Қазіргі талапкер мамандықты қалай таңдайды?
Соңғы уақытта мектеп түлектері арман құмай, мамандықты ҰБТ нәтижелеріне қарай таңдайтын тенденция пайда болған сыңайлы. Бұған сарапшылар мен ата-аналар аландаулы. Ал, жастардың өздері не дейді? Олар өз жолын таңдап жатыр ма, әлде баллы көрсеткен бағытпен кетіп бара ма? Толығырақ төмендегі Youth.kz мақаласында.
Ең көп таңдалған бағыттар
Биыл республика бойынша тестілеуге шамамен 179 мың адам қатысып, орташа балл 66-ны құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Ал талапкерлердің шамамен 70%-ы шекті баллдан өтті. Бұл көрсеткіштер бір жағынан жалпы деңгейдің тұрақты екенін көрсетсе, екінші жағынан – таңдаулардың қалай өзгеріп жатқанын аңғартады.
Ең көп таңдалған комбинация – математика мен физика (механика, құрылыс және т.б техникалық салалар). Бұл бағытты 33 мыңнан астам адам таңдаған. Екінші орында – биология мен химия, яғни болашақ дәрігерлер. Сонымен қатар, математика мен география комбинациясы да айтарлықтай танымал (менеджмент, маркетинг салалары).
Ал ең аз таңдалған бағыт? Химия мен физика. Бар болғаны бірнеше жүз адам ғана. Яғни ең күрделі, бірақ ғылым үшін маңызды бағыттар бүгінде ең аз сұраныста.
Ақша, тұрақтылық және еркіндік
Сондықтан IT саласы алдыңғы қатарда: бағдарламалау, деректермен жұмыс, цифрлық технологиялар. Мұның бәрі жоғары жалақы мен қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін береді.
«Мен үйімнен шықпай-ақ 3 ай жұмыстан кейін 300 мың теңге таба бастадым», – деді Арман есімді жігіт.
Медицина да сұранысын жоғалтқан жоқ. Дәрігер болу – қиын жол, бірақ тұрақты. Әсіресе соңғы жылдардағы жаһандық өзгерістерден кейін бұл мамандықтың маңызы одан сайын артты.
Ал бизнес, маркетинг пен экономика бағытын таңдағандар көбіне еркіндікті қалайды. Олар болашақта тек жұмыс істеп қана қоймай, өз ісін ашқысы келеді.
«Өзіңді табу – сүйікті іспен айналысу. Мамандықты өзім таңдадым, сондықтан болашағымды бақытты елестетемін. Маркетинг саласында өмір бойы дамып, осы бағытта әрі қарай оқуды жоспарлаймын», – дейді маркетинг бойынша бакалавриатты аяқтауға жақын тұрған Камилла.
Ал кейбір мамандықтар неге артта қалып жатыр?
Мысалы, таза ғылымдар – физика, химия. Себебі олар қиын, ұзақ оқуды талап етеді және бастапқы кезеңде жоғары табыс әкелмейді. Бірақ жаһандық өзгерістерді ескерсек – болашақта дәл осы салаларға сұраныс күрт өсуі мүмкін.
Педагогика да кейбір талапкерлер үшін тартымсыз болып көрінеді. Жауапкершілік көп, ал нәтиже бірден байқалмайды. Дегенмен жыл сайын айлық көтерілуі бұл саланы қайта жандандыруы мүмкін.
Ал кейбір гуманитарлық бағыттар нақты практикалық дағдылардың жетіспеуінен сұранысын жоғалтып жатыр. Мысалы, мәдениеттану, философия сынды мамандықтар.
Ең үлкен мәселе – трендке еріп кету
Көптеген талапкерлер «бәрі IT-ға кетіп жатыр» деп, өзіне сәйкес келе ме, жоқ па – ойланбастан сол бағытты таңдайды. Нәтижесінде қызығушылық болмайды, оқу қиынға соғады, кейін жұмыс та қуаныш әкелмейді.
«Мен IT саласынан кеттім, өйткені ол жерден өмірдің мәніне қатысты жауап таба алмадым. Бұл салаға баратындардың көбі де шын мәнінде не қалайтынын түсінбейді, ешқандай мақсаттары жоқ. Мені ата-анам IT-ға итермеледі, ал өзім гуманитарлық бағытқа жақын едім», – деп өз пікірін философия факультетінің студенті Фарух білдірді.
ҰБТ балына қарай мамандықты таңдау
Бірақ бүгінгі талапкерлер арасында тағы бір маңызды тенденция – мамандықты саналы таңдаудан гөрі, ҰБТ балына қарай «икемделу».
Көп түлек тест нәтижесін алғаннан кейін: «Қай мамандыққа жетеді екен?» деген сұрақты қояды. Яғни бастапқыда армандаған бағыт емес, балл «жететін» бағыт таңдалады. Бұл әсіресе грантқа түсу кезінде анық байқалады.
«Мен ағылшын тілі мұғалімі болғым келген. Бірақ баллым жетпей жатқанын байқап, саясаттану мамандығын таңдадым», – деді 2 курс студенті Маханбет.
Бір жағынан, бұл түсінікті. Себебі жоғары білім қымбат, ал грант – үлкен мүмкіндік. Бірақ екінші жағынан, мұндай тәсілдің қате екенін түсініп, өкініп жүргендер қаншама.
Нәтижесінде төрт жыл уақыт кетеді, ал нақты бағыт әлі анықталмаған күйде қалады. Сондықтан ең дұрыс сұрақ: «Қайда түсе аламын?» емес, «Қандай мамандық жаныма жақын?» болуы керек сияқты.
Әрине, кейде ҰБТ баллдары да, мүмкіндік те сәйкес келеді, ал кейде олай болмайды. Бірақ жастардың тек баллға сүйену – қателік екенін түсінген абзал.