Қазақстанда кімдер әскерге шақырылмайды?
Қазақстанда мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы, кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатылуға заңды негізі жоқ ер азаматтар шақырылады. 2026 жылы көктемгі және күзгі шақыру науқандары наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында өтеді. Бұл талаптар Қазақстан Президентінің 2026 жылғы 14 наурыздағы №1202 Жарлығында бекітілген.
Ведомствоның мәліметінше, мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешімді шақыру комиссиясы қабылдайды.
27 жасқа дейін кімдер шақырылады?
Заң бойынша 18-ден 27 жасқа дейінгі ер азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылуы мүмкін. Бірақ, бұл үшін азаматтың әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы болмауы керек.
27 жасқа толғаннан кейін де бұл мәселе нақты жағдайға байланысты қаралады. eGov мәліметінше, бейбіт уақытта 27 жасқа толғаннан кейін заңды негізде мерзімді әскери қызметке шақырылмаған азаматтар әскерге шақырудан босатылады.
Оқу үшін кейінге қалдыру беріле ме?
Әскерге шақыруды кейінге қалдыру заңда көзделген негіздердің бірі болған жағдайда беріледі. Мұндай шешім автоматты түрде емес, тиісті құжаттар мен заң талаптары негізінде шақыру комиссиясы арқылы қабылданады.
Қорғаныс министрлігі де кейінге қалдыру немесе босату құқығы заңда белгіленген негіздер болған жағдайда ғана берілетінін түсіндірді.
Денсаулық жағдайы ше?
Әскери қызметке шақырылар алдында азамат медициналық тексеруден өтеді. Медициналық комиссия оның әскери қызметке жарамдылық санатын анықтайды.
Денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар бейбіт уақытта әскерге шақырудан босатылады. Ал денсаулығына байланысты уақытша шектеу қойылған жағдайда шақыру кейінге қалдырылуы мүмкін.
Отбасылық жағдай ескеріле ме?
Заңнамада әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға және одан босатуға қатысты өзге де негіздер қарастырылған. Сондықтан, әр азаматтың жағдайы жеке қаралады.
Бұл ретте кейінге қалдыру мен толық босатуды шатастырмау керек. Біріншісі белгілі бір мерзімге әскерге шақыруды тоқтатса, босату азаматтың мерзімді әскери қызметке шақырылмауына негіз болады.
Тағы кімдер босатылады?
eGov порталындағы ресми мәліметке сәйкес, бейбіт уақытта мерзімді әскери қызметке шақырудан, атап айтқанда:
- денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар;
- 27 жасқа толғаннан кейін заңды негізде мерзімді әскери қызметке шақырылмағандар;
- әскери қызмет өткеру кезінде жақын туысы қаза тапқан немесе бірінші не екінші топтағы мүгедектігі белгіленген азаматтар;
- басқа мемлекетте әскери немесе балама қызмет өткергендер;
- Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендердің заңда көрсетілген санаттары;
- ғылыми дәрежесі бар азаматтар;
- тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметшілері босатылады.
«Ақ билет» алып беруге бола ма?
Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде «әскерден алып қалу», «ақ билет рәсімдеу» сияқты ақылы қызметтерді ұсынатын жарнамаларға сенбеуге шақырды.
Ведомствоның мәліметінше, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе әскери қызметтен босату туралы шешім заңда белгіленген негіздер болған жағдайда шақыру комиссиясы арқылы қабылданады. Медициналық тексеруді денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары жүргізеді.
Сондықтан, әлеуметтік желідегі «әскерге бармаудың жолдары» туралы кеңестерге емес, азаматтың нақты жағдайына қатысты заң талаптарына сүйенген дұрыс.
Айта кетейік, бұған дейін әскери қызмет кезіндегі құқықтар мен шектеулер туралы жазған едік.