Таңдауға болмайтын ЖОО-ның 10 белгісі

Талапкерлер жоғары оқу орнын рейтингке, жарнама және танымалдығына қарап таңдайды. Алайда халықаралық академиялық басқару саласының сарапшысы Давид Терезладзе LinkedIn парақшасында университеттің беделі жайлы ақпарат оқу ортасына кепіл болмайтынын айтады. Youth.kz маман кеңесіне сүйеніп, оқуға түсер алдында нені ескеру қажет екенін талдап көрді.

Нашар басқару

Алғашқы алаңдатарлық белгі – университет әкімшілігі шешімдерді түсіндірмей қабылдайды. Мысалы студенттерге ережелердің, сабақ кестесінің немесе талаптарды күтпеген жерден өзгертеді. Сондай-ақ, басшылық студенттердің шағымына жауап бере ме және жауапкершілікті мойындай ма, соған назар аудару керек.

Ашықтықтың болмауы

Ақпаратқа қолжетімділік – өте маңызды. Егер әкімшілік ақпаратты таңдаулы адамдарға ғана жеткізсе, бұл – екінші қауіпті белгі. Студенттер мен университет арасындағы байланыс ашық әрі түсінікті болуы тиіс. Дұрыс жүйеде студенттер не болып жатқанын және кімге жүгіну керегін біледі.

Жемқорлық пен теңсіздік

Мүмкіндіктердің тек «өз адамдарына» берілуі – дұрыс емес ортаның белгісі. Бұл байқауларға, жатақханаға, тағылымдамаларға, тіпті бағаға да қатысты болуы мүмкін.

Шамадан тыс бюрократия

Күрделі рәсімдер, шексіз анықтамалар мен үнемі болатын келісімдер қарапайым студенттік мәселелерді ұзақ әрі күйзелісті процеске айналдырады.

Студенттердің жағдайын елемеу

Университет тек академиялық нәтижелерді ғана емес, студенттердің психологиялық жағдайын да ескеруі қажет. Үнемі артық жүктеме, қолдаудың болмауы және қысым көрсету оқу барысында-ақ эмоциялық күйзеліске әкелуі мүмкін.

Өзгерістерге қарсы болу

Кейбір университеттер ескі жүйемен жылдар бойы жұмыс істеп, кез келген жаңашылдықты ауыр қабылдайды. Соның салдарынан оқу бағдарламалары ескіріп, түлектерге бәсекелесу қиындай түседі.

Ауыр атмосфера

Өсек, дөрекілік, оқытушылар тарапынан қорлау немесе тұрақты жанжалдар – маңызды ескерту белгісі. Мұндай ортада оқу эмоциялық тұрғыдан қатты шаршатады.

Инвестицияның жеткіліксіздігі

Ескі аудиториялар, әлсіз техника, жабдықтардың жетіспеуі және тәжірибе жасау мүмкіндігінің аздығы университеттің білім сапасына жеткілікті деңгейде қаржы бөлуге дайын емес екенін көрсетеді.

Төмен академиялық стандарттар

Кейбір университеттер білім сапасынан гөрі әдемі имидж бен рейтингке көбірек көңіл бөледі. Мұндай жағдайда жарнама мен шынайы білім беру деңгейі сәйкес келмейді.

Кадрлардың жиі ауысуы

Егер оқытушылар мен қызметкерлер жиі жұмыстан кетсе, оның себебі туралы ойлану керек. Кадрдың жиі ауысуы университет ішіндегі мәселелердің белгісі болуы мүмкін.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз