Шартсыз базалық табыс деген не?
Шартсыз базалық табыс – мемлекет азаматтарға тұрақты түрде белгілі бір мөлшерде ақша төлейтін әлеуметтік қолдау жүйесі. Бұл төлемді алу үшін адам жұмыс істеп, табысының деңгейін дәлелдеп немесе қандай да бір талаптарды орындауы қажет емес. Мұндай төлем әр адамға тең мөлшерде және тұрақты негізде беріледі.
Шартсыз базалық табыс кедейлікті азайту, табыс теңсіздігін төмендету және адамдарға қаржылық қауіпсіздік беру құралы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар кейбір сарапшылар жасанды интеллект пен автоматтандырудың дамуы көптеген жұмыс орындарын алмастыруы мүмкін болғандықтан, мұндай жүйенің болашақтағы маңызы артады деп есептейді. Youth.kz бұндай жүйе қай елдерде бар екенін және нәтижесі қандай екенін зерделеп көрді.
Финляндия
2017-2018 жылдары Финляндия әлемдегі ең танымал зерттеу жүргізді. Елде кездейсоқ таңдалған 2 мың жұмыссыз азамат ай сайын 560 еуродан алып отырды.
Зерттеу нәтижесінде қатысушылардың психологиялық жағдайы жақсарғаны, күйзеліс деңгейі төмендегені және өмірге қанағаттануы артқаны анықталды. Алайда жұмыспен қамту деңгейінде айтарлықтай өзгеріс болмаған.
Германия
2021 жылы Германияда Mein Grundeinkommen қоғамдық ұйымы үш жылдық пилоттық жобаны бастады. Жоба аясында 120 адам ай сайын 1 200 еуро көлемінде шартсыз төлем алды.
Алғашқы нәтижелерге сәйкес, қатысушылардың көпшілігі жұмыстан бас тартпаған. Керісінше, олар білім алуға, кәсіби дамуға және денсаулығына көбірек көңіл бөле бастаған.
АҚШ
АҚШ-та бірнеше қалада шартсыз базалық табыс бағдарламалары жүзеге асырылды.
Ең танымал жобалардың бірі – Калифорниядағы Стоктон қаласының бағдарламасы. 2019-2021 жылдары 125 тұрғынға ай сайын 500 доллар төленді.
Зерттеу көрсеткендей, қатысушылардың толық жұмысқа орналасу көрсеткіші артып, психикалық денсаулығы мен қаржылық тұрақтылығы жақсарған.
Кения
Кенияда GiveDirectly қайырымдылық ұйымы әлемдегі ең ірі шартсыз базалық табыс жобасын жүргізіп келеді. Жобаға ондаған мың ауыл тұрғыны қатысып, бірнеше жыл бойы тұрақты ақшалай төлем алып келеді.
Алдын ала нәтижелер тұрғындардың тамақтануы, денсаулығы, кәсіпкерлік белсенділігі және балалардың білім алуы жақсарғанын көрсетті.
Канада
Канадада 2017 жылы Онтарио провинциясында үш жылға жоспарланған пилоттық жоба іске қосылды. Алайда бағдарлама мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Соған қарамастан зерттеулерге қатысқан адамдардың денсаулығы жақсарып, қаржылық тұрақтылығы артқаны байқалды.
Үндістан
2011-2013 жылдары Үндістанның бірнеше ауылында жүргізілген зерттеу барысында тұрғындарға тұрақты ақшалай төлем берілді. Зерттеу нәтижесінде балалардың мектепке баруы артқаны, тұрғындардың денсаулығы жақсарғаны және шағын кәсіпкерлік көбейгені анықталды.
Сарапшылар не дейді?
Экономистер шартсыз базалық табысты кедейлікті азайтып, қаржылық тұрақтылықты арттырып, психикалық денсаулықты жақсарсартып, адамдардың білім мен кәсіпке көбірек инвестиция салуына ықпал еткенін айтады.
Ал сыншылар мұндай бағдарламалардың бюджетке үлкен салмақ түсіретінін, инфляцияны күшейтуі мүмкін екенін және ұзақ мерзімде тиімділігі толық дәлелденбегенін айтады.
Бүгінде шартсыз базалық табыс әлемнің көптеген елінде ұлттық деңгейде енгізілген жоқ. Дегенмен ондаған мемлекет пен қала оны пилоттық режимде сынап көріп, болашақ әлеуметтік саясаттың ықтимал бағыты ретінде қарастырып отыр.