Алғашқы қазақ газеттері және бүгінгі медиа дағдарысы
Қазақ баспасөзі XIX ғасырдан бастау алса да, бүгінгі күні ол жаңа сын-қатерлерге тап болып отыр. Youth.kz белгілі журналист, «Мінбер» сайтының бас редакторы Есенгүл Кәпқызымен бірге қазақ медиасының жағдайын талдады.
XX ғасырдың басында қазақ баспасөзі ұлттық ағартушылық пен саяси ойдың негізгі мінберіне айналған еді.
Қазақ баспасөзінің қалыптасуы
1870 жылы Ташкентте «Түркістан уәлаятының газеті» жарық көрді. Бұл қазақ тіліндегі алғашқы ресми басылым болды және сол кезеңдегі қоғамдық өмір туралы ақпарат таратты. Туркестанские ведомости газетіне қосымша ретінде тұңғыш қазақ тілінде шыққан аударма газет.
Бұл тек қазақ тілінде емес, жалпы Ресей империясының қол астындағы барша түркі халықтары тілінде шыққан алғашқы мерзімді басылым болды. Оның пайда болуының және мерзімді басылым ретінде қалыптасуының негізгі обьективті алғышарты қазақ жерін отарлаудың одан әрі күшеюі болды. Газеттің редакторы шығыстанушы Ш.М. Ибрагимов болды.
1888 жылы Омбыда «Дала уәлаятының газеті» шықты. Ол қазақ қоғамындағы әлеуметтік және ағартушылық мәселелерді көтерді.
XX ғасырдың басында ұлттық баспасөз дамуы жаңа деңгейіне көтерілді.
1911 жылы Троицк қаласында «Айқап» журналы жарық көрді. Оның редакторы Мұхамеджан Сералин болды. Журналда жер мәселесі, оқу-ағарту, әйел теңдігі сияқты қоғамдық мәселелер кеңінен талқыланды.
1913 жылы Орынборда «Қазақ газеті» басыла бастады. Оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы, ал негізгі ұйымдастырушылары қатарында Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы болды. Бұл газет қазақ қоғамындағы саяси ойдың дамуына, ұлттық сананың қалыптасуына ерекше ықпал етті.
Осы кезеңнен бастап қазақ баспасөзі тек ақпарат таратушы құрал емес, ұлттың қоғамдық санасын қалыптастыратын және саяси бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды институтқа айналды.
Сенім дағдарысы және қысым
3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Ол 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан UNESCO бастамасымен бекітілді. Шешім 1991 жылы журналистер конференциясында қабылданған ұсыныстар негізінде қабылданды.
Бүгінде сол тарихи негізде қалыптасқан қазақ медиасының жағдайы қандай?
Белгілі журналист «Мінбер» сайтының бас редакторы және SDU оқытушысы Есенгүл Кәпқызының айтуынша, бүгінгі қазақ медиасының технологиялық дамумен қатар, сенім дағдарысы, аналитикалық материалдардың азаюы және тәуелсіздік мәселесімен сипатталады.
«Дамыған елдерде медиа салық төлеушілердің алдында есеп беріп, қоғамдық мүддені қорғайды. Соның арқасында сенім жоғары. Ал бізде мемлекеттік медиа сенім кредитінен айырылды», – дейді ол.
Бұл жағдай жалпы медиаға деген аудитория сенімінің төмендеуіне алып келген.
Мемлекеттік тапсырыс әлемдік тәжірибеде бар. Мысалы, Radio Free Europe/Radio Liberty сияқты ұйымдар мемлекеттен қаржыландырылады.
Алайда негізгі айырмашылық – редакциялық тәуелсіздікте.
«Оларда мемлекет қаржыландырғанымен, контентке араласпайды. Ал бізде керісінше – тапсырыс берілген соң мазмұнға ықпал етеді», – дейді Есенгүл Кәпқызы.
Оның пікірінше, бұл жағдай медианың еркін дамуына кедергі келтіреді және сапалы журналистиканың қалыптасуын тежейді.
Тағы бір мәселе – қазір әлеуметтік желілер басты ақпарат көзіне айналды.
«Халықтың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желілерден алады.Бұл үрдіс дәстүрлі медианың рөлін әлсіретіп, жаңа проблемаларды туындатты: жалған ақпарат, манипуляция, блогерлер ықпалының артуы», – дейді Есенгүл Кәпқызы.
Сонымен қатар, медиа сарапшы Қазақстанда сөз бостандығы шектелуінің салдары туралы айтты.
«Сөз бостандығы қысымға ұшыраған жерде аналитика азаюы – табиғи құбылыс. Редакциялық деңгейдегі шектеулер де маңызды рөл атқарады. Көптеген зерттеу материалдары ішкі цензурадан өтпейді, сондықтан жарияланбайды. Нәтижесінде журналистер жеңіл, қауіпсіз контентке көбірек бет бұрады», – деп түйіндеді Есенгүл Кәпқызы.