7,7 млрд теңгеге «Болашақ» стипендиясы «күмәнді» бөлінген

Қазақстанда халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендиялар қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін тұлғаларға беріліп келген. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Қаскин мәлімдеді.  

«Тексеру нәтижесіне сәйкес, іріктеу критерийлеріне сәйкес келмегеніне қарамастан, министрлік шешімі бойынша және жеке тәртіппен 340 үміткерге  7,7 теңге көлемінде стипендия тағайындалған.Сонымен қатар 151 грант бекітілген лимиттен тыс берілген», – деді палата мүшесі мәжілістегі өткен үкімет сағатында

Қаскиннің айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда жоғары білім беру жүйесіне жұмсалатын шығыстар 246 миллиардтан  472 миллиард теңгеге дейін өскен. Студенттер контингенті 625 мың адамға жетті, мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі – 77 мыңнан астам грант.

«Жүргізілген мемлекеттік аудит қаржыландырудың екі есе өсуіне қарамастан, жоғары білім беру жүйесі сапаның, ашықтық пен нәтижеліліктің сәйкес деңгейде артуын қамтамасыз етпей отырғанын көрсетті. Бұл бірқатар жүйелі мәселеге байланысты«,  – деді Тілеген Қаскин. 

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры»

«Болашақ» бағдарламасы бұған дейін де іріктеу әділдігі, қаржының бөлінуі және түлектердің міндеттемелерді орындау мәселесі бойынша қоғамдық сынға ұшырап басы дауға қалған

Мысалы, бір жағдай бойынша тараптар сотқа дейін барған. Президенттік стипендия иегерлерінің бірі кепілге қойылған пәтерлерді заңсыз шығарып, өзі шетелге кетіп қалған. Сөйтіп, оқуы үшін мемлекет алдындағы көпмиллиондық қарызын, былайша айтқанда, кепілгерлерге «артып кеткен».  

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы сотқа стипендиат Валерия Гавриленконың кепілгерлері  – Наталья Воробьева мен Макпал Дарибаеваға арыз түсірген. 

Іс материалынан белгілі болғандай, Гавриленкоға Ұлыбритания елінде оқу үшін стипендия тағайындаған, ол онда 2016–2017 жылдары білім алған. Грант беру туралы шартқа сәйкес, оқуын аяқтағаннан кейін ол жұмыс берушіде немесе басқа ұйымда алған мамандығы бойынша кемінде 5 жыл үздіксіз жұмыс істеуге міндетті болған.

Алайда 2019 жылдың шілде айында стипендиат қайтадан Ұлыбритания-ға оралып, сол жылдың тамыз айынан бастап халықаралық компанияда жұмыс істей бастаған, осылайша шарт талаптарын орындамаған.

Бұл іс сотта қаралып, соңында тараптар келісімге келді. 

«Болашақтың» болашағы бар ма?

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылы іске қосылған және ел экономикасының басым салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған. Бағдарлама магистратура, докторантура және шетелдегі ғылыми тағылымдамаларды қамтиды.

30 жылдан астам уақыт ішінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы 13 мыңнан астам қазақстандық шетелде білім алған. Олардың шамамен 12 мыңнан астамы оқуын аяқтаған. Қазіргі уақытта 900-ден астам стипендиат шетелдік университеттерде білім алып жатыр.

Соңғы жылдары бөлінетін грант саны азайған. 2024 жылы 271 адам стипендия иегері атанса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 200-ден сәл асқан. Ал 2026 жылға шамамен 600-ден астам грант бөлу жоспарланған.

Түлектердің едәуір бөлігі еңбек нарығында жұмыс істейді: олардың шамамен 40 пайыздан астамы жеке секторда, 30 пайызға жуығы мемлекеттік қызметте.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз