Геосаясат туралы танымыңды арттыратын 5 кітап
Халықаралық саясат достыққа емес, мүддеге құрылған дейді, сарапшылар. Дегенмен, мүдде неден құралады, оның астарында не жатыр? Бұл маңызды сұрақ? Оны түсіну үшін жаһандық саясат жайлы зерттеушілердің еңбегіне көз саламыз. Youth.kz жаса сарапшылар үшін пайдалы болатын, әлемдік саясатқа қатысты ең үздік кітаптарды шолып шықты.
Тим Маршалл – «География тұтқындары» (Prisoners of Geography)
Британдық журналист, жазушы, сарапшы Тим Маршалдың бұл еңбегі – бестселлер, халықаралық сарапшы мамандардың үстелінен түспейтін кітап. Өйткені, ол әлемдік саясаттағы ең өзекті проблемалардың себебіне үңіледі. Неліктен Ресей Қырымға ұмтылады, Қытай Тибеттен айырылғысы келмейді? Жазушы осы сұрақтарға карта арқылы қарапайым тілмен жауап береді. Осылайша, әлемдегі ең ықпалды лидерлердің шешіміне география – тау, өзен мен теңіз қалай ықпал ететінін баяндайды.
Дэниел Ергин – «Жаңа карта» (The New Map)
Маршаллдың еңбегіне ұқсас, дегенмен әлемдік саясаттағы тағы бір мүдде сөз қозғайтын еңбек. Дэниел Ергиннің өзі энергетика саласындағы әлемдік сарапшы. Сондықтан да ол өз еңбегінде бүгінгі геосаясаттағы ең маңызды идеялар – энергия көздері мен климаттың өзгеруі әлемдік державалардың саясатына қалай ықпал етіп отырғаны туралы баяндайды. Ол өз еңбегінде бұрын Таяу Шығыс мұнайына тәуелді болған АҚШ енді өзін-өзі қамтамасыз етіп, экспорттаушыға айналғанын, Вашингтоннң сыртқы саясатын қалай өзгерткенін баяндайды. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасы – тек сауда емес, ең алдымен энергия ресурстарын жеткізу жолдарын қорғау амалы екенін атап өтеді.
Сэмюэл Хантингтон – «Өркениеттер қақтығысы» (The Clash of Civilizations)
Америкалық саясаттанушы, ғалым Сэмюэл Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» еңбегі ХХ ғасырда болған соғыстардың табиғатына үңіліп, тұжырым жасайды және болашақ соғыстардың сипатына болжам жасайды. Оның пікірінше, енді майдан жекелеген елдердің арасында болмайды, әлемді мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы шайқас күтіп тұр. Хантингтонның бұл идеясы қазіргі әлемде болып жатқан діни және этникалық шиеленістердің себебін түсінуге таптырмас құрал.
Грэм Аллисон – «Соғысқа бет бұрғандар» (Destined for War)
Гарвард профессоры Грэм Аллисон тарихи параллельдер арқылы бүгінгі ең үлкен геосаяси қауіпті талдайды. «Фукидид тұзағы». Бұл – үстемдік етуші держава АҚШ пен оның орнын басқысы келетін жаңа держава Қытай арасындағы қақтығыс қаупі. Автор соңғы 5 ғасырда болған осыған ұқсас 16 жағдайды зерттеген. Оның 12-сі жойқын соғыспен аяқталған, бір ғана мысал: I Дүниежүзілік соғыс алдындағы Ұлыбритания мен Германияның текетіресі. Кітаптағы басты сұрақ – Қытай мен АҚШ бұл «тұзақты» айналып өтіп, бейбіт келісімге келе ала ма, әлде соғысқа баруға мәжбүр ме?
Збигнев Бзежинский – «Ұлы шахмат тақтасы» (The Grand Chessboard)
Геосаясат туралы әдебиеттердің арасындағы шоқтығы биік еңбек. Өйткені оның авторы Бзежинский – саясатшы, 1977-1981 жылдарда АҚШ президенті Джимми Картердің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған, яғни, әлемдік саясаттың қазанында қайнаған тұлға. Геосаясатқа қатысты бірнеше еңбек жазған. Ал, бұл кітабы АҚШ-тың әлемдік гегемониясы және Еуразия құрлығындағы стратегиялық мүдделері туралы. Автор 1997 жылы жарық көрген бұл еңбегінде Орталық Азия мен Посткеңестік кеңістіктің геосаяси маңызын егжей – тегжейлі талдайды.
Генри Киссинджер – «Әлемдік тәртіп» (World Order)
Геосаясат тақырыбындағы еңбектерді парақтағанда Вьетнам соғының аяқталуына түрткі болған Париж келісімін жасасқан, сол үшін Нобель сыйлығын алған АҚШ саясаткері Генри Киссинджердің кітабын оқымай кетуге болмайды. Автор – нағыз «прагматикалық дипломатияның» шебері. Сондықтан оның кітабы тарихи тереңдікке тұнып тұр. Ол өз еңбегінде Еуропа, Ислам әлемі, Қытай, АҚШ секілді түрлі аймақтардың әлемдік тәртіпті қалай қабылдайтыны туралы баяндайды.
Егер оқырман геосаясатқа көбірек қызығатын болса Тим Маршаллды оқудан бастағаны жөн. Егер экономика және болашақ ресурстар маңызды болса – «Жаңа карта» таптырмас еңбек. Ал жаһандық қауіпсіздік пен соғыс қаупін түсінгіңіз келсе – Грэм Аллисонның кітабын қолға алыңыз.