«Болашақ» бағдарламасы бойынша шәкіртақы көлемін ұлғайту жоспарлануда
Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы бойынша берілетін шәкіртақы көлемін қайта қарауды жоспарлап отыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек степендия көлемін ұлғайту мәселесін талқылайтын уақыт келгенін мәлімдеді, деп жазады Youth.kz.
Үкіметтегі баспасөз мәслихатында журналистер сауалына жауап берген Саясат Нұрбектің айтуынша «Болашақ» бағдарламасы бойынша шәкіртақы көлемін индекстеу соңғы рет 2010-2011 жылдары жүргізілген. Ол кезде Лондон, Нью-Йорк секілді ірі қалалардағы өмір сүру шығыны тым қымбатқа түсетіні ескерілген.
«Осы уақыт аралығында (15 жыл ішінде − ред.) аталған қалаларда күн-көріс себетінің бағасы қаншалықты өсіп, инфляция қарқыны қалай өзгергенін талдап көрдік. Степендиаттардың басым бөлігіне алатын шәкіртақы жетпейтіні түсінікті, олар қосымша жұмыс істеуге мәжбүр, салдары оқу сапасына да әсер етеді. Осылайша, шәкіртақыдан айырылу секілді мәселе туындайды», − деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша қазір шәкіртақы көлемін ұлғайту мәселесі қаралып жатыр. Дегенмен, ол үшін қосымша қаражат керек. Саясат Нұрбек «Болашақ» халықаралық бағдарламасына» бюджет тарапынан бөлінетін қаржы көлемін арттыру мүмкіндігін атап өтті.
«Стипендиаттар санын қысқарту есебіненде ішкі ресурстарды оңтайландырып, үнемделген қаражаттың бір бөлігін ай сайынғы шәкіртақы көлемін ұлғайтуға жұмсауды қарастырудамыз. Түпкілікті шешім қабылданған жоқ, бірақ шәкіртақы көлемін ұлғайту керек, өйткені азаматтарға қиындау», − деді Саясат Нұрбек.
Түпкілікті шешім 2026 жылдың соңына дейін қабылданады деп күтіліп отыр.