Алматыда атақты режиссер Рашид Нугмановтың шығармашылық кеші өтті

Жақында Алматыда «Тәуелсіз жазушылар қауымдастығы» және «Две чашки книг» кітап-клубы атақты қазақстандық кинорежиссер Рашид Нугмановпен шығармашылық кездесу ұйымдастырды. Кеш барысында Youth.kz режиссердің жаңа жобалары, кинода болып жатқан жаңалықтар және жалпы өмірлік ұстанымдары туралы пікірін білді. 

Рашид-аға, сіз киноға қалай келдіңіз? 

– Шынымды айтсам, мектепте де, кейін сәулет институтында оқып жүргенде де өзімді кәсіби кинематографист ретінде елестеткен жоқпын. Бірақ мектепте алғашқы фильм түсірдім. Ол кезде бәрі әлемді шығармашылық тұрғыдан зерттеудің бір бөлігі секілді еді.

Кино институтына 30 жасымда түсуге шешім қабылдадым. Бір нәрсе түрткі болғандай. Сол жазды ерекше өткізейін дедім. Мәскеуге барып, оқу орнына түсуге тырысып көруді ұйғардым. Әрине, өтпей қалуым да мүмкін еді, өйткені Мәскеуде конкурс өте үлкен болатын. Бірақ бәрібір қызық тәжірибе болар еді. Екі институт таңдадым: МГИМО және ВГИК.

МГИМО бірден жабылды. Өмірбаяным сәйкес келмеді, комсомол мүшесі болу керек дегендей талаптар бар еді. Ал ВГИК – еркін суретшілердің мекені. Сөйтіп, таңдау сол жаққа түсті.

Мен ешқашан «өнер атаулының ішіндегі ең маңыздысы – кино» деп ойлаған емеспін. Мен үшін ең маңызды өнер – сәулет. Архитектура мен онымен байланысты дизайн, графика сияқты салалар.

Бірақ байқағаным – фильм түсіргенде де мен бәрін сәулетші сияқты құрастырамын. Кино мен архитектура арасында көп ұқсастық бар. Екеуі де ұжымдық шығармашылық.

Осылайша біртіндеп киноға сіңісіп кеттім. Кино деген – кірсең, оңай шыға алмайтын әлем.

Қазір де киномен айналысасыз ба?

– Қазір мені көбірек драматургия қызықтырады. Сіздерге бір кітап көрсетемін. Егер араларыңызда жазушылар болса, пайдалы болуы мүмкін. Кітаптың атауы – «Драматикон». Оны «Меломан» басып шығарды.

Жақында Астанада өткен халықаралық кітап жәрмеңкесінде бұл кітап «Жылдың үздік кітабы» жүлдесін алды.

Бұл кітапты жазуға, негізі, бүкіл өмірім кетті деуге болады. 2004 жылы Лос-Анджелесте сценарий құрылымы туралы алғашқы еңбегім шыққан. Кейін көптеген курстар, шеберлік сабақтары, лекциялар өткіздім. Материалдар жинала берді.

Сосын жыл сайынғы курстар үшін видеолекциялар түсіре бастадым. Барлығы 24 үлкен тақырып болды. Кейін студенттерім: «Мұның бәрі кітап болып шықпай ма?» деп сұрады.

Мен: «Егер өздерің бәрін мәтінге түсірсеңдер ғана», – дедім. Олар барлық лекцияларды сөзбе-сөз қағазға түсірді. Сөйтіп үлкен мәтін пайда болды. Кейін соны өңдеп, кітапқа айналдырдық.

Басқа қандай жобаларыңыз бар?

– Қазір мен жаңа жобамен айналысып жатырмын. Студенттер: «Осы жүйенің негізінде сценарий жазатын арнайы бағдарлама жасайық» деді. Ол сценарийді дұрыс форматтап қана қоймай, талдап, кеңес те береді. Яғни, белгілі бір деңгейде AI-агент болады.

Қазір бағдарлама әзірленіп жатыр. Екі мықты мамандармен – Англия мен Ирландиядан келген сарапшылармен жұмыс істеп жатырмыз. Жақын айларда тестілеуді ашамыз деп ойлаймын.

Біз жасап жатқан AI-дың басты қағидасы – «алдымен адам, содан кейін ғана AI». Бұл принцип Америка жазушылар Гильдиясы  ұстанымдарымен үндес. 

AI сценарийді сіздің орныңызға жаза алмайды. Егер толық сценарийді AI жазса, онда сіз авторлық құқықтан айырыласыз. АҚШ-та да, басқа елдерде де мұндай дүниені копирайт ретінде тіркей алмайсыз.

Сондықтан біздің жүйе сценарий жазбайды. Ол тек талдайды. Скрипт-доктор сияқты жұмыс істейді: кеңес береді, әлсіз тұстарды көрсетеді, диалогтардың табиғилығын тексереді.

Мысалы, кейіпкер слесарь болса, бірақ университет профессоры сияқты сөйлесе, жүйе: «Бұл кейіпкер бұлай сөйлей алмайды» деп ескертеді.

Өнер шынайы өмір көрінісі бола ала ма?

Өнердің өзі – өмірді қиял арқылы қайта жасау. Аристотель 25 ғасыр бұрын: «Өнер – өмірге еліктеу» деген.

Суретші де, жазушы да, режиссер де шындықты дәл көшірмейді. Олар оны интерпретация жасайды.

Тіпті ең шынайы фильмнің өзі – шартты шындық. Сондықтан өнердегі AI да жай факт генераторы емес, қиялмен жұмыс істейтін құрал болуы мүмкін. Бірақ ол адамды алмастырмауы тиіс.

Сіздің жеке философиялық көзқарасыңыз бойынша ескі фильмдердегі болашақты болжау мен қазіргі шындық қаншалықты үйлеседі?

– Жахандық масштабта бәлкім үлкен емес шығар, бірақ жердегі өмір үшін өте көп нәрсе өзгерді. Интернет пайда болды. Қазір жасанды интеллект келді. Әртүрлі мәдениеттер арасындағы байланыс та өзгерді. Адамдардың санасы өзгерді. Қазіргі жастар бізден мүлде бөлек.

Бізді шабыттандырған дүниелер – музыка болсын, идеялар болсын,  қазір жастарға онша әсер етпеуі мүмкін.

Сол үшін автор болашақты сәл болса да болжай алуы қажет. Өйткені сен шығармаңды жазып болғанша, ол оқырманға не көрерменге жеткенше уақыт өтеді. Сол аралықта дүние ескіріп кетуі мүмкін.

Мен сіздің «Қызыл рота» жобаңызды оқыдым, анаңыз туралы комедиялық дүние сияқты. Мемуар жазбайсыз ба?

– Жоқ, мемуар жазбаймын. Бірақ Петр Мамонов маған үнемі: «Неге отбасың туралы фильм түсірмейсің? Бұл бәрінен қызық қой», – деп айтатын. 

Алексей Учительдің Цой туралы фильмін көрдіңіз бе?

– Жоқ, көрген жоқпын. Бірақ сценарийін оқыдым. Алексей мені студиясына шақырып, бірнеше эпизодты қолдануға рұқсат сұрады. Сосын сценарийді берді.

Үйге барып оқып шықтым. Бірақ онда бәрі тым еркін өзгертілген еді. Наташа да, Марьяна да – бәрі басқаша көрсетілген. Оларды білмейтін адамға бәрібір болуы мүмкін. Бірақ мен олардың қалай сөйлегенін, қалай өмір сүргенін білемін.

Иә, суретшінің шығармашылық еркіндікке құқығы бар. Бірақ мен оны қабылдай алмадым. Өйткені мен сол өмірді өзім бастан өткердім.

Мысалы, «Дорз» фильмі шыққанда, Рэй Манзарек және өзге топ мүшелері фильмді қатты сынады. Бірақ көрерменге ұнады. Өйткені олар шындықты білмейді.

Ал мен режиссер ретінде сценарийді оқысам-ақ, фильмнің қандай болып шыққанын елестете аламын. Сондықтан кей фильмдерді көрудің өзі қажет емес.

Режиссерлердің ондаған жыл бұрынғы адамдар туралы фильм түсіріп, кей нәрсені өз қиялымен қосуына қалай қарайсыз? 

– Негізі бәрі фильмнің қаншалықты сапалы жасалғанына байланысты. Фактінің дәлдігі – деректі кино үшін өте маңызды. 

Ал көркем кинода ең бастысы – сен құрған әлемнің қаншалықты сенімді әрі қызықты екені. Егер фильм өте тартымды, әдемі, эмоциялық тұрғыдан күшті болса, көрермен көп нәрсені кешіреді.

Иә, бұл нақты өмірдегі адамдарды ренжітуі мүмкін. Өйткені олар: «Бәрі олай болмаған», – дейді.

Жас актерлерге қандай кеңес беретін едіңіз?

– Көп жылдар бойы үйренетін актерлік техникалар бар. Соларды меңгере келе актер белгілі бір деңгейде образға толық еніп, мықты актерге айналады. Олар жылдар бойы шыңдалған әдістер арқылы түрлене алады. Табиғи актерлер болады – олар өз қалпында қалып-ақ камера алдында қызықты көріне алады. Бұл – бір-бірімен ұштаса бермейтін екі түрлі техника.

Егер бір кәсіби актер мен бір табиғи актерді қатар қойсаңыз, араларында толық үйлесім болмауы мүмкін. Бұл неге байланысты? Екеуі де ең алдымен қандай режиссерге тап болатынына байланысты.

Егер режиссер табиғи актермен қалай жұмыс істеуді түсінсе, онда кәсіби емес актерлер де керемет ойнай алады. Мұнда актер мен режиссер арасындағы қарым-қатынас мүлде бөлек болады. Бірақ әр режиссер мұны істей алмайды.

Кейбір режиссерлер белгілі бір актерлік мектептерде тәрбиеленген. Олар актерлік техникаларды жақсы біледі, мысалы Станиславский мектебі, Ли Страсберг әдісі, Михаил Чехов жүйесі және тағы басқа бағыттар. Сондықтан олар кәсіби актерлермен тамаша жұмыс істей алады.

Бірақ ондай режиссерлер кәсіби емес актерлермен жоғары деңгейде жұмыс істей алмайды. Орташа деңгейде ғана. Өйткені ол мүлде басқа тәсіл. Кәсіби емес актермен жұмыс істеу үшін онымен терең ішкі байланыс орнату керек. Әйтпесе ол үнемі «ойнауға тырысып» тұрады. Ал тырысу – жасанды шығып, оны одан сайын нашарлатады.

Кәсіби актерде бәрі басқаша. Ол образға тереңірек енген сайын, дубль көбейген сайын жақсырақ ойнай береді. Әр дубль сайын күшейеді. Ал кәсіби емес актерде керісінше: әр дубль сайын табиғилық жоғалады. Бара-бара нашарлай түседі.

Егер кәсіби актер болғыңыз келсе, онда міндетті түрде кәсіби жолмен жүру керек. Театр мектебіне, актерлік мектепке түсу қажет. Жақсы ұстаздан оқу керек. Ол түрлі актерлік техникаларды терең білуі тиіс.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз