Ксения Собчактың хат-хабарларының таралуы: желіге қандай материалдар шықты және журналистің өзі не дейді?
Шілде айының басында ресейлік журналист әрі медиаменеджер Ксения Собчактың басы дауға қалды. Бұған оның жеке хат-хабарлары, дауыстық хабарламалары мен жұмыс барысында жазысқан хаттары делінген материалдардың интернетте жариялануы себеп болды. Бұл материалдарды Black Mirror хакерлік тобы «ВЧК-ОГПУ» Telegram-жобасымен бірлесіп таратқан.
Оқиға қалай басталды?
8 шілдеде белгісіз біреулер Ксения Собчактың электрондық поштасына кірген. Журналистің айтуынша, дәл осы электрондық пошта арқылы шабуыл жасағандар оның «Собчак» және «Кровавая барыня» Telegram-арналарын уақытша иеленген.
Бірнеше минут ішінде бұл арналарда Собчактың жеке хат-хабарлары делінген скриншоттар, бейнежазбалар және «құпия мұрағат жарияланды» деген хабарламалар пайда болды. Көп ұзамай «Осторожно, новости» жобасының редакциясы Telegram-арналардың бұзылғанын, ал жарияланған материалдарды алаяқтар орналастырғанын мәлімдеді. Көп ұзамай бұл жазбалар «СОБЧАК» арнасынан өшірілді. Осы уақытта журналистің «Осторожно, новости» жаңалықтар арнасында аккаунттардың бұзылғаны туралы ресми хабарлама жарияланды.
«Алаяқтар біздің холдингке тиесілі «Кровавая барыня» және «СОБЧАК» Telegram-арналарына уақытша қол жеткізді. Сағат 14:00-ден кейін жарияланған жазбалардың бізге еш қатысы жоқ. Арналарда жариялануы мүмкін сілтемелерге өтпеулеріңізді және жалған хабарламалардан сақ болуларыңызды сұраймыз. Қолжетімділікті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Ксения Собчак бұған дейін де хакерлік шабуылдың құрбаны болған. 2025 жылдың сәуірінде дәл осы Black Mirror тобы оның жеке хат-хабарларының үзінділерін жариялап, кейін көлемі 25 гигабайт болатын толық архивті аты-жөні белгісіз сатып алушыға сатқан.
Желіге қандай материалдар тарады?
Port Telegram-арнасының жазуынша, Ксения Собчактың аккаунттарының бұзылғаны туралы алғашқы жазба оның сән мен шоу-бизнес жаңалықтарына арналған «СОБЧАК» Telegram-арнасында жарияланды. Онда журналистің достары оған белгісіз хакерлік топтың жабық арнасына сілтеме жібергені, ал сол арнада оның жеке хат-хабарлары жарияланғаны айтылған.
«Мен өз ойларым мен әрекеттерім үшін ұялатындай ештеңе істеген жоқпын. Егер біреу оқығысы келсе, оқи берсін. Тіпті хакерлер «экспозиция эпизодтары» деп атаған материалдардың кейбір үзінділерін өзім де жариялаймын», – делінген жазбада.
Желіге тараған скриншоттарда Ксения Собчак «Осторожно, новости» бас редакторынан Ресейдегі бензин тапшылығы туралы материалдарды жарияламауды талап еткені көрсетілген. Сондай-ақ ол ресейлік пропагандист Кристина Потупчикпен әзілдесіп, екеуін де «қабырғаға тұрғызады» деп жазған.
Бұдан бөлек, жарияланған материалдар арасында Мәскеу мэрі аппараты басшысының бірінші орынбасары Алексей Немерюкпен және миллиардер Олег Дерипасканың бұрынғы жұбайы Полинамен хат-хабарлар да болған.
Жарияланған барлық скриншоттарға жеке хат-хабарлар мен электрондық пошталардың мазмұнын хакерлік жолмен алып, сатумен айналысатын Black Mirror тобының сутаңбасы (watermark) қойылған. Алайда топтың өз Telegram-арнасында Собчакқа қатысты жаңа материалдар жарияланбаған.
Ксения Собчак не деді?
Ксения Собчак өзінің электрондық поштасы мен Telegram-арналарының бұзылғанын растады. Алайда ол желіге жарияланған хат-хабарлардың шынайылығын үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Оның айтуынша, таралған скриншоттардың басым бөлігі қолдан жасалған. Ал бұл жағдайды журналист өзіне қарсы ұйымдастырылған ақпараттық шабуыл деп бағалады.
«Достар, Telegram-арналарымды қайта қалпына келтірдім. Шынымды айтсам, мұндай тәжірибе ешкімге тілемеймін. Жаңа ғана пайда болған ақ шашымды бояуға баратын уақыт келген сияқты. Жарияланған скриншоттарға менің де, оларда менің сұхбаттасушыларым ретінде көрсетілген адамдардың да еш қатысы жоқ. Мұның бәрі – жалған. Бір қызығы, менің аккаунттарыма қолжетімділік электрондық поштамның бұзылуы салдарынан жоғалды. Яғни, алдымен алаяқтар электрондық поштама кіріп, соның көмегімен Telegram-ымды иемденген. Бұл туралы кейінірек егжей-тегжейлі жазамын. Мұндай жағдайдан сіздерді қалай қорғауға болатынын да бөлісемін», – деп жазды ол «Кровавая барыня» арнасында.
Жарияланған материалдарды шынайы деуге бола ма?
Қазіргі уақытта интернетте жарияланған хат-хабарлардың толықтай түпнұсқа екені тәуелсіз түрде расталған жоқ.
«Агентство» басылымы жарияланған хабарламалардың бір бөлігін «Осторожно, новости» Telegram-арнасындағы кейінгі редакциялық өзгерістермен салыстырып, кейбір мәліметтердің нақты болған оқиғалармен сәйкес келетінін жазды. Алайда басылым бұл бүкіл мұрағаттың шынайылығын дәлелдемейтінін атап өтті.
Осылайша, бұл оқиғаға қатысты пікірлер екіге жарылды. Хакерлер жарияланған материалдардың түпнұсқа екенін алға тартса, Ксения Собчак олардың қолдан жасалғанын айтып, мұның өзін қаралау мақсатында ұйымдастырылған науқанның бір бөлігі екенін мәлімдеп отыр.