«Шошқа Пеппа» төңірегіндегі дау: Hasbro балалар дауысын жасанды интеллектке беруді талап етті
БАҚ мәліметінше, Hasbro америкалық компаниясы «Шошқа Пеппа» мультсериалын дыбыстайтын жас актерлерден жаңа келісімшарттар бойынша өз дауыстарын жасанды интеллектке (ЖИ) пайдалануға беруді талап етіп отыр. Өнер саласының мыңдаған өкілі бұл талапты сынаған ашық хат жариялап, мұнда келісім беру қағидасы бұзылуы мүмкін екенін ескертті.
Hasbro америкалық ойыншық өндіруші компаниясы танымал британдық балаларға арналған «Шошқа Пеппа» анимациялық сериалын шығару үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалануды жоспарлап отыр. Әсіресе келісімшарттағы бір тармақ үлкен алаңдаушылық туғызған.
Наразылық бала актерлермен жасалған келісімшарттарға жасанды интеллектке қатысты жаңа тармақтың енгізілуіне байланысты туындады. Deadline басылымының жазуынша, енді жас орындаушылардан өз дауыстарын франшиза аясындағы «барлық коммерциялық материалдарда» қолдануға құқық беруге келісім талап етіледі.
Ресми түрде бұл тармақ Hasbro компаниясына бала актерлердің дауысын жасанды интеллект технологиясы арқылы көшіруге және мұндай жазбаларды жарнамада және басқа да мақсаттарда мерзімсіз пайдалануға мүмкіндік береді.
Жас әртістер агенттері қауымдастығының (Agents of Young Performers Association, AYPA) бастамасымен сала өкілдерінің мыңға жуығы халықаралық балалар франшизасына қатысты жасанды интеллект шарттарын сынаған ашық хатқа қол қойған.
Ашық хатта тікелей «Шошқа Пеппа» немесе Hasbro атаулары аталмайды. Алайда Deadline дереккөздері сөз дәл осы аса танымал мультсериал туралы болып отырғанын хабарлаған.
«Жақында халықаралық балалар франшизасына құқықтық иелік ететін және ұзақ мерзімді анимациялық телесериал шығаратын ірі студия балаларға дауыс беретін актерлерге жасанды интеллект қолдануға келісім беруді талап ететін келісімшарттар ұсынды. Бұл арқылы баланың дауысын франшизаның барлық коммерциялық активтерінде пайдалануға мүмкіндік беріледі», – делінген хатта.
Сондай-ақ хатта «Бұл тармақты «қабылдайсың ба, қабылдамайсың ба» деген ұстаныммен алып тастаудан бас тарту бізді осы хатты жазуға итермеледі. Біз мұндай жағдайға келіспейтінімізді және бұл мәселені бүкіл индустрияға жеткізгіміз келетінін білдіргіміз келеді» деп жазылған.
Келісім беру мәселесіне ерекше сақтықпен қарау керек
Құжатта бала орындаушылар туралы сөз болғанда келісім беру мәселесіне ерекше мұқият қарау керектігі айтылған. Себебі балалар толық ақпаратқа сүйенген заңға келісім бере алмайды. Ал ата-ананың немесе қамқоршының келісімі баланың дауысын шексіз иеленуге, көшіруге, жасанды интеллектті үйретуге немесе қайта пайдалануға берілетін жалпы рұқсат болмауы керек.
«Баланың дауысына қатысты кез-келген келісім жасанды интеллект қолдануды толығымен алып тастауы тиіс. Ешбір бала өзінің болашақ кәсіби бейнесін оның салдарын түсінбей тұрып жасалған жасанды интеллект моделі арқылы қалыптастыруға жол бермеуі керек. Біз жас орындаушылардан өз дауысына деген құқықтан шектеусіз және мәңгілікке бас тартуды талап ететін кез-келген келісімшартты қабылдамаймыз», – делінген хаттың соңында.
Hasbro компаниясы Variety басылымына берген мәлімдемесінде бұл ашық хатпен таныс екенін растады. Компания «жас орындаушыларды қорғау – Hasbro үшін басты құндылықтардың бірі» екенін айтты.
«Жасанды интеллект саласындағы өндірістік стандарттар дамып жатқан кезде біз бұл мәселемен жауапкершілікпен және ашық жұмыс істегіміз келеді», – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Мұндай алаңдаушылық күшейіп келеді, себебі дыбыстау саласындағы келісімшарттарға жасанды интеллектке қатысты тармақтарды енгізу кең тараған тәжірибеге айналып барады.
Ашық хатта айтылғандай, мұндай шарттар актерлердің дауысын көшіруге, оны машиналық оқыту модельдерін үйретуге пайдалануға, жасанды аудио жасауға, сондай-ақ өндіріс компанияларына актерлердің деректерін олардың келісімінсіз және қосымша ақы төлемей үшінші тараптарға сатуға немесе лицензиялауға мүмкіндік беруі мүмкін.
«Шошқа Пеппа» мультсериалы Ұлыбританияда 2004 жылы эфирге шығып, тез арада халықаралық хитке айналды. 2019 жылы Hasbro компаниясы «Шошқа Пеппа» брендін сатып алды.