Неге «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні ұлттық мерекеге айналмады?
Қазақстанда 2011 жылдан бері 15 сәуірде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» немесе «Ғашықтар күні» аталып өтеді. Алайда осы уақыт арасында бұл мереке нағыз ұлттық мейрамға айналып, «Валентин күніне» бәсеке бола алды ма? Жастардың бұл мәселеге көзқарасы әртүрлі болып шықты.
Қазақша «Ғашықтар күні» ұлтшылдар жылдар бойы сынап келген батыстық «Валентин күні» орнына еңгізіліп, ұлттық мерекеге айналуы тиіс еді. Сондағы мемлекет тарапынан көздеген басты мақсат – жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау және «жат мерекеден» арылу болған. Бұл мақсатқа жеттік пе? Осыған орай біз жастар арасында сауалнама өткізіп, олардың пікірін білдік.
«Мен мұндай мерекенің барын білмеппін»
Жастар арасында жүргізілген шағын сауалнама барысында, олардың кейбірі тіпті бұл мереке туралы білмейтіні анықталды, ал басқалары әлемде мойындалған «Валентин күні» бар кезде, ұлттық мереке үлкен қарқын ала алмайды деген пікірде.
«Менің пікірімше, жаһандану заманында «Қозы мен Баянның» мерекесі «Валентин күнінің» орнын баса алмайды. Таныстарымның көбісі бұл мереке жайлы білмегені де осының белгісі», – дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үшінші курс студенті Дәурен.
24 жастағы Нәйлә жыл сайын «Валентин күнін» ерекше атап өтетінін айтты, алайда ол қазақстандық «Ғашықтар күнін» ұлттық мерекеге айналдыруға болатынына сенеді.
«Иә, мен және достарымның көбісі, Валентин күнін әлі күнге дейін атап өтеміз, араласып жүрген жігітім маған сол күні гүл, сыйлық беріп, мен де оған сыйлық жасаймын. Мектептен бері әдет болып сіңіп кеткен. Бірақ, менің ойымша, өзіміздің «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күнін осындай кең тараған мерекеге айналдыруға болады. Ол үшін насихатты күшейту керек, медиада бұл туралы көп ақпарат тарату керек және «валентинкалар» сияқты осы күнге тән ерекше, ұлттық нақышта атрибуттар ойлап шығару қажет па деп ойлаймын», дейді бойжеткен.
Ал Мәнсүр атты студент тіпті бұл мерекенің барын да білмеген: «Мен бізде осындай, өзіміздің мерекеміз бар екенін да білмеппін, шынымды айтсам. Менің достарым да, группаластарым да білмейді екен».
«Негізінен «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күні біздің мәдениетімізге жақын ғой. Соны жақсылап насихаттау керек, сол кезде ол кең таралып, жастарға жақын болады», деп жауап берді екінші курс студенті Арман.
Бұл пікірлер жастар арасында ұлттық мерекеге деген қызығушылық әркелкі екенін көрсетеді. Дегенмен, осындай пікір алу нәтижелері бұл күнді насихаттау мен түсіндірудің әлі де маңызды екенін аңғартады.
Айта кету керек, Қазақстанда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күніне орай әртүрлі мәдени іс-шаралар өтеді. Жыл сайын театрлар мен концерт залдарында түрлі қойылымдар жасалады.
Мысалы, алдыңғы жылы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасын. Ал Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі «Махаббат мәңгі ертегі» концертін қойған еді.
Мерекелер тарихы
Еске сала кетейік, отандық «Ғашықтар күні» XIII–XIV ғасырлардан бастау алатын белгілі «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» эпосындағы екі ғашықтың трагедияға айналған махаббат хиқаясына негізделген.
Аңыз бойынша, Сарыбай мен Қарабай атты екі дос аң аулап жүріп, әлі дүниеге келмеген балаларын атастырған. Кейін Сарыбай қайтыс болғаннан кейін, Қарабай уәдесінен тайып, қызын Баян Сұлуды Қодар атты байға бермек болады.
Ержеткен соң Қозы Көрпеш Баянды іздеп жолға шығады. Ол ұзақ сапардан кейін сүйіктісін тапқан. Екі жас бір-бірін шын сүйгенімен, олар қосылып, бақытты бола алмады.
Қодар Қозыны қызғанып, ақыры оны өлтіреді. Бұл трагедия Баянға ауыр соққы болды. Қыз айламен Қодарды биік құдыққа түсіріп, оны өлтіреді. Сосын өзі Қозының қабіріне келіп, жан тапсырған.
Ал, Әулие Валентин күні III ғасырда Римде өмір сүрген әулие Валентин есімімен байланысты. Уақыт өте келе бұл күн махаббат символына айналды.
Әулие Валентин – III ғасырда Римде өмір сүрген дін қызметкері. Сол кезде император Клавдий II Готский жас сарбаздарға үйленуге тыйым салатын, өйткені ол үйленбеген ер адамдар жақсырақ соғысады деп сенген.
Валентин бұл бұйрыққа қарсы шығып, ғашықтарды жасырын түрде некелестіре бастаған. Бұл әрекеті үшін ол тұтқындалып, өлім жазасына кесіледі.
Аңыз бойынша, түрмеде отырған кезде ол күзетшінің қызына ғашық болып, оған хат жазады. Хаттың соңында «Сенің Валентинің» деп қол қойған. Кейін бұл тіркес бүкіл әлемге таралып, махаббат сөзіне айналды.