Неліктен адамдар кездесуден кейін хабарсыз кетеді: ghosting деген не және зерттеулер бұл туралы не дейді?

Адам белсенді түрде сөйлесіп, хабарламаларға жауап беріп, кездесуге келіседі. Алайда кездесуден кейін бірден байланысқа шықпай қалады. Хабарламалар жауапсыз қалады, қоңырауларға жауап берілмейді, кейде адам әлеуметтік желілерден өшіріп немесе бұғаттап тастауы мүмкін. Мұндай әрекет ghosting, яғни гостинг деп аталады.

Адамдар неге хабарсыз кетеді?

Бұл термин ағылшын тіліндегі ghost – «елес» деген сөзден шыққан. Зерттеулерде гостинг романтикалық немесе романтикалық қарым-қатынасқа айналуы мүмкін байланысты ешқандай түсініктеме берместен тоқтату ретінде қарастырылады. Гостинг бірнеше кездесуден кейін де, ұзақ уақыт хат алмасқаннан кейін де болуы мүмкін. Адам жағымсыз әңгімеден қашқысы келуі, өзін ыңғайсыз сезінуі, эмоционалдық тұрғыдан шаршауы немесе өз қызығушылығының жоқ екенін қалай дұрыс жеткізуді білмеуі мүмкін.

Онлайн танысу кезінде байланысты тоқтату әлдеқайда оңай: хабарламаларға жауап бермеу немесе адамды өшіріп тастау жеткілікті. Зерттеулер коммуникациялық шамадан тыс жүктемені де гостингпен байланыстырады. Яғни хабарламалар мен жаңа таныстардың көптігі кей адамдардың қарым-қатынасты түсіндірусіз бірден тоқтатуына әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Telematics and Informatics журналында жарияланған зерттеуден білуге болады.

Тағы бір себеп – қауіпсіздік. Егер адам өзінің бас тартуына агрессивті, тым табанды немесе басқа да жағымсыз реакция болуы мүмкін деп алаңдаса, ол өз шешімін түсіндірмеуді таңдауы ықтимал. 

Неліктен гостинг ауыр қабылданады?

Гостингтің басты ерекшелігі – қарым-қатынастың нақты аяқталмауы. Тікелей бас тартқан жағдайда адам нақты жауап алады: қарым-қатынас жалғаспайды. Ал гостинг кезінде белгісіздік қалады. Әңгімелесуші қызығушылығын жоғалтты ма, бос емес пе, әлде басқа жағдай болды ма – оны түсіну қиын.

PubMed базасында жарияланған зерттеуде гостинг тәжірибесін зерттеген адамдар арасында жүргізілген зерттеуде хабарсыз қалғандар көбіне мұң мен эмоционалдық ауырсынуды сезінетінін айтқан. Сонымен қатар олар тиесілік сезімі, өзін-өзі бағалау және жағдайды бақылау сияқты психологиялық қажеттіліктерінің бұзылғанын көбірек сезінген. Ал қарым-қатынасты өзі гостинг арқылы тоқтатқан адамдар жеңілдікпен қатар кінә сезімін де бастан өткерген. 

2025 жылы Personal Relationships журналында жарияланған эксперименттік зерттеу де гостингтен кейін қатысушылардың өзін-өзі бағалауы төмендеп, адамға эмоционалдық байланысы тікелей бас тартуға қарағанда ұзақ сақталуы мүмкін екенін көрсетті. Белгісіздік адамның бұрынғы серіктесін немесе танысын әлеуметтік желілерден және танысу қосымшаларынан бақылауды жалғастыруға деген ықыласын күшейтуі мүмкін. 

Гостингті кімдер жиі қолданады?

Гостинг қысқа мерзімді романтикалық қарым-қатынастарда жиі кездеседі. Зерттеулер адамдардың оны ұзақ уақытқа созылған қарым-қатынасқа қарағанда қысқа таныстықты тоқтатудың қолайлырақ тәсілі деп қабылдайтынын көрсетеді. Сонымен қатар кейбір зерттеулер гостингті қолайлы деп санайтын адамдардың макиавеллизм, психопатия және нарциссизм сияқты «қараңғы үштік» деп аталатын тұлғалық сипаттарының кейбірімен байланыс болуы мүмкін екенін көрсетеді. Алайда бұл тек статистикалық байланыс. Бір адамның хабарсыз кетуіне қарап оған психологиялық диагноз қоя алмаймыз. 

Онлайн танысу жағдайында гостингтен кейін байланыс үзілуі тіпті ұзақ хат алмасудан кейін де болуы мүмкін. Зерттеулер онлайн танысудағы бас тартудың кең таралған түрлерінің бірі ретінде гостингті көрсетеді. 

Гостингті кімдер жиі қолданады?

Гостинг қысқа мерзімді романтикалық қарым-қатынастарда жиі кездеседі. Зерттеулер адамдардың оны ұзақ уақытқа созылған қарым-қатынасқа қарағанда қысқа таныстықты тоқтатудың қолайлырақ тәсілі деп қабылдайтынын көрсетеді. Сонымен қатар кейбір зерттеулер гостингті қолайлы деп санайтын адамдардың макиавеллизм, психопатия және нарциссизм сияқты «қараңғы үштік» деп аталатын тұлғалық сипаттарының кейбірімен байланыс болуы мүмкін екенін көрсетеді. Алайда бұл тек статистикалық байланыс. Бір адамның хабарсыз кетуіне қарап оған психологиялық диагноз қоя алмаймыз. 

Онлайн танысу жағдайында гостингтен кейін байланыс үзілуі тіпті ұзақ хат алмасудан кейін де болуы мүмкін. Зерттеулер онлайн танысудағы бас тартудың кең таралған түрлерінің бірі ретінде гостингті көрсетеді. 

Адам хабарсыз кетсе, не істеу керек?

Егер адам кездесуден кейін жауап бермей қойса, бірден барлық себепті өзіңізден іздеудің қажеті жоқ. Оның неге байланысқа шықпағанын тек осы әрекетіне қарап анықтау мүмкін емес. Қаласаңыз, бір рет қысқа хабарлама жазып, жағдайды нақтылауға болады. Мысалы: «Соңғы кезде байланысқа шықпай жүргеніңді байқадым. Егер қарым-қатынасты жалғастырғың келмесе, ашық айта аласың, мен оны қалыпты қабылдаймын».

Егер бұдан кейін де жауап болмаса, қайта-қайта жазу жағдайды өзгерте бермейді. Мұндай кезде болжамдарға емес, нақты фактілерге сүйенген дұрыс. Адамның сізбен қарым-қатынасты жалғастырғысы келмеуі міндетті түрде сізде қандай да бір мәселе бар екенін білдірмейді. Оның жеке жағдайы, көңіл-күйі немесе қарым-қатынасқа деген көзқарасы сізге байланысты болмауы мүмкін.

Қорытындылай келе

Зерттеулер гостингтің романтикалық қарым-қатынасты тоқтатудың кең таралған, бірақ жалпы алғанда адамдар аса ұната бермейтін тәсілі екенін көрсетеді. Хабарсыз қалған адам үшін бұл белгісіздік пен түсініксіздікке байланысты ауыр болуы мүмкін. Ал гостингті қолданған адам жағымсыз әңгімеден қашудың оңай жолы ретінде қабылдауы ықтимал. Қалыпты жағдайда қарым-қатынасты тікелей әрі құрметпен тоқтату екі тарапқа да көбірек түсініктілік береді. Бірақ адам өзін қауіпте сезінсе немесе қарсы тараптың жағымсыз реакциясынан қорықса, ешқандай түсініктеме берместен байланысты тоқтату өзінің жеке шекарасын қорғаудың тәсілі болуы мүмкін. 

Гостингті «жаман адам жай ғана жоғалып кетті» деген қарапайым түсінікпен шектеуге болмайды. Бұл әсіресе онлайн танысу кең тарағаннан кейін жиі байқала бастаған қарым-қатынасты тоқтатудың бір түрі. Оның себептері әртүрлі болуы мүмкін, ал салдары қарым-қатынастың ұзақтығына, эмоционалдық байланысқа және нақты жағдайға байланысты.

Гостингтің негізгі мәселесі – қарым-қатынастың аяқталуында ғана емес, адамның ешқандай түсініктемесіз қалуында. Ал белгісіздік кейде тікелей бас тартудың өзінен де қиын қабылдануы мүмкін.

Жастардың көпшілігі бойдақ рөлінде өздерін ыңғайлы сезінуде. Сауалнамалар кейбір жастардың кездесуді әдейі кейінге қалдыратынын, ал басқаларының қарым-қатынасқа мүлдем қызығушылық танытпайтынын көрсетеді. Youth.kz жастардың неліктен бойдақ болуды таңдайтынын түсіндіреді. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз