Сингапурде буллинг үшін оқушыларды таяқпен жазалау енгізілмек

Сингапур билігі мектептердегі буллинг пен кибербуллингке қарсы күресті күшейту мақсатында жаңа тәртіптік саясат енгізетінін жариялады. Елдің Білім министрлігі (MOE) 2027 жылға дейін барлық мектептерде бірыңғай тәртіп жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа ережелер ішінде уақытша шеттету, сабақтан кейін қалдыру және ерекше жағдайда ротанг таяғымен жазалау шаралары қарастырылған. Толығырақ Youth.kz мақаласында.

Сингапурда білім саласындағы жағдай

2026 жылғы 5 мамырда Сингапур парламентінде өткен арнайы талқылау барысында елдің білім министрі Дезмонд Ли мектептердегі буллинг мәселесіне қатысты ресми ұстанымды жариялады. Ол депутаттардың ондаған сауалына жауап бере отырып, дене жазасы тек ерекше жағдайда ғана қолданылатынын айтты

Министрдің сөзінше, мектептер ротангпен жазалау әдісін басқа барлық шаралар жеткіліксіз болған жағдайда ғана қолданады.

Ол мұндай жаза бақылаусыз немесе еркін түрде қолданылмайтынын ерекше атап өтті. Әрбір жағдай жеке қаралып, шешім қабылдау бірнеше деңгейлі бақылаудан өтеді.

«Жаза міндетті түрде мектеп директоры тарапынан мақұлданып, тек уәкілетті мұғалімдер арқылы жүзеге асырылуы тиіс», – деді Дезмонд Ли.

Сонымен қатар, ол бұл саясаттың мақсаты қорқыныш атмосферасын қалыптастыру емес екенін айтты. Оның пікірінше, мәселе – мектептегі қауіпсіздік пен жауапкершілік мәдениетін сақталуында. 

Министрдің түсіндіруінше, дене жазасы ешқашан жалғыз шара ретінде қарастырылмаған. Оқушымен психологтар, мұғалімдер және ата-аналар бірлесіп жұмыс істейді. Мектеп әкімшілігі оқушының жасын, психологиялық жағдайын және оның өз әрекетінің салдарын түсіну деңгейін ескереді.

Сол парламенттік отырыста министр тағы бір маңызды мәлімдеме жасады:

«Буллинг пен өзгеге зиян келтіретін әрекеттерге мектепте орын жоқ».

Бұл мәлімдемелердің толық мазмұны сингапурлық «Mothership Singapore» платформасында да жарияланды.

Сингапур қоғамы үшін бұл сөздер кездейсоқ емес. Елде қоғамдық тәртіп пен азаматтық жауапкершілік мемлекеттік мәдениеттің маңызды бөлігі болып саналады. Сондықтан билік буллингке болашақтағы әлеуметтік агрессияның алдын алу мәселесі ретінде қарайды.

Бұл саясаттың негізі бұған дейін басталған. 2025 жылғы 27 тамызда Сингапурдың Білім министрлігінде өткен мұғалімдер, ата-аналар және қоғам өкілдерімен диалог кезінде Дезмонд Ли буллинг мәселесінің күрделене түскенін айтқан болатын

Сол кездесуде министр.

«Біз буллинг пен зиян келтіретін әрекеттерге қатысты мектеп саясаттарын күшейтеміз», – деп мәлімдеді.

Жаңа саясат бойынша ротангпен жазалау тек жоғары бастауыш сыныптардағы және одан үлкен жастағы ұл балаларға қатысты болады. Сингапур заңнамасы бойынша қыз балаларға дене жазасын қолдануға тыйым салынған. Сонымен қатар мұндай шара тек «ең соңғы амал» ретінде қарастырылады.

Сарапшылардың пікірлері

Алайда бұл бастама халықаралық деңгейде екіұшты әсер туғызды. Кейбір сарапшылар Сингапурдың қатаң тәртіп моделі жастарды жауапкершілікке үйретеді деп есептейді. Олардың пікірінше, нақты шекара мен нақты салдардың болуы оқушыларға өз әрекетінің жауапкершілігін ертерек түсінуге көмектеседі.

Басқа тарап керісінше пікір айтуда. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары балаларға қатысты дене жазасы психологиялық және эмоционалдық зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді. Олар тәртіпті қорқыныш арқылы емес, сенім мен педагогикалық қолдау арқылы қалыптастыру қажет дейді.

Соған қарамастан, Сингапур билігі өз ұстанымынан бас тартпай отыр. Ел үкіметі мектеп қауіпсіздігін қоғам тұрақтылығының маңызды бөлігі деп санайды. Ал буллингке қарсы жаңа саясат қазіргі заманғы цифрлық және әлеуметтік қысым жағдайында тәртіп жүйесін қайта қараудың бір көрінісі ретінде бағалануда.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз