Өзгеріс кезеңі: әлеуметтік желіде маусым махаббат айы деп аталады
Instagram мен TikTok-та соңғы уақытта «June Theory» атты тренд кең таралып жатыр. Бұл идеяға сәйкес, дәл маусым айы адамдардың өмірінде, әсіресе романтикалық қарым-қатынастарға маңызды өзгерістер әкелетін кезең ретінде сипатталады. Желі қолданушылары бұл уақытта бұрынғы сүйіктілері қайта оралып, достық махаббатқа айналып немесе күтпеген таныстық үйленуге ұласуы мүмкін екенін айтады. youth.kz осы болжамдардың қаншалықты рас екенін саралап көрді.
Тренд қалай пайда болды?
«June Theory» алғашында TikTok-тағы қысқа видеолар арқылы тарала бастады. Мамыр айының соңынан бастап алгоритмдер пайдаланушыларға қарым-қатынас,айырылысу және өмірдегі күтпеген өзгерістер туралы видеоларды жиі ұсына бастады.
Нәтижесінде «маусым айында бәрі өзгереді» деген мазмұндағы роликтер көбейіп, тренд жылдам вирусқа айналды.
Неге бұл тренд тез тарады?
Сарапшылардың пікірінше, оның танымал болуы бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, TikTok пен Instagram алгоритмдері эмоциялық, жеке тәжірибеге негізделген контентті жиі көрсетеді. Әсіресе махаббат, айырылысу және өмірлік өзгерістер туралы видеолар тез таралады. Екіншіден, адамдардың есте сақтау ерекшелігі әсер етеді. Олар бір кезеңде болған оқиғаларды бір-бірімен байланыстырып, заңдылық бар деп қабылдайды.
Үшіншіден, маусым айы шын мәнінде әлеуметтік белсенділіктің артуымен сәйкес келеді. Оқу жылы аяқталып, демалыс басталады, адамдар жиі саяхаттап, жаңа ортаға түседі. Бұл жаңа таныстықтар мен өзгерістердің көбеюіне әсер етеді.
Қандай оқиғалар жиі айтылады?
Әлеуметтік желілерде мынадай жеке тәжірибелер жиі кездеседі:
- маусым айында болған күтпеген айырылысу;
- жазғы демалыста басталған жаңа қарым-қатынастар
- бұрынғы сүйікті адамның қайта хабарласуы;
- достықтың романтикалық қарым-қатынасқа айналуы.
Мұндай видеолар көп жағдайда жоғары қаралым жинап, трендтің әсерін одан әрі күшейтеді.
Сарапшылар пікірі
Мамандардың айтуынша, «June Theory» ғылыми негізі бар теория емес. Бұл – әлеуметтік желідегі интернет-феномен, жеке оқиғалар мен эмоциялық әсерлерге сүйенген құбылыс. Психологтар мұны когнитивті қателікпен байланыстырады. Адамдар кездейсоқ оқиғаларды белгілі бір заңдылық ретінде қабылдауға бейім.
Дегенмен, өмірдің өзі көрсеткендей адамның махаббатта жолы болуы жыл мезгіліне байланысты емес. Бұның бәрі адамдардың жаздағы көңіл-күйі мен қиялынан туып отыр.