Колледж студенттері енді ҰБТ тапсырмай грантқа түсе алады

Қазақстанда білім жүйесінде талаптар өзгеріп, кейбір мүмкіндіктер кеңейеді. Енді колледж студенттері ҰБТ тапсырмай грантқа түсе алады. Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов хабарлады. 

Аймағамбетовтің айтуынша, бірнеше жыл бұрын халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары үшін ҰБТ-сыз, конкурстан тыс, грантқа түсе алатын норма қабылданып, бұл бастама жастарға жақсы мотивация болған.

«Енді біз осы заңда бұл мүмкіндікті колледж денгейіндегі, WorldSkills сияқты халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздарына да беруді ұсынамыз.  Өз мамандығы бойынша әлемде үздік атанған колледж түлегі, пән олимпиадасының жеңімпазы құрметке лайық. Сондықтан, колледждің дарынды түлектеріне де университеттерге грантқа ҰБТ-сыз түсуге құқық береміз», – деді депутат.

Медициналық университеттерде оқу уақыты ұзардуы мүмкін 

Қазақстанда медициналық білім беру жүйесіне ауқымды өзгерістер енгізу ұсынылуда. Жаңа реформаға сәйкес, дәрігерлерді даярлау мерзімі қайта қаралып, оқу процесі жетілдіріледі.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі жүйе бойынша студенттер 6 жыл оқиды, оның 5 жылы бакалавриатқа, жарты жылы магистратураға және тағы жарты жылы интернатураға тиесілі. Алайда интернатура кезеңі көбіне формалды сипатта өтеді. 

Студенттердің нақты мәртебесі жоқ, медициналық ақпараттық жүйелерге қол жеткізе алмайды және тәжірибелік ем-дом шараларына толық қатыса алмайды. Соның салдарынан түлектер оқуын аяқтаған соң бірден жұмысқа орналаса алмай, міндетті түрде 2-4 жылға созылатын резидентураға түсуге мәжбүр. Ал резидентурадағы гранттың аздығы жас мамандарға қиындық туғызады.

Сарапшылардың айтуынша, егер бұл жүйе өзгеріссіз қалса, 2028-2029 жылдары медицина саласында кадр тапшылығы күшеюі мүмкін.

«Ұсынылып отырған жаңа модель бойынша оқу мерзімі 7 жылға дейін ұзартылады. Оның 6 жылы университеттегі теориялық білім, ал 1 жылы ауруханада өтетін толыққанды практикалық интернатура болмақ. Бұл кезеңде студенттер «дәрігер-интерн» ресми мәртебесін алып, медициналық жүйелерге қол жеткізіп, тәлімгердің бақылауымен емдеу шараларына қатыса алады, сондай-ақ еңбекақы мен қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі», – деді Аймағамбетов.

Депутаттың сөзінше, реформа аясында оқу бағдарламасы да күшейтіледі. Қазіргі 300 кредиттің орнына 420 кредиттік жүйе енгізіледі. Анатомия, физиология сияқты іргелі пәндер міндетті түрде толық көлемде оқытылып, студенттер базалық деңгейді меңгерген соң тәуелсіз емтихан тапсырады.

Жаңа жүйе бойынша түлектер интернатурадан кейін жалпы практика дәрігері ретінде жұмысқа кірісе алады. Ал тар бейінді маман болғысы келетіндер резидентурада оқуын жалғастырады.

«Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі медициналық жоғары оқу орындарына қабылдауды, оның ішінде шетелдік студенттер мен ақылы бөлімдерді реттеудің нақты тетіктеріне ие болады. Бұл өзгерістер болашақ дәрігерлерді даярлау сапасын арттырып, денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған», – деді депутат.

Педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шарттар өзгереді 

2020 жылдан бастап педагогикалық мамандыққа түсу үшін ҰБТ-дан кемінде 75 балл жинау және университетте қосымша арнайы емтихан тапсыруды міндеттейтін талап енгізілген. Бұл мұғалімдікке ең үздік түлектер келуі үшін жасалған шешім еді.

«Расында да, қазір мұғалімдікке түсетіндердің орташа балы өсіп, 100 балл шамасында. Тіпті грантқа кейбір бағыттар бойынша 120 балмен де түсе алмай жатыр. Әрине қуанарлық жағдай. Бірақ кейбіреулер айналма жол тауып алған», – деді депутат.

Аймағамбетовтің айтуынша, схема оңай. Адам кез келген шетелдік жоғары оқу орнына түседі, қайсысы болса да, қай мамандық болса да маңызды емес. Бір семестр оқығандай болады. Одан кейін Қазақстанның педагогикалық университетіне ауысады. Ал оған қойылатын талаптар талапкерге емес, ауысушы студентке қойылатын талаптармен бірдей болып шығады. Яғни ҰБТ керек емес, арнайы емтихан да керек емес. Осылайша кейбір адамдар базалық талаптарға сай келмей-ақ, мұғалімдікке келіп жатыр.

«Енді біз бұл айланы жабамыз. Бұдан былай педагог мамандығына кез келген шетелдік университеттен ауысқан кезде де  ҰБТ және арнайы емтихан міндетті болады. Айналма жол іздейтіндерге ешқандай мүмкіндік болмауы тиіс», – деді ол.

Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз