Үкімет мені аңдып жүр ме?

Цифрлық бақылау мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, бейнебақылау жүйелері және деректерді жинау арқылы қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл қауіпсіздік пен тиімділікті арттырғанымен, азаматтардың жеке өмірге қол сұқпау мен цифрлық құқықтар мәселесін де алдыңғы қатарға шығарды. Youth.kz цифрлық бақылаудың Қазақстандағы жеке өмір құқығына қалай әсер етіп жатқанын, заңнамалық реттеуді және сарапшылар пікірін талдады.

Цифрлық бақылау дегеніміз не?

Цифрлық бақылау – адамның жеке мәліметтерін цифрлық технологиялар арқылы жинау, сақтау, өңдеу және талдау процесі. Оған биометриялық сәйкестендіру, бет-әлпетті тану жүйелері, мобильді құрылғылардың геолокациясы, интернеттегі әрекеттерді бақылау және үлкен деректерді (Big Data) өңдеу жатады.

Биометриялық деректерге адамның бет бейнесі, саусақ іздері, көздің нұрлы қабығы, дауыс ерекшелігі сияқты жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін бірегей физиологиялық белгілер кіреді. 

Қазақстандағы цифрлық бақылау

Қазақстан Орталық Азиядағы цифрландыру деңгейі жоғары мемлекеттердің бірі болып саналады. eGov электрондық үкімет порталы арқылы азаматтар жүздеген мемлекеттік қызметті онлайн алады. Банктер клиенттердің жеке басын растау үшін биометриялық сәйкестендіруді кеңінен қолданады.

Еліміздің ірі қалаларында интеллектуалды бейнебақылау жүйелері жұмыс істейді. Солардың ішіндегі ең танымалы – «Сергек» жүйесі. Ол жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтарды ашуға көмектесу мақсатында пайдаланылады.

Сонымен қатар мемлекет пен жеке ұйымдар жинайтын дербес деректер көлемі артып келеді. Бұл олардың қауіпсіз сақталуы мен заңды пайдаланылуына қойылатын талаптарды күшейтуде.

Қазақстан Республикасының заңнамасы

Қазақстан Республикасының 2026 жылғы Конституциясында азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау құқығы ерекше қорғалады. 21-бапқа сәйкес әрбір адамның жеке өміріне, жеке және отбасылық құпиясына қол сұғылмауына, сондай-ақ дербес деректерінің заңсыз жиналуынан, өңделуінен, сақталуынан және пайдаланылуынан, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы қорғалуына кепілдік беріледі. Сонымен қатар осы баптың 2-тармағында хат алмасу, телефон сөйлесулері, банктік операциялар және өзге де хабарламалардың құпиялығы қорғалады.

Дербес деректерді қорғаудың негізгі нормативтік-құқықтық актісі – «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 мамырдағы №94-V Заңы. Осы заңның 1-бабында «дербес деректер» мен «биометриялық деректер» ұғымдары анықталған.

Сонымен қатар 7-бабында дербес деректерді жинау мен өңдеу субъектінің келісімімен немесе заңда көзделген жағдайларда ғана жүзеге асырылатыны белгіленген. Ал 22-бабында дербес деректерді сақтайтын ұйымдардың оларды заңсыз қол жеткізуден, өзгертуден, жоюдан немесе таратудан қорғауға міндетті екендігі көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің 48-бабына сәйкес цифрлық сәйкестендіру кезінде қолданылатын биометриялық деректер дербес деректер ретінде танылады және арнайы құқықтық қорғауға жатады.

Сарапшылар пікірі

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – цифрландыру және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев Конституцияға енгізілген өзгерістер туралы былай деді.

«Бұл норманың Конституцияда бекітілуі азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтеді, цифрлық сервистерге деген сенімді арттырады және ұйымдардың жауапкершілігін жоғарылатады».

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева цифрлық құқықтардың конституциялық деңгейде бекітілуінің маңызын атап өтті.

«Біз цифрлық ортада өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан дербес деректерді қорғау конституциялық деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс».

Factcheck.kz сарапшыларының пікірінше, биометриялық деректер – ең сезімтал ақпарат түрі. Егер парольді өзгерту мүмкін болса, адамның бет бейнесін немесе саусақ ізін өзгерту мүмкін емес. Сондықтан мұндай ақпараттың таралуы адамға ұзақ мерзімді қауіп төндіреді.

Жасанды интеллект саласындағы мамандар да бет-әлпетті тану технологияларының абсолютті дәл емес екенін айтады. Жарықтың жеткіліксіздігі, сурет сапасының төмендігі немесе адамның сыртқы келбетінің өзгеруі жүйенің қателесуіне әкелуі мүмкін. Осы себепті сарапшылар мұндай жүйелердің шешімі азаматтардың құқықтарына әсер ететін жалғыз дәлел болмауы тиіс деп есептейді.

Артықшылықтары мен тәуекелдері

Цифрлық технологиялардың көптеген артықшылықтары бар. Олар мемлекеттік қызметтерді жылдам алуға, алаяқтықты азайтуға, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тәуекелдері де бар: азаматтарды жаппай бақылау мүмкіндігі, дербес деректердің заңсыз пайдаланылуы, ақпараттық жүйелердің бұзылуы және жасанды интеллект алгоритмдерінің қателіктері. Бұдан бөлек, көптеген азаматтар өздерінің қандай деректері жиналып жатқанын, олардың кімнің қолында екенін және қанша уақыт сақталатынын білмейді.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз