңейтілді. Соның ішінде оған «Халық қаһарманы» атағы мен арнайы мемлекеттік марапаттарға байланысты құқықтық нормалар бекітілді. Бұл өзгерістер Елбасы институтының саяси маңызын одан әрі арттырды.
Алайда 2022 жылдан бастап Қазақстанда ауқымды конституциялық реформалар жүргізіле бастады. Осы реформалар аясында Конституциядан «Елбасы» туралы барлық нормалар алынып тасталды. Бұл өзгеріс мемлекет басқаруындағы жеке тұлға ықпалын азайтуға бағытталды.
Реформалардың логикалық жалғасы ретінде 2023 жылы «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші ресми түрде жойылды. Осылайша Қазақстан заңнамасында «Елбасы» мәртебесі толық тоқтатылып, президенттік институт жаңа саяси модель аясында қайта құрылды.