«Босанудан қорқамын»: қыз-келіншектердің ең үлкен қорқынышы туралы мамандар не дейді

Босану көбіне өмірдегі ең бақытты сәттердің бірі деп айтылады. Алайда көптеген қыз-келіншек сәби күту қуанышымен қатар қатты қорқыныш сезінетіндерін мойындайды. Threads әлеуметтік желісінде қолданушылар неден қорқатынын ашық жазады. Босану кезіндегі ауырсынудан бастап, асқынулар, дәрігерлердің қарым-қатынасы, денсаулықтан айырылып қалу және үйреншікті өмірдің түбегейлі өзгеруіне дейін алаңдайтындарын айтады. Youth.kz ең жиі кездесетін қорқыныштар туралы психолог Светлана Бандровская мен релив-терапевт Рамиля Қадыровадан сұрап білді.

Көп әйелдер босанудың өзінен гөрі, одан кейін болатын өзгерістерден көбірек қорқатынын айтады. Олар жүктіліктің денсаулығына, сыртқы келбетіне және қалыпты өмір салтына әсер ететініне алаңдайды.

«Мен босанудан қорқамын. Жай ғана қорықпаймын, бұл туралы ойласам, ішім бәрі қысылып кетеді. Мені тек ауырсыну емес, бұрынғы қалпымда қалмаймын ба деген ойдан да қорқамын. Денем де, психикам да, өмірім де – бәрі өзгереді», – деп жазды v.stirbu_.

Осындай ойды басқа қолданушылар да жазған.

«Босанғаннан кейін шаш қатты түседі. Таз болып қаламын ба деп қорқамын», – деп жазды enkhe.pak.

Көпшілік үшін алаңдаушылық тек медициналық қауіптермен шектелмейді. Қыз-келіншектер еркіндігін жоғалтып аламын ба, қаржылық қиындықтарға тап боламын ба немесе баланы тұрақсыз әлемге әкеліп жатырмын ба деп те қорқады.

«Баланы осы дүниеге әкелуге қорқамын. Жүктіліктен, босанудан, денсаулығымнан айырылып қалудан қорқамын. Өмірім мәңгілікке өзгеріп, енді саяхат та, еркіндік те, өмірдің қызығы да болмай қала ма деп қорқамын», – деп бөлісті himmellegem_e.

Талқылаулардың тағы бір өзекті тақырыбы – ықтимал асқынулар. Қолданушылар табиғи босанудың да, кесарь тілігінің де салдарынан, эпидуралды анестезиядан, преэклампсиядан және басқа да қауіптерден қорқатынын жазады.

«Тісімнен, шашымнан айырылып қаламын ба деп қорқамын. Табиғи босанудан қорқамын... Кесарь тілігінен қорқамын, тігілген жер үнемі ауырып тұра ма деп қорқамын. Эпидуралдан кейін аяғым істемей қала ма деп қорқамын», – дейді catherina_gorgona.

Кейбір медициналық процедуралардың өзі де әйелдерді қатты алаңдатады.

«Эпизиотомия мен ішке қысым жасаудан», – деп жауап берді viktoryasigaeva, босану кезінде неден көбірек қорқатыны туралы сұраққа.

Тағы бір қолданушы бірнеше қауіптен бірдей қорқатынын айтты.

«Клизмадан қорқамын, преэклампсиядан қорқамын... Босану кезінде қайтыс болып кетемін бе деп қорқамын», – деп жазды _ksunka__95.

Жақын арада ана атанғалы жүрген әйелдер де аз емес. Олар жүктілік мерзімі ұзарған сайын қорқынышы күшейе түсетінін айтады.

«Мерзімінен бұрын босанып қоямын ба деп қатты қорқамын. Қызыммен 37 аптадан ерте дүниеге келме деп «келісіп» жүрмін», – деп жазды dikoshha.a.

Тағы бір болашақ ана да осындай сезімін жеткізді.

«Бұрын бұған философиялық тұрғыдан қарайтынмын. Бірақ мұның бәрі жақын арада менің басымнан өтетінін ойласам, шынымен қатты қорқамын», – деп мойындады koverina_daria.

Кейбір қыз-келіншектер үшін ауырсынудан гөрі белгісіздік қорқыныштырақ. Бұған басқа әйелдердің әңгімелері мен әлеуметтік желілердегі видеолар да әсер етеді.

«Қатты күйзеліс пен өте ауыр тәжірибеден қорқамын. Әйелдер босану туралы шындықтың бәрін айтпайды деген рилстерді көріп алдым», – деп жазды aleksandra blagova 8.

Сонымен қатар кейбір қолданушылар босанудың өзінен емес, медицина қызметкерлерінің өзіне және сәбиіне қалай қарайтынынан көбірек қорқатынын айтады.

«Меніңше, мен босанудан емес, дәрігерлердің маған және балама деген қарым-қатынасынан көбірек қорқамын», – деп жазды sweta_zhigovets.

Босанудан қорқу – қалыпты жағдай ма?

Мұндай қорқыныштардың қаншалықты кең таралғанын анықтау үшін Youth.kz психолог Светлана Бандровская және релив-терапевт Рамиля Қадыровамен сұхбаттасты.

Светлана Бандровскаяның айтуынша, әлеуметтік желілерде әйелдердің жазып жүрген уайымдары психология тұрғысынан алғанда қалыпты әрі түсінікті.

«Босану – адам өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Маңыздылығы жағынан оны тіпті өліммен қатар қоюға болады. Өлім – өмірдің аяқталуы болса, босану – оның басталуы. Екі процесс те адамды ерекше шекаралық жағдайға әкеледі, мұндай кезде күйзеліс пен психологиялық қысым күшейеді. Бұған гормондық өзгерістер мен басқа да көптеген факторлар қосылады. Сондықтан психиканың бұл шиеленісті қорқыныш пен алаңдаушылық арқылы қабылдауы – қалыпты құбылыс. Көп жағдайда бұл қорқыныштарда болашақ ананың бұрынғы өмірлік тәжірибесі көрініс табады», – деп түсіндірді маман.

Оның айтуынша, босанудан қорқу барлық заманда болған. Әр мәдениетте оны жеңілдетудің өзіндік жолдары қалыптасқан: кіндік шешелер, доулалар, түрлі салт-дәстүрлер болған. Ал қазіргі уақытта мүмкіндіктер одан да көп. Мазасыздықты азайтуға және босануға дайындалуға йога, босанғаннан кейінгі қалпына келу әдістері, психотерапия және қолдау топтары көмектеседі.

Релив-терапевт Рамиля Қадырова да осы пікірді қолдайды.

«Жүктілік пен босану – адам өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі. Сондықтан бұл кезеңдегі мазасыздық – табиғи нәрсе. Пікірлерден әйелдердің тек ауырсынудан ғана емес, белгісіздіктен, жағдайды бақылауды жоғалтып алудан, ықтимал асқынулардан және денесіне, қарым-қатынасына, өмір салтына әсер ететін өзгерістерден қорқатынын көруге болады. Мұның бәрі адамның өзін қауіпсіз сезінуге деген табиғи қажеттілігін көрсетеді», – деді маман.

Қадырованың айтуынша, қорқыныштың өзі психологиялық мәселенің белгісі емес. Керісінше, егер ол әйелді сенімді ақпарат іздеуге, босануға дайындалуға және өз денсаулығына мұқият қарауға ынталандырса, оның пайдасы бар.

Неліктен кейбір әйелдер босанудан қатты қорқады, ал кейбіреулері қорықпайды?

Рамиля Қадырованың айтуынша, бұл көптеген жеке факторларға байланысты.

«Бұған адамның мінез ерекшелігі, жалпы мазасыздық деңгейі, бұрынғы медициналық тәжірибесі, отбасыдағы оқиғалар, естіген әңгімелері, дәрігерлерге деген сенімі және өзін қауіпсіз сезінуі әсер етеді. Егер әйел қауіпті әрі болжауға келмейтін ортада өссе, белгісіздік көп болатын кез келген жағдай, соның ішінде босану да, оған әлдеқайда күшті алаңдаушылық тудыруы мүмкін», – деп түсіндірді маман.

Қорқыныш қашан маманға жүгінуге себеп болады?

Светлана Бандровскаяның айтуынша, жоғарыда аталған қорқыныштардың барлығы дерлік табиғи. Өйткені олардың әрқайсысының артында нақты қауіп немесе мәселе жатыр. Алайда адамның мазасыздығы күнделікті өміріне кедергі келтіре бастаса, бұл маманның көмегіне жүгінуге негіз болады.

«Егер қорқыныш өмір сүруге кедергі келтіретін деңгейге жетсе, маманға қаралған дұрыс. Міндетті түрде психиатрға барудың қажеті жоқ. Алдымен осы бағытта жұмыс істейтін психологпен немесе медициналық емес психотерапевтпен кеңесу жеткілікті. Көп жағдайда алғашқы кездесудің өзінде-ақ мазасыздық деңгейі айтарлықтай төмендеп, адамның негізгі әлсіз тұстары анықталады. Соның арқасында нақты әрекеттерге көңіл бөліп, күш-қуатты босқа жұмсамауға болады», – деді сарапшы.

Рамиля Қадырова да белгісіз нәрседен қорқу қалыпты реакция екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір болашақ ана босану кезіндегі ауырсыну, баланың денсаулығы және өзінің жаңа рөлге дайындығы туралы ойлайды.

«Алайда егер әйел үнемі тек осы туралы ойлап, жүктіліктен қашқақтай бастаса, дүрбелең ұстамаларын бастан өткерсе, босану туралы тыныш сөйлесе алмаса немесе қорқынышты ақпаратты үздіксіз іздей берсе, бұл жоғары мазасыздықтың немесе токофобияның – жүктілік пен босанудан патологиялық қорқудың белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жалғыз қалмай, психологтың немесе психотерапевтің көмегіне жүгінген жөн», – деп ескертті маман.

Қадырова сондай-ақ маман көмегі қажет болатын негізгі белгілерді атады:

  • алаңдаушылық барлық ойды жаулап алса;
  • жүктілікті жоспарлауға кедергі келтірсе;
  • ұйқының бұзылуына себеп болса;
  • дүрбелең ұстамаларын туғызса немесе ана болу тақырыбынан үнемі қашқақтауға мәжбүр етсе.

«Мұндай жағдайда міндетті түрде кәсіби көмекке жүгінген жөн. Психологпен жұмыс істеу қорқынышты толық жою үшін емес, оның себебін түсініп, мазасыздықты азайтып, адамның ішкі тұрақтылығын қалпына келтіруге мүмкіндік береді», – деп түйіндеді маман.

Неліктен әйелдер бала туғаннан кейінгі өзгерістерден қорқады?

Психолог Светлана Бандровскаяның пікірінше, қазіргі таңда бұл қорқыныш бұрынғыдан да күштірек сезіледі. Өйткені бүгінгі қоғам белсенді өмір салтын ұстанады, ал ешқандай міндеттемесіз өмір сүру бұрын-соңды мұншалықты тартымды болған емес.

«Белсенді жастардың көпшілігі үшін өзін-өзі дамытуға, жұмыс істеуге, демалуға және сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік мол. Сондықтан мұның бәрінен айырылып қалу бұрынғыдан әлдеқайда ауыр болып көрінеді. Шын мәнінде, осының көпшілігіне баланы да бейімдеуге болады. Хоббиге де, демалысқа да, тіпті жұмысқа да. Әрине, белгілі бір шектеулер болады, бірақ қорқыныштан туған қиял елестететіндей олар соншалықты ауыр әрі еңсерілмейтіндей емес», – деді психолог.

Релив-терапевт Рамиля Қадырова қазіргі әйелдер аналықты өмірдегі жалғыз рөл ретінде қабылдамайтынын атап өтті.

«Қазіргі әйелдің өз кәсібі, жеке қызығушылықтары, қарым-қатынасы және даму жоспарлары бар. Сондықтан оның қорқынышы көбіне босанудың өзіне емес, «Мен өз қалпымды сақтап қала аламын ба?» деген сұраққа байланысты. Сонымен қатар бүгінде әйелдер босанғаннан кейін қалпына келу, эмоциялық күйзеліс, депрессия және денедегі өзгерістер туралы әлдеқайда көп біледі. Мұндай ашықтық нақты қиындықтар жайлы айтуға мүмкіндік береді. Бірақ назар тек жағымсыз оқиғаларға ауған жағдайда бұл алаңдаушылықты күшейтуі мүмкін», – деп түсіндірді маман.

Әлеуметтік желілер алаңдаушылықты күшейте ме?

Светлана Бандровскаяның айтуынша, әлеуметтік желідегі талқылаулардың әсері екі түрлі болуы мүмкін. Егер ортада босану тәжірибесі жағымды өткен әйелдер болса, мұндай әңгімелер қорқынышты азайтады. Ал егер үрей мен жағымсыз пікірлер басым болса, мазасыздық одан сайын күшейеді.

Маманның пікірінше, ауыр босану туралы бейнероликтерді көру қорқынышты бірнеше есе арттырады. Психологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін ол виртуалды кеңістіктен нақты өмірге назар аударуға кеңес береді:

  • көрген ақпаратты өз өңіріңіздегі және таңдаған перзентханадағы босандыру қызметінің жағдайымен салыстыру;
  • таңдалған медициналық мекеменің дәрігерлері туралы пікірлерді оқу;
  • босану тәсілінің артықшылықтары мен кемшіліктерін бағалау;
  • өз жағдайыңызда қорқынышты сценарийлердің алдын алу үшін қандай нақты әрекет жасауға болатынын анықтау.

«Назарды нақты міндеттерге аудару виртуалды кеңістіктегі жағымсыз ақпаратқа байланып қалмауға көмектеседі. Ал мұндай ақпаратпен байланысты шектеу шынайы мәселелерді шешуге қажетті ішкі ресурстарды босатады», – деп қорытындылады Светлана Бандровская.

Рамиля Қадырова да әлеуметтік желілердегі үрейлі оқиғаларды үздіксіз оқу «ақпараттық мазасыздықты» қалыптастыратынын айтты.

«Адам миы эмоцияға толы әрі қорқынышты оқиғаларды жақсы есте сақтайды. Әлеуметтік желілердің алгоритмдері де осындай мазмұнды қайта-қайта ұсынып, ауыр жағдайлар қалыпты құбылыс сияқты әсер қалдырады. Соның салдарынан әйелдер қауіптің деңгейі шын мәнінде барынан әлдеқайда жоғары деп ойлай бастайды. Сондықтан ақпараттық гигиенаны сақтау өте маңызды. Ақпаратты тек әлеуметтік желіден емес, дәрігерлерден, мамандардан және ғылыми негізделген сенімді дереккөздерден алған дұрыс», – деді сарапшы.

Қорқынышты жеңуге не көмектеседі?

Светлана Бандровская бірнеше маңызды қадамды ұсынады.

Қорқынышты мойындау. Өзіңізге қорқуға рұқсат беріп, мұндай маңызды кезеңде бұл қалыпты әрі табиғи реакция екенін қабылдау. Егер қорқыныш шамадан тыс күшейсе, маманның көмегіне жүгіну.

Себебін түсіну. Қорқыныштың қайдан пайда болғанын анықтап, оның алдын алуға көмектесетін нақты әрекеттер мен пайдалануға болатын мүмкіндіктерді бағалау.

Қолдау ортасын қалыптастыру. Қиын сәтте сүйенуге болатын бір-екі сенімді әрі сабырлы адамды табу немесе айыптамай тыңдап, түсінетін қауымдастыққа қосылу.

Рамиля Қадырова қорқынышты жеңуге өз сезімдері туралы ашық айту, акушерлер өткізетін дайындық сабақтарына қатысу, психологпен жұмыс істеу және жақындарының қолдауы көмектесетінін атап өтті.

Маманның айтуынша, басты мақсат – қорқынышты толықтай жою емес, оның әйелдің өмірі мен шешімдеріне ықпал етуіне жол бермеу. Оның сөзінше, адам не болып жатқанын түсініп, өзіне және айналасындағыларға сүйене алған кезде мазасыздық деңгейі айтарлықтай төмендейді.

«Босанудан қорқу – өз алдына мәселе емес. Бұл – өмірдегі маңызды оқиғаға берілетін табиғи реакция. Ең маңыздысы – қорқыныштың болмауы емес, адамның ішкі тірегі, сенімді ақпаратқа қол жеткізуі және өз уайымымен жалғыз қалмағанын сезінуі», – деп түйіндеді Рамиля Қадырова.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз