Қағидат пен қаражат: көше атаулары қалай ауыстырылады
Қазақстанда елді мекендер атауын ауыстыру тәуелсіздік алғаннан бері жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл тақырып кейде қоғамдық дауға ұласады, кейде қаражат мәселесіне тіреледі. Youth.kz көшелер атауын өзгерту қандай қағидаттарға негізделеді және бұған қанша қаражат жұмсалатынын анықтап көрді.
Негізгі қағидаттар
Көшелерді атау және қайта атау – ономастикалық комиссиялар, мәслихаттар және қоғамдық талқылаулар арқылы қабылданады.
Алдымен жаңа атау немесе қайта атау туралы ұсыныстар жиналып, сарапталады. Содан кейін сәулет және қала құрылысы органдары көшелердің бастапқы (жобалық) нөмірлерін бекітеді. Бұдан соң тарихи тұлғалардың есімдері негізінде атаулар ұсынылады.
Мамандар көшенің ұзындығы мен орналасуын көрсететін карталар дайындайды. Ұсыныстар алдымен мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаралып, хаттамасы бір апта ішінде жарияланады. Кейін олар қалалық, одан соң республикалық ономастикалық комиссиялардың келісімінен өтеді.
Жоба Қоғамдық кеңесте талқыланып, Әділет министрлігімен келісіліп, мәслихат сессиясына шығарылады. Соңында әкімдік пен мәслихат бірлескен шешім қабылдайды.
Қаулы тіркеліп, БАҚ-та жарияланып, жаңа атау «Мекенжай тіркелімі» жүйесіне енгізіледі. Соңғы кезең – көшеге жаңа атаумен ресми тақтайшалар орнату.
Яғни, бұл үдеріс бірнеше кезеңдерден өтіп, бірнеше мемлекеттілік органдарда келісілетін шаруа.
Ал атауды өзгерткенде негізгі қағидаттары мынадай.
Бірінші қағидат – маңызды тұлғаларды ұлықтау. Көшелердің едәуір бөлігі мемлекет, ғылым, мәдениет және спорт саласында ерекше еңбек сіңірген қайраткерлердің есімімен аталады. Алматыда соңғы 15 жылда қайта аталған көшелердің шамамен 27%-ы осындай тұлғалардың атына берілген екен.
Екінші қағидат – тарихи-мәдени және географиялық негіз. Жаңа атаулардың басым бөлігі (шамамен 73%) ұлттық топонимикамен, тарихи ұғымдармен және мәдени сәйкестікпен байланысты.
Үшінші бағыт – идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардан арылу. Бұл, ең алдымен, кеңестік кезеңнен қалған немесе мазмұны бейтарап, мәнсіз атауларды (мысалы, «Садовая», «Гаражная») өзгертуге қатысты.
Төртінші фактор – урбанистикалық қажеттілік. Қала кеңейген сайын атауы қайталанатын немесе атаусыз көшелер пайда болады. Бұл навигация мен мекенжай жүйесін реттеуді талап етеді.
Бесінші қағидат – қоғамдық пікірді ескеру. Жобалар ашық талқылауға шығарылып, тұрғындар пікір білдіре алады. Кей жағдайларда қолдау деңгейі 80–90%-ға дейін жетеді.
Негізгі шығындар неден тұрады
Қаржылық мәселе – ең өзекті әрі жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Негізгі шығындар мекенжайлық тақтайшаларды ауыстыру; карталар мен дерекқорларды жаңарту; құжаттарды қайта рәсімдеу; халық пен бизнесті ақпараттандыруға кетеді.
Мысалы, 2025–2026 жылға Алматы қаласының әкімдігі шамамен 88 мың жаңа тақтайша мен жарық панельдерін орнатуға 2,3 млрд теңгеден астам қаражат қарастырған.
Ресми түрде бұл шығындар ескі тақтайшалардың тозуымен және қаланы бірыңғай стандартқа келтірумен түсіндірілді. Дегенмен, атаулардың өзгеруі мұндай шығындарды тікелей арттырады.
Қазақстанда тәуелсіздік жылдары ішінде жүздеген елді мекен мен мыңдаған көше қайта аталды. Бүгінге олардың нақты саны белгісіз, бірақ үнемі өсіп келеді, өйткені идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды алмастыру жалғасуда.
Мысалы, тек 2022 жылдың өзінде елді мекендердің 68 атауы өз гертілген. Сонымен қатар, 2022-2025 жыл арасында идеологиялық тұрғыдан ескірген 3000 жуық атаулардың қайта атаудың жол картасы жүзеге асырылғаны белгілі.