Қазақтанда Яндекс сервистері жаппай істен шықты

2026 жылғы 11 қазанда Қазақстанда Яндекс экожүйесіндегі бірқатар сервис жұмысында ақау пайда болды. Пайдаланушылар такси шақыру, тамаққа тапсырыс беру және басқа да қызметтерді пайдалана алмады. Мәселе Қазақстанмен ғана шектелмей, Ресей, Беларусь және Армениядағы сервистердің жұмысына да әсер етті. Ақауға Ресей аумағындағы Яндекс деректер орталықтарының инфрақұрылымына келтірілген зақым себеп болған. 

Яндекстің ресми мәліметінше, 7-8 қазанға қараған түні Рязань облысындағы Сасово қаласындағы деректер орталығы зақымданып, оның жұмысы тоқтаған. Кейін Калуга қаласындағы орталықтың инфрақұрылымында да ақау болған. Ал 11 қазанда Владимирдегі деректер орталығының жұмысы тоқтатылған. 

Қазақстанда Яндекс Go арқылы такси шақыру, Яндекс Еда мен Яндекс Лавка қызметтерін пайдалану қиындаған. Кейбір пайдаланушылар басқа да сервистерге қол жеткізуде мәселе болғанын жазды. Yandex Qazaqstan компаниясы техникалық ақауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 

Неліктен Ресейдегі ақау Қазақстанға әсер етті?

Ірі цифрлық платформалар бірнеше елдегі серверлер мен деректер орталықтарын пайдаланады. Қызметтің бір бөлігі пайдаланушының деректерін жергілікті серверде сақтағанымен, қосымшаның жұмыс істеуіне қажетті есептеулер, тапсырыстарды өңдеу немесе басқа техникалық операциялар өзге елдердегі инфрақұрылымға тәуелді болуы мүмкін.

Digital Business жазуынша, мұндай сервистердің жұмысы әртүрлі елдердегі есептеу қуаттарына сүйенеді. Бір аймақтағы серверлер істен шықса, басқа елдердегі пайдаланушыларға да әсер етуі ықтимал. Ақау кезінде жүйелерді басқа серверлерге ауыстыру жұмыстары жүргізіледі, бірақ осы процестің өзінде қызметтердің кейбір функциялары уақытша істемей қалуы мүмкін.

Сондықтан, Қазақстандағы пайдаланушылардың деректері ел аумағында сақталған күннің өзінде, сервистің барлық бөлігі жергілікті инфрақұрылымға тәуелсіз жұмыс істейді деуге болмайды.

Қазақстандықтардың деректері қайда сақталады?

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 2026 жылғы 11 қазанда Яндекс сервистеріндегі ақауға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер Қазақстан аумағында орналасқан және штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Министрлік сонымен бірге такси мен жеткізу қызметтерінің жұмыс істеуіне қажетті кейбір компоненттер елден тыс жерде орналасқанын атап өтті. Яғни, дербес деректердің Қазақстанда сақталуы платформаның барлық техникалық операциясы да ел ішінде орындалады дегенді білдірмейді.

Бұған дейін, 2023 жылы, сол кездегі Цифрлық даму министрлігі Яндекстің yandex.kz порталының серверлері Қазақстанға көшірілгенін хабарлаған. Министрліктің ресми мәліметінде порталдың ел ішінде орналасқан серверлерге ауыстырылғаны айтылған. Бұл туралы gov.kz сайтында жарияланған.

Алайда yandex.kz сайтының серверлерін Қазақстанға көшіру бүкіл Яндекс экожүйесінің барлық деректері мен техникалық қызметтері ел аумағында орналасқанын білдірмейді. 2026 жылғы жағдай бойынша министрлік те платформаның кейбір компоненттері шетелде орналасқанын растады.

Қазақстан заңнамасы дербес деректерді сақтауға қандай талап қояды?

Қазақстанда дербес деректерді жинау, өңдеу және сақтау тәртібі 2013 жылғы 21 мамырдағы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңмен реттеледі.

Заңның 12-бабының 2-тармағына сәйкес, дербес деректер Қазақстан аумағында орналасқан базада сақталуға тиіс. Заң сондай-ақ дербес деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету және оларды заңда көзделген негіздермен ғана пайдалану талаптарын белгілейді.

Бұл талап шетелдік компаниялар Қазақстанда қызмет көрсеткен кезде де маңызды. Бірақ деректерді ел ішінде сақтау міндеті платформаның барлық техникалық операциясын тек Қазақстанда жүргізуі керек дегенді білдірмейді. Дербес деректерді шетелге беру мәселесі де заң талаптарына сәйкес реттеледі.

Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымы шетелдік платформаларға қаншалықты тәуелді?

Яндекс жағдайы цифрлық сервистің тұрақты жұмыс істеуі тек деректерді сақтау орнына емес, бүкіл инфрақұрылымның қалай құрылғанына байланысты екенін көрсетті. Егер қызметтің маңызды функциялары шетелдегі серверлерге немесе ортақ бұлттық инфрақұрылымға тәуелді болса, басқа елдегі техникалық ақау Қазақстандағы пайдаланушыларға да әсер етуі мүмкін.

Бұл мәселе тек такси немесе жеткізу қызметтеріне қатысты емес. Компаниялар төлем жүйелерін, бұлттық сервистерді, корпоративтік бағдарламаларды және деректерді өңдеу құралдарын да пайдаланады. Егер осындай жүйелердің біреуі істен шықса, оған тәуелді бизнес-процестердің жұмысы баяулауы немесе уақытша тоқтауы ықтимал.

Сондықтан, цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығы үшін деректерді жергілікті серверлерде сақтау ғана емес, сервистің маңызды бөліктерін резервтеу және апат кезінде жұмысты басқа инфрақұрылымға ауыстыру мүмкіндігі де қажет.

Мұндай тәуекелдерді қалай азайтуға болады?

Цифрлық платформалардың тұрақтылығын арттыру үшін бірнеше тәсіл қолданылады. Біріншісі  –  дербес деректерді заң талаптарына сәйкес ел ішінде сақтау. Екіншісі  –  негізгі сервер істен шыққан кезде қызметті жалғастыра алатын резервтік қуаттарды дайындау. Үшіншісі  –  әртүрлі деректер орталықтары мен провайдерлерді пайдалану арқылы бір инфрақұрылымға толық тәуелді болмау.

Компаниялар үшін деректердің резервтік көшірмесін жасау, апаттан кейін жүйелерді қалпына келтіру жоспарын әзірлеу және оны тұрақты сынақтан өткізу де маңызды. Бұл тәсілдер бір сервер немесе деректер орталығы істен шыққан жағдайда қызметтің толық тоқтап қалу қаупін азайтады.

Яндекс жағдайында Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтайтын серверлердің штаттық режимде жұмыс істегені туралы министрлік мәлімдеме жасады. Бірақ оқиға ел ішінде деректерді сақтау мен сервистің үздіксіз жұмыс істеуі екі бөлек міндет екенін көрсетті. Цифрлық платформаның сенімділігі үшін деректердің қауіпсіздігімен қатар, оның барлық маңызды компоненттерінің резервтік мүмкіндіктері де ескерілуі керек.

Яндекс сервистерінің жұмысы біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр

Яндекс компаниясы сервистерінің басым бөлігі қалыпты режимде жұмыс істей бастағанын хабарлады. Қазір компания мамандары әлі де ақаумен жұмыс істеп тұрған қызметтерді біртіндеп қалпына келтіріп жатыр.

Компания тапсырыстарды төлеу кезінде ақшаның дұрыс есептен шығарылуына тап болған пайдаланушыларға да үн қатты. Яндекс өкілдері мұндай жағдайлар бойынша келіп түскен өтініштердің әрқайсысын қарастыруға уәде берді. Алайда қолдау қызметінің жауап беруіне әдеттегіден көбірек уақыт қажет болуы мүмкін екенін ескертті.

«Соңғы күндері сіздерден көптеген хабарлама алдық. Олардың әрқайсысы күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналған сервистердің тұрақты жұмысы қаншалықты маңызды екенін еске салады»,  –  делінген компанияның хабарламасында.

Яндекс мамандары сервистерді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Компания кейбір қызметтердің жұмысы әлі толық реттелмегенін мойындап, пайдаланушыларға шыдамдылығы мен сенімі үшін алғыс білдірді.

Бұған дейін ХҚКО-ға бармай-ақ eGov арқылы қандай қызметтерді алуға болатынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз