Қазақстанда ақылы демалыс күндері енгізіледі
Сенат еңбек заңнамасына енгізілген түзетулерді мақұлдады. Негізгі өзгеріс барлық жұмыс істейтін қазақстандықтарға қатысты. Енді жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтік тексерулерден өту үшін уақыт беруге міндетті, бұл кезде жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады. Одан бас тартуға болмайды. Бұл туралы сенаттың жалпы отырысында хабарланды.
Өтініш емес, адам құқығы
Медициналық ұйымдар цифрлық жүйелер арқылы жұмыс берушілерге қызметкерлердің скринингтік тексеруден өту қажеттілігі туралы хабарлама жібереді. Хабарлама алынғаннан кейін жұмыс беруші қызметкерге тексеруден өту үшін уақыт беруге міндетті, бұл кезеңде жалақысы мен жұмыс орны сақталады.
Рұқсат бермеу заң бұзушылық болып саналып, жұмыс беруші жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар, еңбек қатынастары саласында қызметкерлердің жеке өмірін, ар-намысын және қадір-қасиетін қорғау нормалары енгізіледі. Яғни, жұмыс беруші жұмыс қажеттілігі деген желеумен қызметкердің жеке кеңістігіне негізсіз араласа алмайды.
Жұмыс берушілер үшін өзгерістер
Жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жағдай жасау міндеті заң жүзінде бекітіледі. Бұл жаңа талап емес, бірақ енді оның құқықтық негізі күшейтіледі. Сонымен қатар кәсіпорындарда еңбекті қорғау бойынша техникалық инспекторлардың өкілеттігі кеңейтіледі, олар өндірістегі талаптардың сақталуын тікелей тексере алады.
Аймақтық деңгейде жұмысшылар, жұмыс берушілер және мемлекет арасындағы әлеуметтік әріптестік тетігі күшейтіледі. Осы әріптестік аясындағы келісімдердің орындалуы туралы есептерді тыңдау міндеті енгізіледі, яғни енді келісімдерді тек қол қоюмен шектелмей, олардың қалай орындалып жатқаны туралы жария түрде есеп беру қажет болады.
Айта кетейік, бұған дейін скрингтен өту үшін демалсы беру мәселесі мәжілісте көтерілген еді. Депутаттар халықтың бұл құқығы жөнінде ақпараттандырылуын арттыру қажет деп есептейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қазақстандықтарға жыл сайын медициналық тексеруден өту үшін үш күнге дейін ақылы демалыс беріледі. Алайда, депутаттардың айтуынша, азаматтардың көпшілігі бұл мүмкіндіктен хабарсыз немесе оны пайдаланбайды.
Мәжіліс өкілдері әлеуметтік демалысқа қатысты норма бірнеше жылдан бері бар болғанымен, оның тәжірибедегі тиімділігі төмен екенін айтты. Қызметкерлер бұл құқығын сирек қолданып, жұмыс берушілер де оны түсіндіруге жеткілікті көңіл бөлмей келеді.
Қазақстандықтарға енді жарты жылға дейін ақылы демалыс алу мүмкіндігі беріледі
Сонымен қатар, Қазақстанда қызметкерге жалақысы мен жұмыс орны сақталатын ұзақ мерзімді демалыс алудың қосымша мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін. Бұл да «Еңбек заңнамасын жетілдіру туралы» заң жобасында қаралды.
Заңдағы негізгі жаңалықтардың бірі – жұмысты оқу немесе ғылыми қызметпен қатар алып жүретін қызметкерлерге алты айға дейін оқу демалысын беру құқығын енгізу.
Қазіргі таңда оқу демалысы негізінен емтихан тапсыру, диплом жұмысына дайындалу немесе зертханалық тапсырмаларды орындау сияқты оқу үдерісіне қатысты жағдайларда беріледі. Енді заңнамада оның қолданылу аясын кеңейтіп, келесі жағдайларда да беру ұсынылып отыр:
- әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламаларынан өту;
- диссертация жазу және оны қорғау;
- ғылыми зерттеулер жүргізу;
- өзге де ғылыми жұмыстармен айналысу.
Сонымен қатар, оқу демалысының ұзақтығына шектеу қойылады, яғни ең көбі алты айға дейін ғана беріледі.
«Халықаралық «Болашақ» стипендиясы аясында шетелде оқу және тағылымдамадан өту жағдайлары бұған кірмейді. Тараптардың келісімімен оқу демалысы бөліп-бөліп берілуі мүмкін», - делінген құжатта.
Ең маңызды өзгеріс – оқу демалысы кезінде қызметкердің жұмыс орны, лауазымы және орташа жалақысы сақталуы тиіс. Бұған дейін мұндай кепілдіктер заңда нақты бекітілмей, көбіне жұмыс берушінің шешіміне немесе ішкі келісімшарт талаптарына байланысты болып келген.
Ал «Болашақ» бағдарламасына қатысушылар үшін бөлек тәртіп қарастырылған. Олардың жұмыс орны сақталады, бірақ шетелде оқу немесе тағылымдамадан өту кезеңіндегі жалақы төлеу мәселесі жұмыс берушінің еркінде қалады.