Қарым-қатынасты сипаттайтын сөздер

Қазір адамдардың қарым-қатынасы туралы әлеуметтік желілерде түрлі жаңа сөздер жиі кездеседі. Мысалы, бір адам сізбен жақсы сөйлесіп жүріп, кейін ештеңе түсіндірместен жоғалып кетуі мүмкін. Енді бірі сіз сүйіктісі бола тұра, сізді достарымен таныстырмайды. Ал кейбір адамдар қарым-қатынасты өзінің пайдасы үшін жалғастыруы мүмкін. Youth.kz Интроверт қосымшасындағы осындай әрекеттерді сипаттайтын 12 ұғымды қарапайым тілмен түсіндіреді.

Хобосексуал: үйі мен ақшасы үшін бірге болу

Хобосексуал – басқа адаммен махаббат үшін емес, оның үйі, ақшасы немесе тұрмыстық көмегі үшін бірге болатын адам. Мысалы, адам біреумен кездесіп жүріп, оның үйіне көшіп келеді. Бірақ, өзі үй шаруасына да, ортақ шығындарға да көмектеспейді. Сөйтіп, серіктесінің есебінен өмір сүреді. 

Алайда, адам ақшасы аз болса немесе уақытша жұмыссыз қалса, бірден хобосексуал болып кетпейді. Бұл сөз серіктесін әдейі пайдаланатын адам.

Свэг-гэп: жұптағы сыртқы айырмашылық

Свэг-гэп – жұптағы екі адамның киіну стилі, сыртқы бейнесі немесе танымалдығы бір-бірінен қатты ерекшеленетінін сипаттайтын сөз.

Мысалы, жұптың біреуі сәнді киініп, әлеуметтік желіде көпшілікке танымал болуы мүмкін. Ал екіншісі қарапайым киініп, көпшілікке онша таныс емес болады. Интернетте мұндай айырмашылықты «свэг-гэп» деп атайды. Бірақ, адамдардың стилі әртүрлі болуы олардың бір-біріне сәйкес келмейтінін білдірмейді.

Гостинг: хабарласпай жоғалып кету

Гостинг – адамның сізбен сөйлесіп, кездесіп жүріп, ештеңе түсіндірместен жоғалып кетуі. Мысалы, сіз бір адаммен күнде сөйлесесіз. Бір күні ол хабарламаларыңызға жауап бермей, қоңырауларыңызды қабылдамай қояды. Неліктен бұлай істегенін де айтпайды.

Мұндай жағдайда адам не болғанын түсінбей, уайымдауы мүмкін. Егер қарым-қатынасты жалғастырғыңыз келмесе, екінші адамға оны ашық айтқан дұрыс.

Орбитинг: сөйлеспейді, бірақ стористі көреді

Орбитинг – бұл жағдайда адам сізге хабарласпаса да, әлеуметтік желідегі өміріңізді бақылап жүреді. Мысалы, ол сізге жазбайды, кездесуге шақырмайды. Бірақ, Instagram-дағы стористеріңізді үнемі көреді, суреттеріңізге лайк басады.

Сіз оның не ойлап жүргенін түсінбеуіңіз мүмкін. Бірақ, стористі көру оның сізді әлі жақсы көретінін немесе қайта оралғысы келетінін білдірмейді.

Бенчинг: үміттендіреді, бірақ нақты шешім қабылдамайды

Бенчинг – адамның сізбен қарым-қатынасты нақты жалғастырмай, бірақ сізді өзіне жақын ұстап жүруі. Мысалы, ол кейде жылы сөйлесіп, көңіл бөледі. Алайда, кездесуге шақырмайды, қарым-қатынастың болашағы туралы айтпайды. Сіз одан үміт күтесіз, ал ол нақты шешім қабылдамайды.

Егер осындай жағдай ұзаққа созылса, оның сізден не қалайтынын сұрау керек. Сөзіне ғана емес, ісіне де назар аударыңыз.

Ситуэйшншип: жұпсыздар, бірақ оны ашып айпайсыздар

Ситуэйшншип – екі адамның бір-бірімен жақын кездесіп жүргенімен, дұрыс қарым-қатынас құрмауы.

Мысалы, сіздер жиі кездесесіздер, бір-біріңізге көңіл бөлесіздер. Бірақ, жігіт пен қыз екендеріңізді ашық айтпайсыздар. Болашақта бірге болатындарыңыз да белгісіз.

Мұндай қарым-қатынас екі адамға да қолайлы болуы мүмкін. Бірақ, біреуі байыпты қатынас қаласа, екіншісі тек уақыт өткізгісі келсе, арада түсініспеушілік пайда болады.

Сондықтан, қарым-қатынастан не күтетіндеріңізді ашық сөйлесіп алған дұрыс.

