Қазақстанның тау-кен компанияларында жұмыс істейтіндердің құқығы жиі бұзылады

Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда жасыл энергетикаға қажетті минералдарды өндіру көлемі артқан сайын, оның зардабын көбіне жұмысшылар тартып отыр. Бұл еңбек құқықтарының сақталуына, сондай-ақ өндірістегі қауіпсіздік пен еңбек жағдайына қатысты болып отыр. Мұндай қорытынды Бизнес және адам құқықтары орталығының жаңа есебінде айтылған.

Өтпелі минералдар дегеніміз – жасыл энергетика, электр көліктері мен аккумуляторлар жасауға қажет табиғи шикізат түрлері.

Бизнес және адам құқықтары орталығы – әлем бойынша 10 мыңнан астам компанияның адам құқықтарына әсерін бақылайтын халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ұйым Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне жүргізген соңғы зерттеуінде 2025 жылы өңірде еңбек құқықтары мен қоршаған ортаны қорғау талаптарының бұзылуына қатысты 373 жағдайды анықтаған.

Зерттеу Еуропалық одақтың өңір елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен маңызды минералдарды жеткізу саласындағы серіктестігін кеңейтіп жатқан тұста жүргізілген. Бұл бағыт ЕО-ның «Маңызды шикізат туралы» заңымен байланысты. Зерттеуге енгізілген 14 елдің ішінде Қазақстан тіркелген жағдайлар саны бойынша Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында тұр. 2025 жылы Қазақстанда 39 жағдай, Ресейде – 147, Украинада – 112 тіркелген.

Қазақстанда құқық бұзушылықтардың басым бөлігі тексерумен шектелген

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Ресейде анықталған құқық бұзушылықтардың шамамен 65 пайызы ресми тергеу немесе сот ісі сияқты құқықтық шараларға ұласқан.

Қазақстанда жағдай басқаша. Мұнда анықталған 39 жағдайдың тек 38 пайызы бойынша құқықтық шаралар қолданылған. Олардың басым бөлігі экологиялық айыппұл салу және тексеру жүргізумен шектелген.

Орталықтың мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан билігі тау-кен компанияларына қарсы сотқа бірде-бір талап-арыз бермеген. Сондай-ақ сот шешімі бойынша бірде-бір компания өтемақы төлеуге міндеттелмеген.

Қазақстандық жұмысшылардың немесе бірлестіктердің өтемақы талап етуі не кінәлілерді жауапкершілікке тартуы үшін қазір тиімді тетіктер бар ма деген сұраққа Бизнес және адам құқықтары орталығының баспасөз хатшысы Приянка Могул нақты жауап бере алмады. 

Могулдың «Власть» басылымына хабарлауынша, ұйым ашық дереккөздерден жұмысшылардың компанияларға қарсы сотқа жүгінгені немесе кәсіпорындардың ішкі шағым беру тетіктерін пайдалануға тырысқаны туралы ақпарат таппаған.

«Жомарт» кенішіндегі жарылыс

Есеп авторлары Қазақстандағы жағдайды көрсету үшін Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі жарылысты және Ақтөбе облысындағы «Болашақ» хром кенішіндегі екі жазатайым оқиғаны мысалға келтірген.

2025 жылы «Жомарт» кенішінде метанның таралуынан жарылыс болып, жеті жұмысшы қаза тапты. Кенішті Қазақстандағы ірі мыс өндіруші компаниялардың бірі «Қазақмыс» басқарады.

Оқиғадан кейін компания кеніш жұмысын уақытша тоқтатып, қауіпсіздік шараларын кешенді тексеретінін мәлімдеген. Алайда араға тоғыз ай салып, «Жомарт» кенішінде тау жыныстары опырылып, тағы бір ауыр апат қаупі туындаған.

Орталық өкілі Приянка Могулдың айтуынша, «Қазақмыс» жүргізілген ішкі тексерудің нәтижесін ресми түрде жарияламаған. Сондай-ақ тексеруден кейін қандай нақты өзгерістер енгізілгені туралы ақпарат та жоқ.

Ішкі аудит жүргізілгенін көрсететін жалғыз дерек – тау-кен саласындағы «MINEX» лоббистік тобының сайтында жарияланған авторы көрсетілмеген мақала. Онда компания қауіпсіздік шараларын өзгерткені туралы жазылған.

«Болашақ» кенішіндегі оқиғалар

Ақтөбе облысындағы «Болашақ» хром кенішінде де осындай жағдай тіркелген. Eurasian Resources Group компаниясына тиесілі кеніште үш айдың ішінде екі жазатайым оқиға болған. Соның салдарынан бір жұмысшы қаза тауып, тағы алты адам жарақат алған. Оқиғалардан кейін кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтатылып, үкімет тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде бірқатар қауіпсіздік шараларын жақсарту ұсынылған.

Алайда кеніш 2025 жылғы тамызда қайта жұмысын бастағанға дейін компанияға айыппұл салынбаған.

Зерттеу авторлары осы екі жағдайды Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібіндегі ортақ мәселенің мысалы ретінде келтіреді. Яғни, өндірісте апат болған кезде компаниялар оқиға туралы өздері хабарлап, ішкі тексеру жүргізіп, мәселені көбіне өздері шешеді.

Қазақстан ЕО үшін маңызды серіктес

Қазақстан Еуропалық одақтың маңызды шикізат саласындағы стратегиялық серіктестерінің бірі саналады. Есеп авторлары ЕО-ның стратегиялық жобалары қатарына Қазақстандағы бірнеше жобаның енгізілгенін атап өтеді. Олардың бірі – Қарағанды облысындағы Сарытұған графит кен орнын игеру жобасы. Алайда зерттеушілер мұндай жобаларда ашықтық пен адам құқықтарын қорғау кепілдіктері жеткіліксіз деп есептейді.

Сарытұған жобасы бойынша 2025-2034 жылдарға арналған экологиялық рұқсат берілгенге дейін бірнеше қоғамдық тыңдау өткізілген. Тыңдаулардың хаттамалары жарияланған. Бірақ жобаны реттейтін негізгі келісім көпшілікке ұсынылмаған.

ЕО-ның шикізатқа деген сұранысы қауіп төндіре ме?

Қытай қазіргі уақытта Еуропалық одақтың ауыр сирек жер элементтеріне деген сұранысының 100 пайызын қамтамасыз етеді. Сондықтан ЕО Қытайға тәуелділікті азайтып, басқа елдерден шикізат жеткізуді арттыруға тырысып жатыр.

Алайда Бизнес және адам құқықтары орталығы бұл саясаттың кері әсері болуы мүмкін деп алаңдайды.  Ұйым өкілі Приянка Могулдың айтуынша, ЕО-ның маңызды минералдардың балама көздерін тез арада табуға ұмтылысы компаниялардың адам құқықтары мен қоршаған ортаға әсерін жан-жақты тексеруге жеткілікті көңіл бөлмеуіне әкелуі мүмкін.

«Біз зерттеген компаниялардың адам құқықтарын сақтау немесе қоршаған ортаны қорғау тәжірибесінде жақсарудың белгілерін байқамадық», – деді ол.

Зерттеу авторларының пікірінше, шикізат өндіру көлемін арттырумен қатар, жұмысшылардың құқықтары мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға қойылатын талаптар да күшеюі керек.

Есеп БАҚ материалдары, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтері және ғылыми зерттеулер негізінде дайындалған. Сондықтан онда көрсетілген 373 жағдай өңірдегі барлық құқық бұзушылықтарды толық қамтымауы мүмкін. Себебі көптеген өндірістегі оқиғалар мен еңбек құқықтарының бұзылуы көпшілікке жарияланбай қалуы ықтимал.

Айта кетейік, бұған дейін адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз