Apple OpenAI-ды коммерциялық құпияларды ұрлады деп сотқа берді
Apple компаниясы OpenAI-ға қарсы сотқа талап арыз түсіріп, оны коммерциялық құпияларды заңсыз иемденді деп айыптады. Компанияның мәліметінше, OpenAI-ға жұмысқа ауысқан бұрынғы Apple қызметкері құпия мәліметтерді заңсыз көшіріп алған.
Tech Crunch жазуынша, сот құжаттарына сәйкес, бұрын Apple-де инженер болып жұмыс істеген Чан Лю компаниядан кеткеннен кейін бірнеше апта өткен соң ішкі корпоративтік желіге қайта кіріп, бұрын белгісіз болған аутентификациядағы осалдықты пайдаланған. Apple бұл кемшілікті «нөлдік күн» (zero-day) санатындағы осалдық деп сипаттады. Яғни, компания оны шабуыл жасалғанға дейін анықтап, түзете алмаған.
Apple-дің мәліметінше, Чан Лю осы тәсіл арқылы ортақ желілік қалталардан ондаған құпия файлды көшіріп алған. Олардың қатарында әлі таныстырылмаған өнімдер туралы ақпарат, инженерлік презентациялар, техникалық сипаттамалар және жобаларға қатысты жабық материалдар болған.
Компания осалдық кейіннен жойылғанын және қауіпсіздік оқиғасы анықталғаннан кейін бұрынғы қызметкердің барлық қолжетімділігі бұғатталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Apple сервер журналдарын тексеру барысында дәл осы осалдықты тек Чан Лю пайдаланған деген қорытындыға келген.
Талап арызда Лю компанияның жұмыс ноутбугын уақытында қайтармағаны да көрсетілген. Сонымен қатар ол OpenAI-де жұмыс істеп жүрген кезінде Apple-де әлі қызмет атқарып жүрген әріптесі Ю-Тин Пэннің корпоративтік құрылғысы арқылы ішкі жүйелерге кірген деген айып тағылып отыр. Кейін бұл қызметкер де OpenAI-ға ауысқан.
Apple бұл оқиға бұрынғы қызметкерлердің корпоративтік жүйелерге қолжетімділігін дер кезінде тоқтатудың маңызын тағы бір рет көрсеткенін атап өтті. Компанияның пікірінше, мұндай кемшіліктер деректердің таралуына, қауіпсіздік талаптарының бұзылуына және құпия ақпараттың сыртқа таралуына себеп болуы мүмкін.
OpenAI Apple-дің коммерциялық құпияларға қатысты соттағы айыптауларын жоққа шығарды
OpenAI Apple компаниясының коммерциялық құпияларды ұрлады деген айыптауларын теріске шығарып, сотқа жолданған талаптың ешқандай негізі жоқ екенін мәлімдеді.
«Бұл айыптауларға байыппен қараймыз. Алайда шағымның негізді екенін дәлелдейтін ешқандай айғақтан хабарымыз жоқ. Біз адал бәсекелестікке және адамдардың кез келген жерде жұмыс істеу еркіндігіне сенеміз. Негізгі мақсатымыз – адамдарға жаңа мүмкіндіктер беретін инновациялық технологияларды әзірлеу», – делінген OpenAI мәлімдемесінде. Бұл мәлімдемені алғаш болып Bloomberg тілшісі Эд Ладлоу X әлеуметтік желісінде жариялады.
Мәлімдеме Apple компаниясы OpenAI-ға қарсы сотқа талап-арыз бергеннен бірнеше күн өткен соң жарияланды. Apple бұрын өзінде жұмыс істеген қызметкерлер OpenAI құрамында құпия ақпарат пен зияткерлік меншікке қол жеткізу үшін үйлестірілген әрекет жасады деп айыптап отыр.
АҚШ-тың Калифорния штатының Солтүстік округтік федералдық сотына жұма күні түскен 41 беттік талап-арызда OpenAI басшылығына, соның ішінде аппараттық қамтамасыз ету жөніндегі басшысы Тан Танға қатысты бірқатар айып тағылған. Тан Тан OpenAI-ға келгенге дейін Apple компаниясында 24 жыл еңбек етіп, iPhone және Apple Watch өнімдерінің дизайны жөніндегі вице-президент қызметін атқарған.
Бұл – OpenAI-дың аталған сот ісіне байланысты алғаш рет ресми пікір білдіруі. Бұған дейін компания TechCrunch басылымына берген қысқа мәлімдемесінде: «Бізді басқа компаниялардың коммерциялық құпиялары қызықтырмайды. Біз адамдарға жаңа мүмкіндіктер ашатын инновациялық технологияларды жасауға ғана назар аударамыз», – деген болатын.
Apple өз талабында ішкі тексеру нәтижесінде OpenAI мен оның серіктестері компанияның құпия мәліметтерін өздерінің аппараттық құрылғысын әзірлеу кезінде пайдаланғанының белгілері анықталғанын мәлімдейді.
Сарапшылардың айтуынша, OpenAI-дың бұрынғы Apple дизайнері Джони Айв негізін қалаған io стартапын сатып алуы компанияның Apple-мен тікелей бәсекелес болатын құрылғы әзірлеп жатқанын көрсетеді. Bloomberg мәліметінше, OpenAI қазіргі уақытта экраны жоқ, механикалық элементтері бар үйге арналған құрылғы жасап жатыр. Жобамен таныс дереккөздер оны «адамға ұқсас жасанды интеллект серігі» деп сипаттайды.
Сондай-ақ бұл құрылғыны әзірлеуге бұрын iPhone мен Mac жобаларында жұмыс істеген бірнеше бұрынғы Apple инженері қатысып жатқаны хабарланды.