Софт-лонч: сүйіктісін жасырып көрсету

Софт-лонч – әлеуметтік желіде жаңа қарым-қатынасты ашық жарияламай, сүйіктіңіз бар екенін меңзейсіз. Мысалы, Instagram-ға екі адамның қолы түскен суретті саласыз немесе біреумен бірге отырғаныңызды көрсетесіз. Бірақ оның кім екенін айтпайсыз.

Бұл адам жеке өмірін бірден жариялағысы келмегенде қолданатын тәсіл.

Хард-лонч: сүйіктісін ашық жариялау

Хард-лонч – сүйіктіңізді әлеуметтік желіде ашық көрсетіп, қарым-қатынасыңызды жариялау.

Мысалы, бірге түскен суретті салып, сүйіктіңіздің парақшасын белгілейсіз. Осылайша достарыңыз бен оқырмандарыңыз жұп екендеріңізді біледі.

Софт-лончта адамның кім екені жасырылса, хард-лончта қарым-қатынас ашық көрсетіледі.

Покетинг: сүйіктісін елден жасыру

Покетинг – адамның сүйіктісін достарымен, отбасымен таныстырмауы және қарым-қатынасын айналасындағы адамдардан жасыруы.

Мысалы, сіздер бірнеше ай кездесіп жүрсіздер. Бірақ ол сізді достарымен таныстырмайды, бірге түскен суреттерді жарияламайды, таныстарының алдында қарым-қатынастарыңызды айтпайды.

Бұған түрлі себеп болуы мүмкін. Егер ол сізді үнемі жасырып, себебін түсіндірмесе, бұл туралы ашық сөйлескен дұрыс.

Лавбомбинг: басында шамадан тыс көңіл бөлу

Лавбомбинг – қарым-қатынас енді басталған кезде адамға өте көп көңіл бөліп, сезімін асыра көрсету.

Мысалы, сіздер кеше ғана таныстыңыздар. Ол бүгіннен бастап сізге тоқтаусыз хабарлама жазып, қымбат сыйлықтар береді, «сенсіз өмір сүре алмаймын» дейді және бірден бірге тұруды ұсынады.

Мұндай әрекет кейде адамды тез баурап алып, кейін оны бақылау үшін қолданылуы мүмкін. Бірақ, көп көңіл бөлу немесе сыйлық беру лавбомбинг болмауы да мүмкін. 

Гэтсбинг: бір адамның назарын аудару үшін пост салу

Гэтсбинг – өзіңізге ұнайтын адамның назарын аудару үшін әлеуметтік желіге арнайы сурет немесе видео жариялау.

Мысалы, сізге бір жігіт ұнайды. Ол көрсін деп әдемі сурет саласыз немесе көңіл күйіңізді көрсететін сторис жариялайсыз. Кейін оның көрген-көрмегенін тексересіз.

Бұл көп адамға таныс жағдай болуы мүмкін. Бірақ, бір адамның назарын аудару үшін үнемі пост жариялап, оның реакциясын күту шаршатуы мүмкін.

Хуверинг және неггинг: қайта оралу және кемсіту

Хуверинг – бұрынғы сүйіктіңіздің қарым-қатынас аяқталғаннан кейін қайта оралып, сізді баурауға тырысуы.

Мысалы, ол біраз уақыт хабарласпай кетеді. Кейін қайта жазып, «өзгердім», «бәрін қайта бастайық» дейді. Бірақ, қайта қосылған соң бұрынғы әрекеттерін қайталайды.

Бұрынғы серіктестің қайта оралуы міндетті түрде оның жаман екенін білдірмейді. Оның шынымен өзгергенін сөзіне ғана емес, ісіне қарап тексерген дұрыс.

Неггинг – мақтағандай болып, адамның көңіліне тиетін сөз айту.

Мысалы, серіктесіңіз: «Басқа қыздарға қарағанда ақылды екенсің» немесе «Бүгін әдемісің, әдетте олай емессің» деуі мүмкін. Бір қарағанда мақтау сияқты көрінгенімен, мұндай сөз адамның өзін төмен сезінуіне себеп болуы мүмкін.

Егер біреу сізді жиі кемсітіп, кейін «әзіл ғой» деп ақталса, оның сөзі сізге қалай әсер ететінін ашық айтыңыз. Қарым-қатынаста әзіл адамның намысына тимеуі керек.

Қарым-қатынаста не маңызды?

Бұл 12 сөз әлеуметтік желіде және күнделікті қолданылатын ұғымдар. Олардың бәрі ресми психологиялық диагноз емес.

Сондықтан, біреудің әрекетін көріп, ол сондай екен деген ой түймеу керек. Ең бастысы  адамның сізге қалай қарайтыны, сөзі мен ісінің сәйкес келуі және жеке басыңызды құрметтеуі.

Дұрыс құрылған қарым-қатынаста екі адам да өз ойын ашық айтып, бір-бірімен санасып, таңдауларын құрметтейді.

Бұған дейін бақытты болу үшін адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз