Егер шетелде дауыс бергіңіз келсе, не істеу керек?
23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Әр адам дауыс беру-бермеуді өзі шешеді. Ешкім оны дауыс беруге мәжбүрлей алмайды. Сондай-ақ кімге дауыс бергенін айтуға міндетті емес. Сайлауда қалай және қайда дауыс беруге болатынын назарларыңызға ұсынамыз.
Қайда және қашан дауыс беруге болады?
Сайлау учаскелері тіркелген мекенжай бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Ел бойынша барлығы 10 423 учаске ашылады. Оның 79-ы Қазақстанның шетелдегі 61 елдегі өкілдіктерінде орналасады.
Әскери бөлімдерде, шалғай елді мекендерде, ауруханаларда, вахталық жұмыс орындарында және басқа да арнайы нысандарда учаскелердің жұмыс уақыты өзгеше болуы мүмкін. Кейбірінде дауыс беру 06:00-де басталады.
Дауыс беру қалай өтеді?
Дауыс беру арнайы жабдықталған учаскеде жүргізіледі. Сайлаушы жеке өзі дауыс береді және өз дауысын басқа адамға бере алмайды.
Бюллетень алу үшін жеке басын куәландыратын құжатты көрсету қажет. Содан кейін сайлаушы тізімге қол қояды, комиссия мүшесі де өз қолын қояды.
Бюллетеньді қалай толтыру керек?
Бюллетеньді дауыс беру кабинасында толтыру қажет. Таңдаған партияның тұсына белгі қойылады. Сондай-ақ «Барлығына қарсымын» деген нұсқаны таңдауға болады.
Бюллетеньді қарындашпен толтыруға немесе оған түзету енгізуге болмайды. Бірнеше партияға белгі қойылса немесе сайлаушының таңдауы анық болмаса, бюллетень жарамсыз деп танылады.
Учаскеге келе алмасаңыз
Денсаулық жағдайына байланысты немесе науқас адамға күтім жасауына байланысты учаскеге келе алмайтын азамат үйде дауыс бере алады.
Ол үшін 23 тамыз сағат 12:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беру керек. Содан кейін комиссияның екі мүшесі тасымалданатын жәшікпен сайлаушының үйіне барады.
Шетелде дауыс беру тәртібі
Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары да Құрылтай депутаттарын сайлауға қатыса алады.
Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдіктері жанындағы сайлау учаскелерінде сол елде тұрақты тұратын немесе ұзақ мерзімді іссапарда жүрген азаматтар, сондай-ақ қызметтік, іскерлік не туристік сапармен шетелде жүрген қазақстандықтар дауыс бере алады.
Сайлаушылар тізіміне енгізілу үшін азамат учаскелік сайлау комиссиясына өзі жүгініп, жарамды Қазақстан азаматының төлқұжатын ұсынуы қажет.
Егер учаскедегі тізімге енгізілген барлық сайлаушы дауыс беріп қойса, комиссия дауыс беруді белгіленген уақыттан бұрын аяқтай алады.
Шетелдегі сайлау учаскелерінің мекенжайлары мен тізімі ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурстарында жарияланады.
Дауыс санау қашан басталады?
Учаскелер жабылғаннан кейін дауыстарды санау басталады. Комиссия алдымен пайдаланылмаған бюллетеньдерді есептеп, кейін сайлаушылар мен берілген бюллетеньдер санын анықтайды.
Жәшіктер ашылған соң әр партияға берілген дауыстар, «Барлығына қарсымын» деген таңдау және жарамсыз бюллетеньдер саны есептеледі. Дауыс санау үздіксіз жүргізіліп, 12 сағаттан кешіктірілмеуі тиіс.
Сайлау нәтижесі қашан жарияланады?
Учаскелік комиссия хаттама жасап, оны аумақтық сайлау комиссиясына жібереді. Хаттаманың көшірмесі сайлау учаскесінде екі күн бойы ілініп тұрады.
Аумақтық комиссиялар хаттамаларын дауыс беру аяқталғаннан кейін үш күннен кешіктірмей Орталық сайлау комиссиясына ұсынады.
Сайлаудың түпкілікті қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруден кейін 10 күн ішінде анықтайды және жариялайды.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай сайлауында сайлаушылардың қандай құқықтары бар екенін жазған едік.