Грантқа түсу ережелері өзгерді: талапкерлерді не күтіп тұр?

Қазақстандық талапкерлер мен студенттер үшін жоғары оқу орындарына түсу және мемлекеттік грант алу жүйесіне елеулі өзгерістер енгізіледі. Ғылым және жоғары білім министрлігі гранттарды бөлу мен ҰБТ шекті баллдарын қайта қараған жаңа бұйрықты әзірледі, деп хабарлайды youth.kz. 

Жаңа бұйрыққа 2026 жылғы 23 сәуірде қол қойылып, 24 сәуірде Әділет министрлігінде ресми тіркелді. Құжаттағы өзгерістердің негізгі бөлігі 2026 жылдың күзінен бастап күшіне енеді.

Жаңашылдықтар бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, грант конкурсына өтініш беру тәртібі өзгереді, жоғары оқу орындарының рейтингі ескеріледі, ҰБТ бойынша ең төменгі шекті балдар қайта қаралады. Сонымен қатар жекелеген өңірлерге арналған білім гранттарын бөлу тетіктеріне де түзетулер енгізіледі.

Сонымен қатар түзетулер шетелде алынған білім туралы құжаттарды тану тәртібін де қамтиды. Жаңартылған ережелерде Ғылым және жоғары білім министрлігінің шетелдік дипломдарды тану мәселелерін реттейтін 2023 жылғы қолданыстағы бұйрығына сілтеме енгізілген. Бұл өзгеріс шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері үшін білім туралы құжаттарды мойындау рәсімін қолданыстағы нормативтік талаптармен үйлестіруге бағытталған.

Университет рейтингі грант санына әсер етеді

Жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде жоғары оқу орындарының рейтингі маңызды рөл атқарады. Бұған дейін грант көлемін мемлекет өз өлшемдері бойынша анықтаса, енді бұл міндет Республикалық комиссияға жүктеледі. Комиссия шешім қабылдағанда университеттердің ресми саралау нәтижелерін негізге алады.

Іс жүзінде бұл жоғары рейтингке ие оқу орындарының көбірек грант алу мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар университеттер өздерінің рейтингтегі орнына қарай талапкерлер үшін қосымша шекті балл белгілей алады.

Құжат тапсыру тәртібі

Талапкерлер грант конкурсына құжаттарды екі тәсілмен тапсыра алады.Жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы немесе электрондық үкімет порталы арқылы. Бұл тәртіп жалпы конкурсқа да, арнайы гранттарға да қолданылады.

Ұлттық тестілеу орталығының цифрлық жүйесі арқылы өтініштер 12-18 тамыз және 12-18 желтоқсан аралығында қабылданады.

ҰБТ-ның жаңа шекті балдары

Жаңартылған қағидаларға сәйкес, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл жинау қажет. Педагогикалық және құқықтық бағыттарға талапкерлерден 75 балл, медициналық мамандықтарға 70 балл талап етіледі. Ауыл шаруашылығы, ветеринария және өзге де көптеген бағыттар үшін ең төменгі шек 50 балл болып белгіленген.

Колледжден кейін қысқартылған бағдарламамен түсетіндер үшін ең төменгі балл 25, ал педагогикалық мамандықтар бойынша 35 балл болады.

Сонымен қатар Қазақстан тарихы мен бейіндік пәндерден кемінде 5 балл, математикалық және оқу сауаттылығынан кемінде 3 балл жинау талабы сақталады.

Бос қалған гранттар қалай бөлінеді?

Жаңа өзгерістерге сәйкес, оқу барысында босаған гранттар ақылы бөлімде оқитын студенттер арасында конкурс арқылы бөлінеді. Егер оқу барысында грант иегері оқудан шықса немесе басқа себептермен орын босаса, бұл орын ақылы бөлімде оқитын үздік студенттерге беріледі. Конкурс студенттердің ҰБТ немесе кешенді тестілеу нәтижелеріне негізделеді. Бұл білімді де ынталы жастардың тегін оқуға ауысуына мүмкіндік беретін әділ шешім. 

Арнайы гранттар мен медициналық анықтамалар

Құжатта батыс өңірлерден, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған облыстардан келген жастарға арналған арнайы гранттар да қарастырылған. Олар жалпы конкурс тәртібімен бөлінеді.

Ал І және ІІ топтағы мүгедектігі бар талапкерлер, мүгедектігі бар балалар мен бала кезінен мүгедектігі бар азаматтар таңдаған білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қарсы көрсетілімдердің жоқтығын растайтын медициналық қорытынды ұсынуы тиіс.

Өзгерістер қашан күшіне енеді?

Гранттарды бөлу мен конкурс өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал түзетулердің негізгі бөлігі 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданыла бастайды.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз