Еуропа өзінің ядролық қолшатырын талқылай бастады
Еуропаның жетекші елдері ядролық тежеудің тәуелсіз жүйесін құруды ашық талқылай бастады. Бұл бағыттағы маңызды оқиғалар – 27 мамырда Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёренің елдің Францияның ядролық тежеу бастамасына қосылатыны туралы мәлімдемесі және 3 маусымда Польша мен Литваның осы бағыт бойынша консультацияларға қатысуы. Youth.kz материалда мәселенің мәнін сараптайды.
Норвегия, Польша, Литва өз аумағында ядролық қару орналастырмайтынын және француз ядролық бағдарламасын қаржыландырмайтынын мәлімдеді. Соған қарамастан, мемлекеттердің бұл бастамаға қосылуы Еуропаның стратегиялық бағытта өзгеріп жатқанын көрсетеді. Енді мәселе Еуропаның өз қауіпсіздігі үшін көбірек жауапкершілік алуына қатысты болып отыр.
«Америкалық қолшатырдан» бас тарту хронологиясы
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Еуропаның қауіпсіздігі АҚШ әскери қатысуы мен америкалық ядролық қолшатырға негізделді. Қырғи-қабақ соғыс кезінде АҚШ Еуропада әскер, зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері мен тактикалық ядролық қару орналастырып, НАТО-ның басты қауіпсіздік кепілі болды.
КСРО ыдырағаннан кейін де бұл жүйе өзгерген жоқ. Еуропа елдері америкалық кепілдіктер тұрақты болады деген сеніммен қорғаныс шығындарын азайтып, армияларын қысқартты.
Алайда соңғы жылдары бұл модельге күмән күшейе бастады.
Алғашқы алаңдаушылық Дональд Трамптың алғашқы президенттік кезеңінде байқалды. 2017 жылы оның еуропалық одақтастар «өз қауіпсіздігі үшін жеткілікті төлемейді» деген мәлімдемелері Еуропада үлкен талқылау тудырды.
Дәл осы кезеңде Франция президенті Эмманюэль Макрон «Еуропаның стратегиялық автономиясы» идеясын белсенді түрде көтере бастады. 2019 жылы ол НАТО-ны «ми өлімі жағдайындағы ұйым» деп атады.
2022 жылғы Ресейдің Украинаға толық масштабты басып кіруі Еуропа қауіпсіздігіне Қырғи-қабақ соғыстан бергі ең үлкен соққы болды.
Соғыстан кейін Еуропада қайта қарулану қажеттілігі мен АҚШ-қа тәуелділік мәселелері қайта талқылана бастады. Осыған орай, Германия әскерді жаңғырту үшін 100 млрд еуролық арнайы қор құрылғанын жариялады.
2024 жылы Трамптың Ақ үйге қайта оралуы бұл пікірталастарды одан әрі күшейтті. Еуропалық саясаткерлер АҚШ болашақта Еуропадағы рөлін азайтып, назарын Қытайға аударуы мүмкін деп қауіптене бастады. Осы жағдайда Макрон француз ядролық күштерінің «еуропалық өлшемі» туралы ашық айта бастады.
2025 жылғы наурызда ол Ресей тек Украинаға ғана емес, бүкіл Еуропаға қауіп төндіріп отырғанын айтып, Еуропа «жаңа дәуірге қадам басты» деп мәлімдеді. Осыдан кейін француз БАҚ-тары мен еуропалық аналитикалық орталықтар француз ядролық қолшатырының ЕО елдеріне таралу мүмкіндігін ашық талқылай бастады.
Келесі маңызды кезең – 2026 жылы Норвегияның француз бастамасына қосылуы туралы мәлімдеме болды. Reuters мәліметінше, Норвегия ядролық қару орналастырмайды да, француз ядролық арсеналын қаржыландырмайды. Бірақ мемлекет Еуропаның жаңа қауіпсіздік жүйесіне қатысуға дайын.
Айта кетсек, 2020 жылғы Brexit-тен кейін Франция Еуроодақтағы жалғыз ядролық держава болып қалды. SIPRI деректеріне сәйкес, Францияда шамамен 290 ядролық оқтұмсық бар.
Сонымен қатар Франция ядролық инфрақұрылымды жаңғыртып, Rafale жойғыш ұшақтарына тапсырысты көбейту арқылы стратегиялық күштерге инвестицияны арттыра бастады.
Қазақстанға қандай әсер тиюі мүмкін?
Еуропадағы ядролық тежеу жүйесі туралы пікірталастар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Франция бастамасы негізінен Еуропа қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған және Орталық Азиямен байланысты әскери жоспарларды қамтымайды.
Алайда бұл өзгерістердің жанама әсері болуы мүмкін. Еуропа елдерінің ядролық қаруға қатысты рөлін күшейтуі халықаралық қауіпсіздік жүйесінде ядролық фактордың маңызын қайта арттырып отыр. Сарапшылар мұны Ресей мен Батыс арасындағы ұзақ мерзімді текетірестің жаңа кезеңімен байланыстыруда.
Қазақстан үшін бұл мәселенің ерекше маңызы бар. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін республика аумағында әлемдегі төртінші ірі ядролық арсенал қалды. Алайда ел ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Полигонда 1949–1989 жылдары 456 ядролық сынақ өткізілген. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, олардың салдары 1,3 миллионнан астам адамға әсер еткен.
Қорытынды
Толыққанды «еуропалық ядролық қолшатыр» жақын уақытта құрылмауы мүмкін. Бірақ бұл пікірталастардың өзі Еуропаның қорғаныс саясатын өзгертіп жатыр. Қазір ЕО әскери шығындарды арттырып, қауіпсіздіктің дербес жүйесін қалыптастыруға тырысуда.
Еуропалық көшбасшылар НАТО-дан бас тарту туралы айтып отырған жоқ. Бірақ іс жүзінде Еуропа АҚШ қатысуы әлсіреген жағдайда балама қауіпсіздік моделіне дайындала бастады. Бірнеше жыл бұрын еуропалық ядролық тежеу туралы пікірталас саяси фантастика болып көрінсе де, қазір ол нақты стратегиялық дискуссияға айналды.
Еуропа біртіндеп Қырғи-қабақ соғыс саясатына қайта оралып жатқандай: қорғаныс одақтарын нығайтып, Ресеймен ұзақ мерзімді қарсыласуға дайындық жүргізуі. Өткен ғасырдағы жағдайдан айырмашылығы – енді еуропалық мемлекеттер қауіпсіздік мәселесін тек америкалық қолшатыр аясында емес, өз жауапкершілігі ретінде қарастыруында.