Қазақстанда 20 мың студент үй жалдауға мәжбүр
Мәжілісте Respublica фракциясының кеңейтілген отырысы өтіп, негізгі назар студенттік жатақханалардағы орын тапшылығына аударылды. Депутаттар мен сарапшылар ресми статистика мен нақты жағдайдың арасындағы алшақтықты, студенттердің жалдамалы баспанаға кететін шығындарын және мәселені шешу жолдарын талқылады, деп хабарлайды youth.kz.
Жатақхана жетпесе, студент қайда барады?
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Астана, Алматы және өзге өңірлердегі жатақханаларды аралап, жағдаймен танысқанын айтты. Оның пікірінше, мәселе ресми деректерден әлдеқайда күрделі.
Қазіргі таңда Қазақстанда 678 мың студент бар, олардың 364,5 мыңы басқа өңірлерден келген. Ресми мәлімет бойынша, жатақханаға мұқтаж 115,6 мың студенттің 95,3 мыңы ғана орынмен қамтылған. Демек, кемінде 20 мың студент жатақханасыз қалып отыр.
Алайда депутаттың айтуынша, шынайы жағдай бұдан да ауыр.
«Көп жоғары оқу орындары студенттерді екінші курстан бастап пәтер жалдауға мәжбүрлейді. Алматыда жалдау құны 140 мыңнан 270 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл көптеген отбасы үшін үлкен салмақ», – деді ол.
Бизнес бар, бірақ төлем кешігеді
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәселенің бар екенін мойындайды. Ведомство өкілі Мадияр Қожахметтің айтуынша, соңғы сегіз жылда 281 жатақхана салынып немесе жөнделіп, 72 мыңнан астам орын қосылған. Дегенмен ірі қалаларда тапшылық әлі сақталып отыр.
Инвесторлар да мәселе бар екенін айтты: мемлекеттік төлемдердің кешігуі жобалардың іске асуына кедергі келтіреді. Кейбір жағдайда мемлекет тарапынан қаржы жарты жылға дейін кешіктірілген.
Respublica ұсынған жеті бастама
Фракция мәселені жүйелі түрде шешуге бағытталған жеті ұсыныс әзірледі.
Біріншісі – студенттерге арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу. Цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев бұл бастаманы қолдап, студент жатақханадағы орнын ұшақтағы орын секілді өзі таңдай алуы тиіс екенін айтты.
Екіншісі – жоғары оқу орындарының тиімділік көрсеткіштеріне жатақханамен қамту деңгейін енгізу. Бұл көрсеткіш лицензиялау және мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде ескерілуі мүмкін.
Үшіншісі – жатақхана салатын университеттерге корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер беру.
Төртіншісі – құрылыс салушылар үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жаңа ынталандыру шаралары. Атап айтқанда, нөлдік ҚҚС мөлшерлемесі, мүлік салығынан 10 жылға босату және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жылдық 2,5 пайызбен қаржыландыру.
Бесіншісі – жатақхана құрылысына арналған жер телімдерінің бірыңғай тізілімін жасап, оларды ұзақ мерзімге жеңілдетілген шарттармен беру.
Алтыншысы – халықаралық PBSA моделін енгізу. Бұл жүйеде студенттік тұрғын үй инвестициялық актив ретінде қарастырылады және АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур секілді елдерде өз тиімділігін дәлелдеген.
Жетіншісі – студенттік тұрғын үйдің ұлттық стандартын әзірлеу. Құжатта бөлме аумағына, қауіпсіздік талаптарына, интернет сапасына және тұрмыс жағдайына қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді.
Кезек пен таныстың орнына цифрлық жүйе енгізіледі
Отырыста «Alma Valley» компаниясының бас директоры Азамат Мұратов UniDorm 2.0 платформасының мүмкіндіктерін таныстырды.
Оның айтуынша, жаңа жүйе студентке бірнеше минут ішінде бөлмені онлайн таңдауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект әлеуметтік жеңілдіктерге қатысты құжаттарды автоматты түрде тексеріп, адам факторын барынша азайтады.
«Машина пара алмайды», – деді ол.
Платформадағы турникеттер жатақханада нақты тұрып жатқан студенттерді тіркеп отырады. Егер студент ұзақ уақыт бойы жатақханада көрінбесе немесе өз орнын басқа адамға берсе, жүйе оны автоматты түрде анықтай алады.
Өз тәжірибесімен Satbayev University де бөлісті. Университеттің проректоры Сапар Шалабаевтың айтуынша, Dormitory жүйесі кезектің қозғалысын нақты уақыт режимінде көрсетеді, тәртіп бұзушылықтарды тіркейді және қауіпсіздік жүйелерімен біріктірілген. Қазіргі уақытта университет жеке инвесторлармен бірлесіп, жалпы сыйымдылығы 1500 орын болатын екі жаңа жатақхана салып жатыр.
Болашаққа инвестиция
Respublica фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров бұл мәселені әлеуметтік емес, стратегиялық бағыт ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
«Жатақхана – қайырымдылық емес, бұл елдің болашағына салынған инвестиция», – деді ол.