Абьюзерді және токсикалық қарым-қатынасты қалай тануға болады: белгілері мен чек-лист
Қарым-қатынастағы ұрыстың болуы қалыпты, үйткені екі адамның пікірі әрдайым бір жерден шыға бермейді. Бірақ серіктестердің бірі екіншісін үнемі бақылауға, қорқытуға, кемсітуге немесе өз еркінен тыс әрекет жасауға мәжбүрлесе, бұл абьюзерлік қарым-қатынастың белгісі болуы әбден мүмкін. Youth.kz сізге зорлық-зомбылыққа толы қарым-қатынасты қалай тануға болатынын айтып береді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы интимдік серіктестің зорлық-зомбылығына физикалық және сексуалдық зорлықпен қатар психологиялық қысым мен бақылаушы мінез-құлықты да жатқызады.
Бағалау бойынша, әрбір үшінші әйел (әлем бойынша 840 миллион әйел) өмірінде серіктесінің зорлық-зомбылығына немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Деректер жинауға дейінгі 12 айдың ішінде 316 миллион әйел – 15 жастағы және одан үлкен әйелдердің 11%-ы жақын серіктесінің тарапынан физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
Абьюзер деген кім?
«Абьюзер» сөзі күнделікті қолданыста басқа адамға жүйелі түрде психологиялық, физикалық, сексуалдық немесе экономикалық қысым көрсететін адамды сипаттау үшін пайдаланылады. Абьюз міндетті түрде ұрып-соғудан басталмайды. Кей жағдайда алғашқы белгілер романтикалық қамқорлық немесе қызғаныш ретінде көрінуі мүмкін – «Қайдасың?», «Кіммен жүрсің?», «Неге бірден жауап бермедің?» деген сұрақтардың өзі зорлық-зомбылық жасаушының басқа адамды өз ықпалына бағындыру әрекеті бола алады.
Қарым-қатынастағы абьюздің негізгі белгілері
1. Үнемі бақылау: серіктесіңіз қайда жүргеніңізді, кіммен сөйлесетініңізді, не киетініңізді және кіммен араласатыныңызды бақылауға тырысады. Мысалы, телефонды тексеруді талап етіп, достарыңызбен немесе туыстарыңызбен кездесуге қарсы болады.
2. Қызғанышты махаббаттың белгісі ретінде көрсету: «Сені қызғанамын, өйткені жақсы көремін» деген сөз қызғанышты мүлдем ақтамайды.
Серіктесіңіз сіздің киіміңізге, достарыңызға, әріптестеріңізге немесе әлеуметтік желідегі жазбаларыңызға үнемі талап қоятын болса, бұл бақылаудың белгісі болуы мүмкін. Әсіресе қызғаныш қорқытуға, оқшаулауға немесе тыйым салуға ұласса, жағдайға назар аудару қажет.
3. Кемсіту және өзін-өзі бағалауды төмендету: Әдетте, зорлық-зомбылық көрсетуші серіктесінің барлық күш-жігерін жоққа шығаруға тырысады. Олар сондай-ақ олардың сыртқы келбетін сынға алып, оларды басқалармен салыстырып, басқалардың алдында ұятқа қалдыруға тырысады. Сосын, соңында, бәрі әзіл деп ақталады.
4. Газлайтинг: адамның өз жадына, сезіміне немесе шындықты қабылдауына күмән келтіруге итермелейтін психологиялық манипуляция. Мысалы, серіктес сізді ренжіткеннен кейін: «Мен ондай сөз айтқан жоқпын», «Сен бәрін ойдан шығарып жүрсің», «Сен тым сезімталсың», «Бәріне өзің кінәлісің» деп жауап беруі мүмкін.
5. Оқшаулау: абьюзер адамның әлеуметтік ортасын біртіндеп шектеуі мүмкін. Алдымен белгілі бір досыңызға қатысты наразылық білдіреді. Кейін басқа достарыңызбен араласуға, отбасыңызға баруға немесе әріптестеріңізбен сөйлесуге қарсылық танытады.
6. Экономикалық бақылау: серіктесіңіз ақшаңызды толық бақылауға алып, жұмыс істеуге тыйым салуы мүмкін. Сонымен қатар, барлық шығын үшін есеп беруді талап етіп, мүлікке немесе ортақ ақшаға қатысты шешімдерді жалғыз қабылдайды.
Яғни, сізді әдейі қаржылық тәуелділікке түсіреді.
7. Сексуалдық қысым: қарым-қатынаста болу адамның кез келген уақытта жыныстық қатынасқа келісуге міндетті екенін білдірмейді. Қысым көрсету, мәжбүрлеу, қалауын елемеу немесе келісімінсіз сексуалдық әрекет жасау – зорлықтың формалары.
Токсикалық қарым-қатынас пен абьюздің айырмашылығы қандай?
Токсикалық қарым-қатынаста екі тарап арасында тұрақты жанжал, құрметсіз қарым-қатынас, манипуляция немесе эмоционалдық тұрғыдан зиян келтіретін әдеттер болуы мүмкін.
Ал абьюзде билік пен бақылау мәселесі айқынырақ көрінеді: бір адам екіншісін қорқыту, бақылау, мәжбүрлеу немесе тәуелді ету арқылы өзіне бағындыруға тырысады. Мысалы, екі серіктестің бір мәселе бойынша жиі ұрысуы – автоматты түрде абьюз емес. Бірақ бір серіктестің екіншісін қорқытып, телефонын тексеріп, достарымен араласуына тыйым салып, ақшаға қол жеткізуін шектеуі – әлдеқайда маңызды белгі.
Осыған орай, адам өзінен де, серіктесінен де «Біз жиі ұрысамыз ба?» емес, «Бұл қарым-қатынаста мен өзімді қауіпсіз және еркін сезінемін бе?» деген сұрақ қоюы керек.
Өзіңізді тексеруге арналған чек-лист
Төмендегі сұрақтарға шынайы жауап беріп көріңіз.
- Менің телефонымды немесе әлеуметтік желідегі аккаунттарымды тексеруге тырысады.
- Қайда және кіммен жүргенімді үнемі бақылағысы келеді.
- Достарыммен немесе туыстарыммен араласуыма кедергі жасайды.
- Киіміме, сыртқы келбетіме немесе мінез-құлқыма тұрақты түрде талап қояды.
- Мені жиі кемсітеді немесе басқа адамдардың алдында ұялтады.
- Өзінің агрессиясына мені кінәлайды.
- «Сен өзің ашуландырдың» немесе «Сен мәжбүрледің» деп жауапкершілікті маған аударады.
- Болмаған оқиғаларды жоққа шығарып, менің есіме немесе сезіміме күмән келтіреді.
- Ақшамды немесе табысымды бақылауға тырысады.
- Жыныстық қатынасқа немесе басқа интимдік әрекеттерге қысым жасайды.
- Қорқытады немесе мені тастап кетсем, зиян келтіретінін айтады.
- Заттарды ұрып-соғады, лақтырады немесе физикалық тұрғыдан қорқытады.
- Мен оның көңіл-күйінен қорқып, сөзімді алдын ала өлшеп сөйлеймін.
- Оның реакциясынан қорыққандықтан өз жоспарларымнан бас тартамын.
- Қарым-қатынас басталғаннан бері өзімді бұрынғыдан әлсіз, сенімсіз немесе оқшауланған сезінемін.
«Ол кейін өзгереді» деген үмітке ғана сүйенуге бола ма?
Абьюз жағдайында серіктестің кешірім сұрауы мен уақытша жақсы мінез көрсетуі жағдайдың өзгергенін білдірмеуі мүмкін. Кейбір қарым-қатынастарда шиеленіс күшейеді, кейін зорлық немесе ауыр жанжал болып, одан соң кешірім сұрау, сыйлық жасау немесе «енді қайталанбайды» деген уәде беріледі. Біраз уақыттан кейін жағдай қайта қайталануы мүмкін. Сондықтан өзгерісті сөздерге сүйенбей, ұзақ уақыт бойы сақталған мінез-құлықтан бағалау маңызды.
Егер сіз өзіңізді осындай қарым-қатынаста танысаңыз, ең алдымен, өз қауіпсіздігіңізді бағалаңыз. Серіктесіңіз агрессивті болса немесе кетуге әрекет жасаған кезде қауіп төнуі мүмкін деп ойласаңыз, онымен жалғыз қалып, қарым-қатынасты бірден үзу міндетті емес. Сенімді адамға жағдайды айту, маңызды құжаттарды, ақша мен байланыс құралдарын қауіпсіз жерде сақтау және қажет болса алдын ала қауіпсіз орын дайындау маңызды.
Қазақстанда тікелей қауіп төнген жағдайда полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласуға болады. Денсаулыққа зиян келген жағдайда 103 жедел жәрдем шақырылады. 111 байланыс орталығы отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәулік бойы кеңес береді. Қызметке зорлық-зомбылық пен қауіп жағдайлары бойынша да жүгінуге болады.
Сондай-ақ 150 ұлттық сенім телефоны арқылы зорлық жағдайына тап болған адамдар психологиялық және құқықтық көмек ала алады. Мемлекеттік ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда 35 дағдарыс орталығы және 26 басқа ұйым жұмыс істейді; олардың ішінде мемлекеттік орталықтар да бар.
Ең бастысы, зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік жәбірленушіде емес екенін есте сақтау керек. Серіктестің ашулануы, қызғанышы, ішімдік ішуі немесе қиын балалық шағы оның басқа адамға күш көрсетуін ақтамайды.
Осыған байланысты жастар арасындағы неке мәселесі барған сайын өзекті болып келеді. Алайда, жақында жүргізілген сауалнама таңқаларлық нәтиже көрсетті. Youth.kz Қазақстандағы зерттеу нәтижелері туралы мына мақалада баяндады.