Лондондағы беделді ауданның мэрі болған Санжар Әбішев кім?

Қазақстан тумасы 33 жастағы Санжар Әбішев Лондонның Сент-Джеймс ауданының мэрі болып сайланды. Ал ол бұл дәрежеге қалай жетті және қандай отбасыдан шыққан? Youth.kz осыны анықтауға тырысты.   

Қазақ отбасынан шыққан, Ұлыбритания элитасында туыстары мен байланысы жоқ жас жігіт білім, тәртіп және табанды еңбегінің арқасында Лондондағы беделді  St. James ауданының мэр болды, деп жазады БАҚ.  

Қазақстандық кәсіпкер әрі Kusto Group компаниясының тең құрылтайшысы Қанат Көпбаевтың Көпбаевтың айтуынша, Санжар оның досының ұлы.

«Менің ескі досым, кәсіпкер Азат Әбішевтың ұлы Санжар небәрі 33 жаста. Лондондағы атақты Malvern колледжін, сосын университет бітіріп, енді қалалық Westminster City council атқарушы органына мүше болып енді. Ол Ұлыбританияның консервативтік партиясынан сайлауға түсіп, шамамен 2,3 мың дауыс ішінен қарсыласынан 350 дауыс артық жинаған», – деп жазды ол.

Жаңа мэр туралы не белгілі?

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, Санжар Әбішев бизнес пен саясатта елеулі жолдан өткен. Ол беделді Malvern колледжін және Ұлыбританиядағы университетті тәмамдаған. 2016 жылдан бері ірі әлемдік брендтермен жұмыс істейтін Blue Swallow Group маркетинг агенттігін басқарады. Сонымен қатар, қайырымдылықпен айналысады 2015 жылы әлеуметтік жобаларды қолдауға арналған ұйым құрған.

Консервативтік партияның белсенді мүшесі. 2024 жылы Сент-Джеймс партиялық округінің төрағасы қызметіне тағайындалған, ал 2022 жылдан бастап қоғамдық жұмыстарға және халықпен кездесулерге белсенді қатысып келеді.

Сент-Джеймс – Лондонның ең беделді және қымбат аудандарының бірі. Ол Букингем сарайы, Вестминстер және Мэйфэр ауданына жақын орналасқан. Мұнда элиталық тұрғын үйлер, жабық джентльмен клубтары, қымбат мейрамханалар мен тарихи ғимараттар шоғырланған. Бұл аймақ британ элитасының, дипломаттардың, кәсіпкерлердің және аристократия өкілдерінің тұратын жері ретінде белгілі.

Әкесі туралы деректер

Ал Санжардың әкесі қазақ миллиардерлерінің бірі Азат Әбішев, деп жазады халықаралық сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) журналистері. 

Ұйымның 2017 жылы жасаған зерттеуі бойынша, Азат Әбішев бұрын «Қазкоммерцбанк» АҚ директоры болған.

2002 жылдың қараша айында оның Meridian Capital офшорлық компаниялар тобына қосылғаны белгілі болды. Топ негізінен Ресей мен Қазақстандағы жылжымайтын мүлік саласы арқылы жүздеген миллион доллар табыс тапқан. Meridian компаниясы Санкт-Петербор қаласындағы «Галерея» сауда орталығын Morgan Stanley компаниясына 1,1 миллиард долларға сатқан кезде бұл мәміле сол уақыттағы Ресейдің жылжымайтын мүлік тарихындағы ең ірі келісім саналған.

Сонымен қатар, «Панама құжаттары» холдингтің Қазақстандағы ірі жылжымайтын мүлік компаниясы Capital Partners-тың жарты үлесін сатып алғанын көрсетті. Бұл компания Ресейдегі ең үлкен сауда орталықтарының бірі – «Метрополисті», сондай-ақ Мәскеу мен Алматыдағы Ritz Carlton қонақүйлерін салып, кейін сатқан. 

Қолға түскен деректерге сәйкес, компания құрамында Асқар Алшынбаев, Евгений Фельд, Нұржан Субханбердин, Нина Жүсіпова, Сауат Мыңбаев және Ян Коннор да болған.

Холдингтің құпиялары Бермуд аралдарындағы Appleby заң фирмасының архивінен 6,8 миллион құпия құжаттың таралуы нәтижесінде әшкереленді. 

Бұл құжаттар Германияның Süddeutsche Zeitung газетінің қолына түсіп, басылым кейін оларды «Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумымен» (ICIJ) және өз медиасеріктестер желісімен, соның ішінде Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығымен (OCCRP) бөліскен.

Қазір Азат Әбішев қайда тұратыны және немен айналысатыны белгісіз, алайда оның баласына салған инвестициясы толығымен ақталды десек болады.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз