Әлеуметтік желілер туралы ой салатын 6 фильм

Әлеуметтік желілер күнделікті өмірімізге әсер етеді. Виртуалды танымалдыққа ұмтылу, өзгелердің өміріне еліктеу, жеке деректердің таралуы мен интернеттегі қауіпсіздік мәселелері фильмдерде де жиі көтеріледі. Youth.kz әлеуметтік желілердің адамға және қоғамға ықпалын көрсететін алты фильмді ұсынады.

«Әлеуметтік дилемма» (The Social Dilemma, 2020)

Фильм әлеуметтік желілердің адам психологиясына және қоғамға ықпалын зерттейді. Онда технологиялық компанияларда жұмыс істеген мамандар цифрлық платформалардың қалай жұмыс істейтінін, қолданушылардың назарын аудару үшін қандай тәсілдер қолданылатынын түсіндіреді.

Әлеуметтік желіде неғұрлым көп уақыт өткізсек, платформа біз туралы соғұрлым көбірек ақпарат жинайды. Ал алгоритмдер сол мәліметтерді пайдаланып, әр қолданушыға қызығушылығына сай контент ұсынады. Соның салдарынан адам қосымшаны қайта-қайта ашып, лентада ұзақ отыруы мүмкін.

Фильмде жалған ақпараттың таралуы, қоғамның пікір бойынша бөлінуі және әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге ықпалы сияқты мәселелер де қозғалады.

Бұл фильм әлеуметтік желілерді жай ғана байланыс құралы ретінде емес, адамның назарын, қызығушылығын және мінез-құлқын қалыптастыруға қатысатын технологиялық жүйе ретінде қарауға мүмкіндік береді.

«Әлеуметтік желі» (The Social Network, 2010)

Режиссер Дэвид Финчер түсірген фильм Facebook әлеуметтік желісінің құрылу тарихына арналған. Сюжет Гарвард университетінің студенті Марк Цукербергтің интернет-жобаны іске қосып, оның әлемге танымал платформаға айналу жолын баяндайды.

Алайда, фильм тек технологиялық жетістік туралы емес. Онда идеяға кімнің автор болғаны, серіктестер арасындағы келіспеушілік, ақша мен ықпал үшін күрес мәселелері көрсетіледі. Жобаның өсуімен бірге достық қарым-қатынастар да сынға түседі.

Фильм оқиғаларды драмалық тұрғыдан бейнелейді, сондықтан оны Facebook тарихының толық әрі бейтарап деректі нұсқасы деп қабылдамаған жөн.

Фильм әлеуметтік желілердің қалай үлкен бизнеске айналғанын және технологиялық жетістіктің артында қандай даулар мен жеке мүдделер тұруы мүмкін екенін түсінуге көмектеседі.

«Сегізінші сынып» (Eighth Grade, 2018)

Бо Бёрнэм түсірген фильмнің басты кейіпкері – мектептің соңғы апталарын өткізіп жүрген 13 жастағы Кайла есімді қыз. Ол айналасындағылармен тіл табысуға, өзіне сенімді болуға және жаңа ортаға бейімделуге тырысады.

Кайла әлеуметтік желіде кеңес беретін видеолар түсіріп, өзін еркін әрі сенімді етіп көрсетуге ұмтылады. Бірақ, шынайы өмірде оған достарымен сөйлесу, өз ойын ашық айту және басқалардың пікіріне алаңдамау оңайға түспейді.

Фильм жасөспірімдердің интернеттегі бейнесі мен шынайы өмірдегі сезімдерінің арасындағы айырмашылықты көрсетеді. Әлеуметтік желідегі лайк пен пікірлер кейіпкер үшін өзін бағалаудың бір өлшеміне айналады.

Фильм жасөспірімдерге әлеуметтік желінің әсерін түсінуге, ал ата-аналарға балаларының интернеттегі өміріне басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол жасөспірімдердің өз-өзіне сенімсіздігі мен өзгелердің пікіріне тәуелділігі туралы ой салады.

«Ингрид Батысқа кетеді» (Ingrid Goes West, 2017)

Фильмнің басты кейіпкері Ингрид әлеуметтік желідегі танымал адамдардың өміріне қатты қызығады. Ол Instagram желісінде мінсіз өмірін көрсететін Тейлор есімді блогерге еліктеп, онымен жақын араласуды армандайды.

Ингрид Тейлорға жақындау үшін Лос-Анджелеске көшіп барады. Бастапқыда бәрі ойдағыдай көрінгенімен, әлеуметтік желідегі әдемі суреттер мен шынайы өмірдің арасында үлкен айырмашылық бар екені біртіндеп ашылады.

Фильм әлеуметтік желідегі танымалдыққа тәуелділікті, өзгелердің өмірін қайталауға ұмтылуды және виртуалды қарым-қатынасты шынайы достықпен шатастырудың салдарын сатиралық тәсілмен көрсетеді.

Бұл туынды әлеуметтік желідегі мінсіз көрінетін өмірге сеніп, өз өмірін өзгелермен салыстырудың қаншалықты қауіпті болуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондай-ақ, танымал блогерлердің парақшасындағы бейне олардың күнделікті өмірін толық көрсете бермейтінін еске салады.

«Іздеу» (Searching, 2018)

Фильмде Дэвид Кимнің 16 жастағы қызы жоғалып кетеді. Құқық қорғау органдары іздеу жұмыстарын бастағанымен, алғашқы 37 сағатта маңызды дерек табылмайды. Сонда әкесі қызының компьютерін ашып, оның әлеуметтік желілердегі парақшаларын, хаттарын және интернеттегі іздерін зерттеуге кіріседі.

Оқиға компьютер, смартфон және басқа цифрлық құрылғылардың экраны арқылы баяндалады. Көрермен де кейіпкермен бірге қызының интернеттегі өмірін зерттеп, бұрын байқалмаған мәліметтерді ашады.

Тергеу барысында әкесі қызы туралы өзі білмеген жайттарға тап болады. Фильм адамның интернеттегі бейнесі оның жақындары білетін болмысынан өзгеше болуы мүмкін екенін көрсетеді.

«Іздеу» әлеуметтік желілердегі ақпараттың маңызын ғана емес, цифрлық қауіпсіздік пен отбасындағы сенім мәселелерін де көтереді. Ол интернеттегі адамның өмірі туралы толық білеміз деп ойлаудың жаңсақ екенін еске салады.

«Ұлы хак» (The Great Hack, 2019)

Фильм жеке деректердің қалай жиналатынын және олардың қоғамдық пікірге ықпал ету үшін қалай пайдаланылуы мүмкін екенін зерттейді. Оқиғаның негізгі тақырыптарының бірі – Cambridge Analytica компаниясына қатысты дау.

2016 жылғы АҚШ президенті сайлауы тұсында компанияның Facebook қолданушыларының деректерін пайдалану мәселесі үлкен қоғамдық талқыға түсті. Фильм осы оқиғаны әртүрлі кейіпкерлердің тәжірибесі арқылы баяндайды.

Деректі туынды әлеуметтік желілердегі лайк, жазылым және басқа да цифрлық әрекеттердің артында жеке мәліметтер жатуы мүмкін екенін көрсетеді. Мұндай ақпаратты жинау мен талдау адамдардың қызығушылықтарын анықтауға, оларға белгілі бір мазмұндағы хабарламаларды көрсетуге мүмкіндік береді.

Фильм жеке деректерді қорғаудың маңызын түсінуге көмектеседі. Әлеуметтік желіге тіркелгенде немесе қосымшаға рұқсат бергенде қандай ақпаратпен бөлісіп отырғанымызға назар аудару керектігін еске салады.

Әлеуметтік желілер туралы фильмдер нені түсіндіреді?

Бұл алты фильм әлеуметтік желілердің адам өміріне әртүрлі қырынан әсер ететінін көрсетеді. Бірі алгоритмдердің жұмысын зерттесе, екіншісі виртуалды танымалдыққа ұмтылуды, жасөспірімдердің психологиясын немесе жеке деректердің қауіпсіздігін сөз етеді.

Олардың ортақ ойы –  интернеттегі өмір мен шынайы өмірді ажырата білу маңызды. Әлеуметтік желі ақпарат алуға, байланыс орнатуға және өз мүмкіндіктерімізді көрсетуге көмектеседі. Бірақ, онда көрген әр ақпаратты шындық деп қабылдамай, жеке мәліметтерді қорғап, экран алдында өткізетін уақытқа да мән берген жөн.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз