Зорлық-зомбылық туралы үздік қазақстандық фильмдер
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан кинематографиясында тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылық тақырыбы сирек көтерілетін. Бұл мәселе жаңалықтарда айтылып, әлеуметтік желілерде талқыланғанымен, үлкен экранға өте аз шығатын. Бүгінде жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Youth.kz осы тақырыптағы үздік қазақстандық фильмдерді ұсынады.
Зорлық-зомбылық туралы бейресми трилогия
Бұл тақырыпты жүйелі түрде зерттеп жүрген режиссерлердің бірі – деректі фильм режиссері Ринат Балғабаев. Оның «Тиіспе», «Қаш» және «Горгона» фильмдерін гендерлік зорлық-зомбылық туралы бейресми трилогия ретінде қарастыруға болады.
Трилогиядағы әр фильм мәселенің әртүрлі қырын ашады. «Тиіспе» сексуалдық қысым көрсету мен харассментке, сондай-ақ жәбірленушілердің не себепті ұзақ уақыт үнсіз қалатынына назар аударады. «Қаш» тұрмыстық зорлық-зомбылық пен абьюзивті қарым-қатынастың тұйық шеңберін көрсетеді. Ал «Горгона» сексуалдық зорлық-зомбылық тақырыбын көтеріп, зардап шеккендердің тағдырын, сонымен қатар, қоғамның оларға деген көзқарасын көрсетеді: көп жағдайда жәбірленушілер айыптауға тап болуда.
Бұл фильмдердің деректі форматта түсірілуі олардың әсерін күшейте түсті. Осының арқасында, көрермен «Неліктен қоғам әлі күнге дейін жәбірленушілерді қорғай алмай келеді?» деген сауалға жауап іздей бастауы мүмкін.
Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» фильмі
Егер Ринат Балғабаев мәселені деректі кино арқылы көтерсе, режиссер Асқар Ұзабаев бұл тақырыпты көркем фильм тілімен баяндайды. Оның «Бақыт» фильмі соңғы жылдардағы ең көп талқыланған қазақстандық картиналардың біріне айналған.
Фильм кейіпкерлерінің есімдері аталмаған, себебі продюсер Баян Алагузова жеке трагедияны ортақ трагедия ретінде көрсеткісі келгендей. Картинадағы басты кейіпкер ұзақ жылдар бойы күйеуінің психологиялық және физикалық қысымына шыдауға мәжбүр болған.
Картина зорлық-зомбылықтың көбіне бақылаудан, қорлаудан, оқшаулаудан және қорқыныштан басталатынын көрсетеді. Осының салдарынан, басты кейіпкер үшін абьюзивті қарым-қатынастан шығу оңай емес. Мұндай орта адамның өзіне деген сенімін де, еркін шешім қабылдау қабілетін де жояды.
«Бақыт» халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Фильм Берлин кинофестивалінде «Панорама» бөлімінің бас жүлдесін – «Көрермендер көзайымы» сыйлығын жеңіп алды.
«Шеттетілгендер» әлеуметтік драмасы
Бұл қатардағы тағы бір маңызды туынды – Жанна Исабаеваның «Шеттетілгендер» әлеуметтік драмасы.
Оқиға оңтүстік қазақтың шалғай жерлерінде өрбиді. Жиырма бес жастағы Айғаным некесіз туған алты жасар ұлымен бірге Алматыдан өзінің патриархалды ауылына оралады. Бірақ оқиға желісі қайғылы жағдаймен аяқталады.
Картина қоғамның немқұрайдылығы, жәбірленушілерді кінәлау және зорлық-зомбылық қалыпты құбылыс ретінде қабылданатын ортадан шығудың қаншалықты қиын екенін баяндайды.
Фильм дәстүрлі емес, артхаус жанрында түсірілгендіктен, Мәдениет министрлігінен тиісті қаржыландыру ала алмаған. Осыған орай, Жанна Исабаеваның айтуынша, бұл фильм осы мәселеге немқұрайлы қарамайтын адамдардың қолдауымен жарық көрді.