Жалғыздықты жеңу үшін: танысуға арналған нұсқаулық
RFSU (Швецияның жыныстық ағарту қауымдастығы), танысу дағдыларын жақсартқысы келетін жандарға шабыт беріп, қолдау көрсету үшін арнайы нұсқаулық дайындаған. Онда кездесуге дейін, кездесу кезінде және одан кейін назар аударылуға тиіс дүниелер мен нақты кеңестер берілген. Youth.kz құжат мазмұнын саралай келе, жалпы коммуникация орнатуға қатысты нұсқаулықтың пайдалы тұстарын атап өтті.
«Бірінші кездесу алдында не нәрсені ескеру керек? Біреудің сізді ұнататынын (сезіміңіздің өзара екенін) қалай білуге болады? Танысу профиліңізде міндетті түрде балық ұстап тұрған суретіңіз болуы керек пе? Бұл сұрақтарға қалай жауап берер едіңіз?
Танысуға арналған нұсқаулық 3 бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде танысуды бастамас бұрын ескерілуі тиіс дүниелерге мән берілген. Мысалы, таныстық іздемес бұрын нақты қандай адаммен кездескіңіз келетінін анықтап алу маңызды екені айтылған. Танысатын адамға қатысты критерийлер тізімі де берілген: қамқор, әзілқой, ашық, адамның жеке уақытына құрметпен қарайтын, бірге тұруға ниетті, белсенді.
Осыдан соң, нұсқаулық авторлары адаммен қай жерге танысуға болады деген сауалға жауап іздейді. Онда танысуға арналған мобильді қосымшалардан өзге реал өмірдегі мүмкіндіктердің тізімі берілген. Онда реалда танысуға болатын орындарды үш топқа бөліп қарастыру ұсынылған: жиі баратын жерлеріңіз, танысу мақсатында жиналатын орындар, бірдей хоббиі бар адамдар бас қосатын жерлер.
Жақсы танысу профилін қалай жасау керек?
Танысуға болатын жерлерді нақтылап алған соң, танысу профиліне де мән беру ұсынылған. Швед мамандарының кеңесі бойынша, профиль шынайы әрі ашық болуы тиіс. Дұрыс сурет таңдалуы керек. Кеңестердің арасында түрлі ракурстағы бірнеше фотоның болуы, кем дегенде бір фотода бет-әлпет анық көрінуі тиіс екені, хобби, спорт, қозғалыс кезінде түсірілген фотолар салуға болатыны және айна алдында жасалған селфиді салуға болмайтыны айтылған.
Өзіңізді таныстырғанда басқаға қоятын талабыңыз туралы емес, өзіңіз туралы көбірек мәлімет беріңіз дейді, нұсқаулықта. Хобби, қызығушылық туралы ақпарат беріп, қандай қарым-қатынас іздеп жүргеніңізді де қоса кетіңіз.
Шведтік әдіс бойынша, профильдегі басты мақсат өзіңізді «сату» емес, өзіңіз туралы шынайы мәлімет беру. Бұл сізге ұқсас құндылықтары бар адамдарды табуға көмектеседі.
Алғашқы байланыс орнату қағидалары
Нұсқаулық авторлары танысуды қалай бастау керек, алғашқы хабарламаны неден бастау керек деген мәселеге де назар аударыпты.
Нұсқаулыққа сәйкес, тек қана «сәлем» деп жазу немесе дөрекі, сексуалдық астары бар сөздер жазу дұрыс емес. Ең дұрысы профиліндегі мәтінге немесе фотосындағы әрекетке қатысты сұрақ қою екен. Ал, кездесуге шақырғыңыз келсе нақты бір мақсат болсын. Айталық: «Кофе ішсек қайеді», «серуендейміз бе?» немесе «бірге ойын ойнайық» деген сияқты түсінікті ұсыныс жасау керек. Ең бастысы, егер ол адам сізге жауап бермесе немесе «жоқ» десе, қайталап сұрамаған жөн.
Кездесу кезінде және таныстықты жалғай түсу үшін не істеу керек?
Швецияның жыныстық ағарту қауымдастығы әзірлеген бұл құжатта кездесу алдында гигиенаға мән беру қажет екені айтылады. Сонымен қатар, қауіпсіздік үшін алғашқы кездесу қоғамдық орында өткені жөн.
Кездесу барысында «қызықты адам» болуға тырысудың қажеті жоқ. Керісінше «қызығушылық танытушы» болыңыз. Өзіңіз туралы айта бермей, көбірек сұрақ қойыңыз. Ал, әңгіме барысында екі тарапқа теңдей мұрсат берілуі керек. Киіміне немесе шаш үлгісіне секілді заттарға мән беріп, комплимент айту жақсы әсер қалдырады.
Қарым-қатынасты жандандыру үшін романтикалық әрекетке бару маңызды екенін атап өтеді, нұсқаулық авторлары. Мысалы, гүл сыйлау, тартымды хабарлама жазу, кешкі ас немесе пик-ник ұйымдастыру.
Осы кездесулер барысында бір-біріңізді еркін сезінсеңіздер, күнделікті жиі сөйлесіп, кездесе бастасаңыздар бұл − тұрақты қарым-қатынасқа көшу белгісі. Мұндайда әдетте бір-біріңіздің достасрыңызбен немесе отбасы мүшелерімен танысуға да болады.
Таныстық ғұмыры ұзақ болмаса…
Дегенмен, швед мамандары кез-келген қарым-қатынастың аяқталуы да мүмкін екеніне мән береді. Егер таныстықтың ғұмыры ұзақ болмаса оны қабылдаған жөн. Әлеуметтік желіде ол адамды бақылап, хабарлама жазып, мазасын алмаған жөн деп санайды. Керісінше, өзіңізді күтуге, ұйқы, тамақ режиміне мән беріңіз деген кеңес беріліпті.
Жалпы, бұл нұсқаулық танысу дағдысын қалыптастыруға ерекше мән береді. Танысу үшін тәжірибе жинаңыз, өзіңізге сеніңіз және жаңа адамдармен таныстықты тағы байқап көруден қорықпаңыз, деп түйіндепті жоба авторлары.