«Дайвинчик» Telegram-боты туралы не белгілі және оның Павел Дуровқа қандай қатысы бар?

Telegram негізін қалаушы Павел Дуровқа қатысты Ресейде жаңа қылмыстық іс қозғалғаннан кейін «Дайвинчик» танысу боты қайтадан қоғам назарын өзіне аударды. Ресейдің Тергеу комитеті мен Федералдық қауіпсіздік қызметі бұл сервис арқылы Украина арнайы қызметтері жасөспірімдерді диверсиялық және террористік әрекеттерге тартқан болуы мүмкін деп мәлімдеді. Осы оқиғадан кейін Дуровқа сырттай терроризмге жәрдемдесті деген айып тағылып, оны халықаралық іздеуге жариялау рәсімі басталғаны хабарланды.

«Дайвинчик» деген не?

«Дайвинчик» немесе Leo – Telegram желісіндегі ең танымал танысу боттарының бірі. Жоба алғашында «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде іске қосылып, кейін Telegram платформасына көшірілген.

Боттың жұмыс принципі Tinder сияқты танысу сервистеріне ұқсайды. Пайдаланушы анкета толтырып, жасын, жынысын, қаласын және қызығушылықтарын көрсетеді. Алгоритм соған сәйкес адамдарды ұсынып, екі тараптың таңдауы сәйкес келген жағдайда жеке хат алмасуға мүмкіндік береді.

Қарапайым интерфейсі мен қосымша орнатуды қажет етпейтіндігі оның әсіресе жастар арасында кең таралуына ықпал етті. Әртүрлі дереккөздерге сәйкес, сервисте бірнеше миллион пайдаланушы бар.

2025 жылдың соңында Ресейдің Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникацияларды қадағалау жөніндегі федералдық қызметі «Дайвинчикті» тыйым салынған ақпараттар тізіліміне енгізіп, сервиске Ресей аумағында қолжетімділікті шектеді.

Бұған Ресей билігінің пікірінше, сервис материалдарында тыйым салынған контенттің, соның ішінде балалар порнографиясына қатысты ақпараттың және  ЛГБТ-насихатының» болуы себеп болған. Жоба өкілдері бұл шешімге қатысты егжей-тегжейлі ресми түсініктеме берген жоқ.

Бұғатталғанға дейін де сервис кәмелетке толмаған пайдаланушылардың көптігі, алаяқтық жағдайлары және контентті модерациялау жүйесінің жеткілікті тиімді болмауына байланысты бірнеше рет сынға ұшыраған. Бот арқылы алаяқтар фишингтік сілтемелер таратып, пайдаланушылардан ақша алдап алуға тырысқан немесе жалған аккаунттарды пайдаланған.

Неліктен бот дауға ілікті?

2026 жылдың шілде айының соңында Ресейдің Тергеу комитеті «Дайвинчик» арқылы Украина арнайы қызметтерінің өкілдері жасөспірімдермен байланыс орнатып, оларды диверсиялық әрекеттерге тартқан болуы мүмкін деген мәлімдеме жасады.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер алдымен бот арқылы танысып, кейін әңгімені Telegram-дағы жеке чаттарға ауыстырып, түрлі тапсырмалар орындауға көндірген. Осы фактілер бойынша кәмелетке толмағандарды терроризмге тарту бабымен қылмыстық істер қозғалған.

Алайда қазіргі уақытта бұл айыптауларды растайтын соттың заңды күшіне енген шешімі жоқ.

Павел Дуровтың бұл іске қандай қатысы бар?

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа Ресейде халықаралық іздеу жарияланды. РБК жазуынша, бұл туралы Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) Қоғаммен байланыс орталығы хабарлады.

«Ол халықаралық іздеуге жарияланады», – делінген ведомствоның мәлімдемесінде.

ФҚҚ мәліметінше, Павел Дуровқа Ресей Қылмыстық кодексінің 205.1-бабының 1.1-бөлігі («Террористік қызметке жәрдемдесу») бойынша айып тағылған.

Аталған бапқа сәйкес, айып дәлелденген жағдайда 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін де Ресей билігі Дуровқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, Telegram платформасы арқылы террористік қызметке қатысты пайдаланылған арналар мен сервистердің жұмысы уақытылы тоқтатылмаған.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Павел Дуровтың кінәсін дәлелдейтін соттың заңды күшіне енген үкімі жоқ. Сондықтан оған тағылған айыптар әзірге Ресей құқық қорғау органдарының ресми ұстанымы болып саналады.

Маңызды жайт – «Дайвинчик» Павел Дуровтың жеке жобасы емес. Ол Telegram платформасында жұмыс істейтін тәуелсіз әзірлеушілер жасаған үшінші тарап сервисі.

Соған қарамастан Ресей билігі Telegram әкімшілігі мемлекеттік органдардың талаптарына қарамастан боттың қызметін тоқтату немесе шектеу бойынша жеткілікті шара қолданбады деп есептейді. Тергеу материалдарында бұл жайт Павел Дуровқа тағылған айыптардың бірі ретінде көрсетілген.

Павел Дуровтың өзі бұл іс туралы не дейді?

Павел Дуровтың өзі бұл қылмыстық істі саяси астары бар іс деп атады. Оның айтуынша, билік ресейліктердің Telegram-ға қолжетімділігін шектеу үшін түрлі сылтау іздеген. 

«Ресей маған «терроризмге жәрдемдесті» деген айыппен қылмыстық іс қозғады. Билік күн сайын ресейліктердің Telegram-ға қол жеткізуін шектеу үшін жаңа сылтау ойлап табуда. Осылайша олар жеке өмірге қол сұқпаушылық пен сөз бостандығына деген құқықты тұншықтыруға тырысып жатыр. Өз халқынан қорқатын мемлекетті көру – өкінішті жағдай», – деп жазды Павел Дуров өзінің Telegram-арнасында. 

Бұл оқиға неліктен маңызды?

«Дайвинчик» төңірегіндегі жағдай тек бір танысу ботына қатысты дау емес. Бұл іс цифрлық платформалардың жауапкершілігі, пайдаланушылардың қауіпсіздігі және мемлекеттердің технологиялық компанияларға қоятын талаптары туралы жаһандық пікірталасты қайта күшейтті.

Сарапшылардың пікірінше, кез келген мессенджердегі бот заңды құрал болып саналады. Алайда оны заңсыз мақсатта пайдаланған жағдайда жауапкершілік боттың өзіне емес, оны қолданған адамдарға жүктелуі тиіс. Сонымен бірге платформалардың да қауіпті контент пен заңсыз әрекеттердің алдын алу бағытындағы міндеттері күн өткен сайын күшейіп келеді.

Осылайша, «Дайвинчик» төңірегіндегі іс тек Павел Дуровқа қатысты қылмыстық қудалау емес, цифрлық платформалардың болашақтағы жауапкершілігіне қатысты маңызды прецеденттердің біріне айналуы мүмкін. Қалай болғанда да, бұл іс бойынша соңғы құқықтық бағаны сот береді.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз