Түлек көбейіп, грант азайды

Қазақстанда талапкерлер көбейгенімен, білім гранттарының саны қысқарып жатыр. Бұл туралы мәжіліс депутаты Арман Қалыков мәлімдеді.

«2025 жылы мектеп бітірушілер саны 216 мың адам болды. Ал грант саны 78 мың болған. Биыл түлектер саны 232 мың болады деп болжануда. Бұл 16 мыңға көп. Ал грант саны 72 мың,  керісінше 6 мыңға аз, нақтырақ айтқанда бакалавриат бойынша», - деді Қалыков дүйсенбіде өткен мәжілістегі үкімет сағатында.

Депутат Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нурбектен бұл жағдай қаржыландырудың қысқаруымен байланысты ма әлде еңбек нарығындағы сұранысқа байланысты қайта қаралып жатыр ма деп сұрады.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда жоғары білімді қаржыландыру моделі қайта қаралып жатыр. Бұл бағытта Қаржы министрлігімен бірлесіп ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысына бөлінетін қаржыны үнемі арттыру бюджетке үлкен салмақ түсіреді.

Сондықтан 2023 жылдан бастап қосымша төрт қаржыландыру тетігі енгізілген. Біріншісі – «Келешек» жинақтау жүйесі. Бұл бағдарлама жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бір жарым жыл ішінде азаматтар шамамен 200 мыңға жуық, нақтырақ айтқанда 197 мың шот ашқан. Ата-аналар білім алу ортақ жауапкершілік екенін түсіне бастады, яғни тек грантқа ғана сенуге болмайды.

Екіншісі – пайызсыз студенттік несиелер. Бұл жоба өткен жылы пилоттық режимде іске қосылды, ал биыл толыққанды енгізіледі. Ол батыс елдеріндегі student loan жүйесіне ұқсас, яғни ұзақ мерзімді несие.

Үшіншісі – дифференциалды гранттар. Бұл жүйе де екі жыл бойы сынақтан өтіп, жақсы нәтиже көрсетті. Мұнда грант оқу құнының 100 пайызын емес, мысалы 50 пайызын ғана жабады. Бұл тәсіл бірдей бюджет қаражатымен көбірек талапкерді қамтуға мүмкіндік береді.

Төртіншісі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Министрдің айтуынша, бұл бағдарлама арқылы  балаларға 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылған.

«Егер отбасы «Келешек» жүйесі арқылы ақша жинаса, оны Ұлттық қордан түсетін қаражатпен бір шотқа біріктіріп, ақылы оқуға жұмсауға болады. Ал егер бала грант ұтып алса, жиналған қаражатты тұрғын үйге немесе басқа балалардың оқуына пайдалануға болады», -  деді Саясат Нұрбек.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз