Тараздық талапкер ҰБТ-дан 140 балл жинады
Тараздық талапкер Нұрқанат Қанат Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 ұпай жинады. Қуанышты хабарды түлек білім алатын «Білім-Инновация» лицейі мәлімдеді.
«Бұл жетістік бір күннің нәтижесі емес. Бұған дейін Нұрқанат «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік байқауының жеңімпазы атанды. Оған қоса тарих пәні бойынша республикалық олимпиаданың үш дүркін алтын медаль иегері болды. Оның әрбір жетістігі мұғалімдердің еңбегі, жүйелі білім берудің, ата-анасының қолдауы және оқушының зор талпынысының нәтижесі», – дейді лицей өкілдері.
Нұрғанаттың өзі ҰБТ-дан жоғары балл жинау басты мақсаты болғанын айтты. Оның сөзінше, бұл нәтиже көп жылғы еңбектің, отбасының қолдауы мен ұстаздарының сенімінің жемісі.
Digital Business мәліметінше, Нұрқанат Қанат ҰБТ-ға дайындалған JUZ40 білім беру орталығы оған жетістігі үшін үш сыйлықтың бірін таңдауды ұсынған. Атап айтқанда, бизнес-кластағы пәтер, Mercedes E-Class автокөлігі немесе 50 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы. Нұрғанаттың таңдауы пәтерге тоқтады.
Бұдан бөлек, білім беру орталығы талапкерге төрт жыл бойы ай сайын 140 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлемек. Ал талапкердің ата-анасына 3 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.
Айта кетейік, Қазақстанда ҰБТ-ның негізгі кезеңі 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді. Биыл 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға өтініш берген, олардың екі мүмкіндікпен қоса есептегенде жалпы өтінім саны 446 мыңнан асқан.