Әлемдегі үздік 100 кітап тізімі жарияланды
Жақында британдық The Guardian газеті ауқымды әдеби жоба – барлық уақыттағы ең үздік 100 роман тізімін жариялады. Бұл ауқымды мақсат дау мен сынға ұшырады. Youth.kz тізім, оның тарихы және қателіктері жайлы баяндайды.
Рейтинг бірнеше кезеңмен шығып, бірден кітап әлеміндегі ең көп талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Жобаның негізіне әлемнің әртүрлі елдерінен 172 жазушы, әдебиет сыншысы, журналист пен әдебиет оқытушысының пікірі алынған. Қатысушылар қатарында Стивен Кинг, Салман Рушди және басқа да танымал авторлар болды.
Редакцияның негізгі мақсаты – роман жанрының әлемдік әдебиеттегі дамуын көрсету болды. Сондықтан рейтингке әртүрлі тілде жазылған, бірақ ағылшын тілінде жарияланған немесе аударылған шығармалар енгізілді.
Бірінші орынды ағылшын жазушысы Джордж Элиоттың «Мидлмарч» романы иеленді. Екінші орынға америкалық жазушы Тони Моррисонның «Сүйікті» («Beloved») романы, ал үшінші орынға ирландиялық жазушы Джеймс Джойстың «Улисс» шығармасы орналасты. Алғашқы ондыққа француз жазушысы Марсель Прусттың «Жоғалған уақытты іздеу» романы, орыс жазушысы Лев Толстойдың «Анна Каренина» және «Соғыс пен бейбітшілік» шығармалары, сондай-ақ колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы енді.
Тізімде ең көп ұсынылған елдер – Ұлыбритания мен АҚШ. Британ әдебиетінен Вирджиния Вулфтың «Миссис Дэллоуэй», Чарльз Диккенстің «Суық үй» («Bleak House») және «Үлкен үміттер» романдары, Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйр» шығармасы, Джордж Оруэллдің «1984» романы енгізілді. Америкалық әдебиеттен Фрэнсис Скотт Фицджеральдтың «Ұлы Гэтсбиі», Герман Мелвиллдің «Моби Дик» романы, Ральф Эллисонның «Көрінбейтін адам» шығармасы және Уильям Фолкнердің «Дауыс пен ашу» романы тізімге кірді.
«The Guardian редакциясы» бұл рейтингтің 2003 жылғы нұсқамен салыстырғанда әлдеқайда алуан түрлі болғанын ерекше атап өтті. Егер сол кездегі тізімде небәрі 16 әйел жазушы болса, 2026 жылғы рейтингте олардың саны 36-ға жеткен. Ең көп шығармасы енген автор – Вирджиния Вулф. Оның «Маякқа қарай» («To the Lighthouse») және «Орландо» секілді бес романы рейтингке кірді.
Тізім әлем әдебиетінің географиясының кеңейгенін де көрсетті. Нигериядан Чинуа Ачебенің «Күйреу» («Things Fall Apart») романы енді. Үнді әдебиетінен Арундати Ройдың «Кішкентай заттар құдайы» және Рохинтон Мистридің «Нәзік тепе-теңдік» («A Fine Balance») шығармалары ұсынылды. Оңтүстік Кореядан Хан Ганның «Вегетарианка» романы енгізілді. Сонымен қатар латынамерикалық әдебиеттен мексикалық жазушы Хуан Рульфоның «Педро Парамо» романы, аргентиналық және италиялық авторлардың шығармалары тізімге кірді.
«The Guardian» рейтингтің қалай жасалғанына арналған бөлек материалды да жариялады. Редакция бұл тізімнің «соңғы әрі өзгермейтін әдеби канон» ретінде жасалмағанын мойындады. Жоба авторлары кез келген мұндай рейтингтің субъективті болатынын және міндетті түрде пікірталас тудыратынын айтты. Сонымен қатар журналистер жобаны Ұлыбританиядағы 2026 жылғы «Ұлттық оқу жылымен» және оқуға деген қызығушылықтың төмендеуімен байланыстырды.
Рейтинг жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілер мен форумдарда тізімге енбей қалған шығармалар қызу талқыланды. Reddit қолданушылары мен әдеби қауымдастық өкілдері рейтингте детектив, фантастика және балалар әдебиетінің аз болғанын сынға алды. Ең көп аталған «жоқ шығармалардың» қатарында Клайв Стейплз Льюис, Мартин Эмис және Джон Апдайктың кітаптары болды.
Бірнеше күннен кейін «The Guardian» ресми түзету материалын жариялады. Редакция француз жазушысы Альбер Камюдің «Бөгде» («The Outsider») романы қателікпен тізімнен түсіп қалғанын мойындады. Негізі бұл шығарма 71-орында болуы керек еді. Сонымен қатар бірнеше кітаптың жарық көрген жылдары қате көрсетілгені анықталды. Мысалы, Джейн Остиннің «Тәкаппарлық пен жаңсақ пікір» романының шыққан жылы 1813 жылдың орнына 1710 деп жазылған. Джеймс Джойстың «Улисс» романы үшін 1922 емес, 1914 жылы көрсетілген. Ал Рохинтон Мистридің «Нәзік тепе-теңдік» шығармасының жарық көрген уақыты 1995 жылдың орнына 1955 деп берілген. Бұдан бөлек, Уилла Кэтердің «Менің Антониям» романының рейтингі де шатастырылып, 78-орынның орнына 100-орынға қойылған.
Қателіктер мен сынға қарамастан, The Guardian жобасы 2026 жылғы ең ірі әдеби талқылаулардың біріне айналды. Әлеуметтік желі қолданушылары өз рейтингтерін жасап, әр елдің әдеби дәстүрлерін салыстырып, қай романдарды шын мәнінде «ұлы шығарма» деуге болатыны туралы пікірталас жүргізді.