Бақытты болу үшін адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керек?

Адамның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы оның өміріне әсер етеді. Отбасы, ата-анасы, балалары, достары және әріптестерімен жақсы байланыс орнату үшін адамның ең алдымен өзін түсінуі маңызды. Психолог Анна Чернигова «Саналы денсаулық» YouTube арнасына берген сұхбатында эмоционалдық интеллект, адамдар арасындағы қарым-қатынас, ата-анамен байланыс және бала тәрбиесі туралы айтты. 

Маманның сөзінше, адамдармен тең дәрежеде қарым-қатынас құру үшін эмоционалдық интеллект қажет. Адам өз сезімін түсініп, эмоциясын басқара алса, айналасындағы адамдарды да жақсырақ түсінеді.

«Адам өз сезімі мен эмоциясын түсінген сайын басқа адамның жағдайын да жақсырақ қабылдай бастайды. Дұрыс қарым-қатынаста екі тарап та бір-бірін тыңдап, өз ойын айтуға және өзін көрсетуге мүмкіндік алады», – деді психолог.

Оның айтуынша, кейде адамдар бірігіп әрекет еткенде жеке-жеке жасағанынан әлдеқайда жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Бұл – синергия деп аталады.

«Адамдар бір-біріне энергия, мотивация мен қызығушылық беріп, ортақ мақсатқа бірге ұмтылған кезде қарым-қатынас та нығая түседі», – деді Анна Чернигова.

Қақтығысты қалай шешуге болады?

Психолог кез келген қарым-қатынаста келіспеушілік пен қақтығыстың болуы қалыпты екенін айтты. Ең маңыздысы – жанжалдың туындауы емес, оны қалай шешу керектігі.

«Қақтығыс кезінде бір-бірімен сөйлесіп, тыңдап, ортақ шешім таба білу қажет. Егер біз «кім кінәлі?» деп емес, «бұл мәселені қалай шешеміз?» деп ойласақ, тіпті дағдарыстың өзі қарым-қатынасты күшейтетін мүмкіндікке айналады», – деді ол.

Маманның пікірінше, бір мәселені сөйлесу арқылы шеше алған адам кейін бұл тәжірибесін басқа қарым-қатынастарда да қолдана алады. Мысалы, отбасында немесе жұмыста өз ойын ашық айту, қажет кезде шегіне білу және сезімін жеткізу маңызды.

«Бір қарым-қатынаста мәселені сөйлесу арқылы шешкен адам «бір-бірімізді тыңдауға, көзқарасты өзгертуге, келісімге келуге болады» деген тәжірибе алады. Кейін бұл дағдыны отбасында, жұмыста, бизнесте де қолдана бастайды», – деді психолог.

Ата-анамен қарым-қатынаста шекара сақтау маңызды

Сұхбат барысында ата-анамен қарым-қатынас мәселесі де қозғалды. Психолог ата-ананы құрметтеу керек екенін, алайда адамның өз шекарасын да қорғауы маңызды екенін айтады.

«Ата-ананы құрметтеу маңызды, бірақ сонымен қатар өзіңді де қорғау керек. Әр адамның өз өмірін сүруге және өз таңдауын жасауға құқығы бар», – деді Анна Чернигова.

Кей жағдайда ата-анамен тым жақын араласу екі тарапқа да қиын болуы мүмкін. Мұндай кезде белгілі бір қашықтық сақтау қалыпты жағдай.

Психологтың айтуынша, адам есейген сайын ата-анасының пікіріне толық тәуелді болудан арылып, өз шешіміне жауап беретін ересек адамға айналуы керек.

Бала тәрбиесінде ата-ана алдымен өзіне қарауы керек

Анна Чернигова бала тәрбиесінде ата-ананың өз мінез-құлқына назар аударуы қажет екенін айтты. Балаға белгілі бір талап қоймас бұрын, ата-ана сол талапты өзі орындай ала ма деген сұраққа жауап бергені жөн.

«Балаға «осылай істе» деп талап етпес бұрын, өзіміз соны істей аламыз ба, соған қарауымыз қажет», – деді ол.

Маман ата-ана балаға мінсіз өмір жасап беруге тырыспауы керек екенін мәлімдеді. Баланың қателесуге, қиындыққа тап болуға және сол қиындықтарды жеңуді үйренуі маңызды. Егер ата-ана ашуланып, балаға дауыс көтеріп қойса, кейін онымен сөйлесіп, өз әрекетінің себебін түсіндіре алады.

«Бала ата-анасының да эмоциясы бар екенін, бірақ оның ашуы «мен жаман баламын» дегенді білдірмейтінін түсінуі керек», – деді психолог.

Баланың қалауын ескеру қажет

Маман кей ата-ананың баласының өз армандарын орындағанын қалайтынын айтты. Олар баласын түрлі үйірмеге беріп, үнемі жетістікке жетуге итермелеуі мүмкін. Алайда, бұл баланың шынайы қалауы болмауы ықтимал.

«Бала ата-анасының құндылығын дәлелдеу үшін емес, өз өмірін сүру үшін дүниеге келеді. Сондықтан, оның табиғи қызығушылығы мен таңдауына да мүмкіндік беру қажет», – деді Анна Чернигова.

Оның айтуынша, бала ата-анасының үмітін ақтау үшін емес, өзінің қызығушылығы мен қабілетіне сай өмір жолын таңдауы керек.

Барлығы өзіңнен басталады

Психологтың пікірінше, адамның жақындарымен, ата-анасымен, балаларымен немесе әріптестерімен қарым-қатынасы оның өзіне тікелей қатысты.

«Өз сезімімізді түсініп, өз жағдайымызды бағалай алсақ, басқа адамдардың да шекарасын, эмоциясын және қажеттілігін түсіну оңайырақ болады», – деді ол.

Сондықтан, адам кейде өзіне не қажет екенін, неге ашуланатынын немесе қандай жағдайдың көңіліне тиетінін түсінуге тырысуы керек.

Өз жолыңды қалай табуға болады?

Анна Чернигова адамның өз жолын бірден тауып кетуі міндетті емес екенін айтты. Оның пікірінше, күн сайын жасалған шағын қадамдар мен өмірлік тәжірибе адамның өзін жақсырақ тануына көмектеседі.

«Өмірде «дұрыс емес жол» немесе «бәрін құртып алған қателік» деген түсінікке байланып қалудың қажеті жоқ. Біздің әр таңдауымыз, әр қарым-қатынасымыз, әр тәжірибеміз бізге өзімізді тануға көмектеседі», – деді психолог.

Ол өткен тәжірибені қабылдап, қазіргі өмірге назар аударудың маңызды екенін айтады.

«Ең маңыздысы – өткен тәжірибеңді қабылдап, қазіргі өзіңді таңдай білу. «Бұл – менің өмірім. Менің басымнан өткеннің бәрі құнды. Бүгін мен осындаймын, ал ертең жаңа нәрсені таңдай аламын» деп айту керек», – деді Анна Чернигова.

Психологтың айтуынша, адамның өміріндегі ең маңызды нәрселердің бірі – өзінің ішкі жағдайын түсіну және өмірінде болып жатқан оқиғаларға деген көзқарасын қалыптастыру. Өз сезімін түсініп, өзгелерді тыңдай білетін адам айналасындағылармен де жақсы әрі сенімді қарым-қатынас орната алады.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз