«Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқуға болатын мамандық саны қысқарады

«Болашақ» бағдарламасы бойынша маман даярлау саясаты өзгереді. Алдағы уақытта тек арнаулы мамандар даярлауға ғана көңіл бөлінбек. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оның себебін түсіндіріп берді, –  деп жазады Youth.kz.

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Саяат Нұрбек «Болашақ» степендиясының жалпы саны қысқартыла бастағанын мәлімдеді.

«Ғылыми тағылымдама бойынша 500 орын берілсе, қазір ол 250-ге қысқарды. Оның бірнеше себебі бар. Өйткені, біз сапаға көбірек мән бергіміз келеді», –  деді Жоғары білім министрі.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін «Болашақ» степендиясы аясында жалпы білім беретін бағыттардың барлығына дерлік, бас-ағы 90 сала бойынша маман даярлауға мүмкіндік берілген.

«Оның арасында халықаралық қатынастар, халықаралық құқық, жоба менеджменті – бүкіл мамандық түрі болған еді. Ал, қазір, нақты бір саланың мамандарына назар аударылатын  болады. Бір-екі жылдан кейін, жаңа материалдар, киберқауіпсіздік, атом энергетикасы деген нақты салаларға басымдық берілетін болады», –  деді Саясат Нұрбек.

 Айтуынша, өткен жылы жасанды интеллект мамандарын шетелге оқытуға жіберу туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы аясында атом энергетикасы саласына кадр даярлау туралы ұйғарым бар. Оған сәйкес, осы салада жұмыс істейтін мамандарға әр жыл сайын 20 квота берілмек. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы арқылы жасанды интеллект мамандарын даярлау мәселесі талқыланып жатыр.

Сонымен қатар министр, АҚШ-тағы бірнеше университет «Болашақ» тізімінен алынып тасталғанын атап өтті. Айтуынша, кейбір униерситеттерде оқуға түсуге кепілдік беретін делдал компаниялардың бар екені анықталған. 

«Соңғы жылдары Бостон, Дэвис, Оңтүстік Калифорния университеттеріне Қазақстаннан тым көп адамдар түсе бастағанын байқадық. Бұл өте мықты, рейтингі жоғары университеттер... Біз университеттерге «консалтинг» компаниялардың қызметінен бас тартыңыздар, болмаса сіздерді тізімнен алып тастауға мәжбүр боламыз», деп хат жаздық. Ол университеттер біздің бұл өтінішімізді елеусіз қалдырды. Сондықтан оларды тізімнен алып тастауға мәжбүр болдық», – деді Саясат Нұрбек.   

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз