Думан Еркінбек: «Ғашықпын саған» арқылы қазіргі жастардың шынайы өмірін көрсеткім келді»

Қазіргі жастар үшін махаббат пен мансаптың, қаржылық тұрақтылық пен жеке бақыттың арасынан таңдау жасау барған сайын күрделене түсті. Режиссер Думан Еркінбек осы мәселеге арнап «Ғашықпын саған» фильмін түсірді. Ол Youth.kz тілшісіне берген сұқбатында картинаның қалай жасалғанын және басқа да мәселелер туралы сөз қозғады. 

«Өзімнің жеке өмірім әсер етті»

Фильмді түсіру идеясы қалай және қай кезде пайда болды? Неліктен дәл осы оқиғаны айтқыңыз келді?

– «Ғашықпын саған» картинасы Қазақстанда прокатқа ақпан айында шыққан. Фильм Алматыға оқуға келген студент қыз Еңліктің және оның музыкант жігітпен күтпеген кездесуінің тарихын баяндайды.

Фильм идеясы бірнеше жыл бұрын туған және оған Алматыдағы өмір, жеке тәжірибе мен бүгінгі жастардың тағдыры әсер етті. Фильмнің алғашқы идеясы жеке өмірімдегіі кезеңмен байланысты. Ол кезде қазіргі әйеліммен енді танысып жүргенбіз. Алматыда кездескен сәттер, сол уақыттағы сезімдер әсер етті.

Болашақта мелодрама түсірсем деген оймен сценарийдің алғашқы нұсқасын жазып қойғанбыз. Сценарий уақыт өте бірнеше рет өзгерді. Өйткені біз махаббаттың тек романтикадан тұрмайтынын, оның әлеуметтік әрі өмірлік қырлары да бар екенін түсіндік.

Қазақстанда мелодрама жанры азайып кеткендей көрінді. Сондықтан келесі фильмім міндетті түрде махаббат туралы болуы керек деп өзіме уәде бердім. Фильмге La La Land картинасының да әсері болды. Сол кезеңде шыққан фильм атмосферасы мен музыкалық мелодрама стилі маған шабыт берген.

Басты кейіпкердің оқиғасы үлкен қалаға арман қуып келетін жастарға несімен жақын?

– Фильмдегі Еңлік пен Арман образдары нақты бір адамдардың көшірмесі емес. Бұл бірнеше тағдырдан құралған жинақталған бейне. Алматыға сырттан келетін жастардың көбі студенттік өмірден бұрын күнкөрісті ойлайды. Өйткені өмірдің өзі соған итермелейді. Кейбірі шыдамай ауылына қайтып кетеді, ал кейбірін Алматы жібермей қояды. Менің ойымша, қазіргі жастардың басты мәселелерінің бірі – мамандық пен өмір шындығының сәйкес келмеуі.

Себебі, студенттік өмір көпшілік ойлағандай тек сабақ оқып, студенттік шақтың қызығын көрумен шектелмейді. Алматыға келген жастардың көбі күнкөріс қамымен жүреді, жұмыс істейді, ақша табуға тырысады. Кейбірі тіпті оқуын аяқтамай туған жеріне қайтып кетеді. Ал кейбірі қиындықтарға қарамастан қалып, өмірін осы қалада жалғастырады.

Қазір көптеген студент өз мамандығымен жұмыс істемейді. Көпшілігі дипломнан бұрын ақша табуды ойлайды. Себебі олар тек өзін емес, ауылдағы ата-анасын да ойлайды. Біз фильм арқылы дәл осы әлеуметтік шындықты көрсеткісіміз келді.

«Әркім өз жолын өзі таңдайды»

Неліктен отбасы, табыс және жеке бақыт арасындағы таңдау мәселесі бүгін қатты әсер етеді деп ойлайсыз?

– Фильмдегі негізгі тақырыптардың бірі – бақыт пен таңдау мәселесі. Қазіргі қоғамда адамдар бір уақытта әрі қаржылық тұрақтылыққа, әрі махаббатқа, әрі жеке бақытқа ұмтылады. Бірақ олардың барлығын қатар алып жүру оңай емес. Біз фильмде «мына жол дұрыс» деп айтқымыз келген жоқ. Әр адам өзіне жақын жолды өзі таңдайды. Сценарий жазу барысында біз өзімізді мазалаған сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық. 

Басты мақсат – сұрақ қою. Әр адамның өмірінде болатын таңдау туралы ойландыру: отбасы ма, жеке бақыт па, әлде қаржылық тұрақтылық па. Осы үш бағыттың қайсысы маңыздырақ екенін әркім өзі шешеді.

Көрермен фильмнен өзіне жақын бір сезімді, бір жағдайды табады деп ойлаймын. Ең бастысы – сол арқылы өз өмірі туралы ойланса, өз таңдауын қайта қараса, сол жеткілікті.

Қаланы фильмнің толыққанды кейіпкері деп айтуға бола ма?

– Біз тіпті титрда «Қала Алматы» деп арнайы жаздық. Өйткені Алматы біз үшін тірі қала. Оның өз мінезі бар, адамдардың тағдырын тоғыстырады. Бастапқыда фильмнің атауы «Алматының біз білмейтін көшелері» болған. Кейін көрерменге есте тез сақталуы үшін атауы өзгертілген. Сондай-ақ фильмде Аршаттың «Алматым» әні негізгі саундтректердің бірі ретінде қолданылған. Бізге бұл әннің атмосферасы фильм рухына дәл келетіндей көрінді. Қазір біз топ жаңа жобалар шығару үстінде.

Фильмнің коммерциялық жетістігі сіз үшін күтпеген жағдай болды ма?

– Жалпы біз сценарий жазу кезінде де, түсірілім барысында да ең алдымен көрерменге жақын тақырыптарды қозғауға тырысамыз. Яғни бұл жерде арнайы «коммерциялық болады» немесе «болмайды» деген есеп болған жоқ. Біз үшін ең маңыздысы – өзімізді сол сәтте толғандырған, өзімізге актуалды болған оқиғаларды айту еді. Сондықтан фильмнің көрерменге өтімді болып, жақсы қабылдануы белгілі бір деңгейде қуантты.

Дегенмен оны толық күтпеген жағдай деп те айта алмаймын. Себебі егер тақырып шынайы, көрерменге таныс болса, ол міндетті түрде реакция тудырады деп ойлаймыз.

Қазір қандай жобалармен жұмыс істеп жатырсыз?

– Үш түрлі жобаның сценарийін жазып жатырмыз. Соның бірі – детектив жанрындағы фильм. Қалған екі жоба да ауқымды әрі үлкен бюджет талап етеді. Командамен келесі қадамда масштабты әрі көлемді бюджетті картиналар түсіруді жоспарлап отырмыз.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз