Қазақстандық кинопрокаттағы жаңа туындылар

Сәуір айында қазақстандық көрермендерді бірнеше кинопремьера күтеді. Оның бірі 2025 жылы түсірілімі аяқталған қазақ тарихына қатысты халықаралық жоба. Көптен күткен премьера деуге де болады. Youth.kz шолуын назарларыңызға ұсынамыз.

«Темірлан»

Netflix түсірген экшн жанрындағы Әмір-Темір туралы фильмнің Қазақстандағы прокаты басталды. Фильмнің режиссері – Джейкоб Шварц, сценарий авторы – Мэтью Грин. Әмір–Темір рөлінде – Кристиан Мортенсен. Түсірілімі Өзбекстан мен Қазақстанда өткен болатын. 14 ғасырда өмір сүрген әйгілі қолбасшының өмірі жайлы фильмнен көрермендер, голливуд актерларімен қатар Еркебулан Дайыров, Асан Мажит, Санжар Мади, Азиз Бейшеналиев, Максат Сабит, Жандос Айбасов секілді актерлардың жұлдызды шоғырының ойынын тамашалай алады.

«Туысқан»

«Молда», «Маған назар аудар» фильмдерімен таныс режиссер Абдусаид Шайхисламұлы көрермендерге кезекті фильмін ұсынады. Бұл жолы да қазақтың отбасылық құндылықтарына көңіл бөліпті, суреткер. Дәулетті кәсіпкер Асқар қайтыс болғаннан кейін, туыстардң арасында оның мұрасы үшін талас-тартыс басталады. Бұрын-соңды мұндай дүниемен бетпе-бет келіп көрмеген, кәсіпкердің ерке ұлы Самат туыстардың қысымына қарсы тұрып, өзінің мұрагерлікке лайық екенін дәлелдеуі тиіс. Рөлдерде Аян Өтепберген, Шынар Асқарова, Сафуан Шаймерденов,  Қуандық Шәкіржанов есімді танымал актерлар бар.

16 сәуір актриса әрі кинопродюсер Құралай Анарбекова тағы бір толықметражды фильмін көрермен назарына ұсынады.

«Періште»

Әдетте комедия жанрындағы фильмдер түсіретін режиссер Анвар Матжанов бұл жолы әлеуметтік тақырыпты қозғайтын драманы қолға алды. Басты рөлде фильмнің продюсері Құралай Анарбекованың өзі ойнайды. Фильм болған оқиғаның желісімен түсірілген, 90 жылдардағы өмірді суреттейді. Сұхбаттарының бірінде продюсер бұл фильмді түсіруге дайындалу үшін 4 жыл жұмсағанын және бірнеше сценарист ауыстырғанын хабарлаған болатын. Фильмде ауылдан келген бойжеткеннің жаңа ортада бет – бет келген қиындықтары баяндалады. Фильмде көрермендер Шехназ Қызыханова, Арман Уахитов, Нұралы Төлеуғазы, Раяна Бақытжанқызы секілді талантты актерлардың өнерін тамашалайды.

«Көлеңке»

16 сәуірде қазақстандық прокатқа қырғыз  киногерлер түсірген әлеуметтік драма жол тартады. Мирлан Омуралиев пен Темирлан Эркинов ұсынған картина да әйел тақырыбы. Мұнда бас кейіпкер Самат өмірде барлық нәрсені күшпен алуға болады деген сенімде. Тек, махаббат қара күшке бағынбайтынын түсінгісі келмейтіндей. Саматтың мұндай дүлей пиғылы Әсел үшін қандай тауқыметке айналар екен?

23 сәуір күні екі бірдей отандық картина прокатқа шығарылады.

«Алдар»

Басты рөлде Дәурен Серғазин. Айта кету керек, актер экранда Алдар көсе рөлін екінші мәрте сомдап тұр. Дегенмен қазақ фольклорындағы айрықша кейіпкердің үлкен экрандағы алғашқы бейнесі. Өйткені, 2011 жылғы «Алдар көсе» сериалы телекөрермендерге ұсынылған болатын. Бұл картинада Алдар бейнесі мүлде басқа қырынан ашылған секілді. Фильмнің синопсисінде Алдар қазақтар мен ойраттар арасындағы соғысты тоқтатып, бір-бірін құлай сүйген екі жастың тағдырына арашашы болатыны туралы айтылған. Рөлдерде Асан Мәжит, Әшім Ахмет, Ариан Худаштиан бар.

«Мүшел жас»

Көрерменге «Қара жәшік» сериалы арқылы таныс режиссер Әсет Жұмақанов енді отбасылық шытырман оқиғалы комедия ұсынып отыр. Басты рөлде Жанболат Найзабеков. Аты айтып тұрғандай фильм қазақы таным –  «мүшел жас» феноменіне негізделген. Бір отбасында төрт бірдей адам мүшел жасқа толады. Мүшел жастың өз ерекшелігі барын ескерсек, оған қатысты ырымға да бей – жай қарауға болмас.

Айдың соңғы күні 30 сәуір үш бірдей қазақстандық картина көрермендерін күтеді.

«Qara»

Триллер жанрындағы Бауыржан Сыздықовтың фильмі. Шыңғыс –  студент. Ол сыртқы бақылау камерасын сатып алып, оны өз подъезіне орнатады. Алайда, подьездегі бірқалыпты өмір кенеттен нағыз қылмыс кадрларына ұласады. Ол енді басын қатерге тігіп, жағдайға араласуы керек пе, әлде есіктің ар жағынан үнсіз бақылап отыра беруі керек пе –  Шыңғыс қиын таңдаудың алдында тұр.

«Мен үшін өмір сүр»

«Келінжан» сериалы және толық метрлі фильмдері арқылы көрерменге танымал продюссер Гүлнұр Мамасарипованың кезекті фильмі. Бұл картинада ол өзі де ойнайды. Басты рөлде Еркебұлан Тоқтар. Балалар үйінде бірге өскен екі достың бір-біріне қарама-қайшы болмысы мен тағдыры туралы фильм. Алайда, олардың арасында бір құпия бар. Ол ашылса, достыққа сызат түсе ме, әлде... Көрермендерді бей-жай қалдырмайтын фильм.

«Күзгі самал»

Режиссер Әділ Мереке ұсынған бұл фильмде махаббат уақыт талғамайды деген идея жасырынғандай. Драмада басты рөлді Берік Айтжанов сомдайды. Отанасы қайтыс болған соң тіршіліктен баз кешіп, өзімен өзі өмір сүруге көшкен қарт бір әйелді өлімнен құтқарып қалды. Осы сәттен бастап қарттың бірқалыпты өмірі таңғажайып оқиғалар мен психологиялық шиеленістерге ұласады. Өйткені екеуінің де жаны жүдеу еді. Енді қамкөңіл жандардың ғұмыры тосын сыймен толыққандай ма?

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз