Мемлекеттік білім грантын әрбір түлек өтеуі тиіс пе?

Қазақстанда мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандар мен PhD докторантурада білім алған азаматтар міндетті түрде мемлекет қажысын еңбегімен өтеуі тиіс. Мұндай талап 2021 жылы күшіне енген. Youth.kz осы мәселеге қатысты «Білім туралы» заң талаптарын шолып шықты.  

Оқу грантын еңбекпен өтеу талабы

Елімізде «Білім туралы» Заң 2007 жылы 27 шілдеде қабылданған. Бұл заңның 2021 жылы өзгерістер енгізілген 47-бабының 17-тармағына сәйкес бірқатар мамандықтарға грантты міндетті түрде өтеу талабы қойылған.

«Осы Заңның 26-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алған ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындаған мерзімдерде және тәртіппен жұмыспен өтеуге міндетті», делінген заңда.

Заңда көрсетілген мамандықтар бойынша ауыл квотасы бойынша мемлекеттік грантқа ие болған студенттер, ЖОО тәмамдаған соң үш жыл бойы осы грант ақысын еңбегімен өтеуі тиіс. Ауыл квотасынан бөлек, жалпы конкурс негізінде  мемлекет қаржысы негізінен оқуға мүмкіндік алған педагогтар мен медицина мамандары да үш жыл грантты ақтауы тиіс.

«Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен кемінде үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті», делінген бұл туралы Заңда.

Мемлекеттік гранттар бойынша қаржы бөлуге және бөлінген қаражаттың толық өтелуіне жауапты өкілетті орган министрлік жанында құрылған «Қаржы орталығы» АҚ. Осы орталық мәліметіне сәйкес, ауыл квотасы арқылы грантқа иеленіп, жоғары білім алған мамандар мемлекет қаржысын ауылдық елді-мекендерде жұмыс істеу арқылы өтеуі тиіс.

Ал, педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік грантта білім алғандар оқу ақысын  мемлекеттік білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде өтеуге міндетті.

«Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен кемінде үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті», делінген «Білім туралы» Заңның 47-бабы, 17-тармағында.

Гранттың ақысын еңбекпен өтеу тек, бакалаврді тәмамдаған түлектерге ғана емес, бейінді және философия бағыты бойынша PhD докторларына да міндетті талап. Олар, докторантураны тәмамдаған соң ЖОО-да немесе ғылыми ұйымдарда үш жыл еңбек етуі тиіс.

Егер, ЖОО аяқтаған соң, грант қаржысы еңбекпен өтелмейтін болса, ол соманы түлек өз қалтасынан өтеуге міндеттеледі.

«Осы тармақта аталған адамдардың жұмысты өтеу жөніндегі өз міндеттерін орындауына немесе жұмысты өтемеген жағдайда бюджет қаражатының шығыстарын өтеуіне мониторингті және олардың сақталуына бақылауды қамтамасыз ету білім беру саласындағы уәкілетті органның операторына жүктеледі», делінген бұл туралы аталған бапта.

Министрлік жанынан құрылған «Қаржы орталығы» мемлекет қаржысы арқылы тегін білім алған әрбір түлектің грантты өтеген-өтемегенін бақылап отырады деген сөз.

Мемлекет қаржысын өтемеуге бола ма?

Сонымен қатар, заңда грант ақысын өтеуден босатылу мүмкіндіктері қарастырылған. Ол туралы «Білім туралы» Заңның 47 бабы, 17 тармағында былай делінген:

«17-2. Осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босату жас мамандарды жеке-жеке бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен мынадай санаттағы жас мамандарға:

  1.  жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін елді мекенде бос орын болмаған жағдайдағы адамдарға;
  2. І және ІІ топтағы мүгедектерге;
  3. одан әрі оқу үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резидентураға, магистратураға, докторантураға түскен адамдарға;
  4. жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баланы (балаларды) өзі тәрбиелеп жатқан адамдарға беріледі».

Сонымен қатар, білім алушы немесе жас маман қайтыс болған жағдайда оның мемлекет алдындағы оқу ақысының қарызы жойылады.

Грантты өтеуді кейінге қалдыруға бола ма?

Болады, тек бір ғана жағдайда. Заңға сәйкес, мемлекеттік грант арқылы – бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша жоғары білім алған азамат тек бір ғана жағдайды оны өтеу мерзімін кейінге қалдыра алады. Ол отан алдындағы әскери борышын өтеу уақыты. Алайда, әскери қызметтен босаған соң, грантты өтеу талабы бойынша еңбек етуі тиіс.

Білім туралы заңның, 47-бабының 7-тармағында көзделген жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін маманға артылатын жауапкершіліктің мерзімі жоқ. Бұл дегеніңіз, мемлекеттің бұл қаржысын еңбекпен өтемеген жағдайда, қай жасқа келсеңіз де ақшалай өтеуге тиіс боласыз. Өйткені, заңнамаға сәйкес оған «талап қоюдың ескіруі қолданылмайды».

Ақылы бөлімге немесе ақылы бөлімнен ауысқан шәкірттер де грантты өтеуі тиіс

Аталған заңның, 47-бабының 17 тармағында көрсетілгендей ақылы негізден мемлекеттік грантқа ауысқан немесе керісінше, сол жылы немесе келесі оқу жылында қайта қабылдану шартымен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымынан шығарылған жағдайда да мемлекет қаржысына оқыған мерзіміне мөлшерлес уақытта жұмыс істеп, өтейді.

Ескеріңіз:

Грант ақысын еңбекпен өтейтін мамандар оқуды аяқтаған жылдың 1-қыркүйегіне дейін  жұмысқа орналасып үлгеруі тиіс. Болмаса, «Қаржы орталығы» сізге ескерту жасап, хабарлама жібереді. Әдетте, өзіңіз туып-өскен аймақтан жұмыс іздейсіз. Жұмыс табылмаса жұмыспен қамту орталығына есепке тұрғаныңыз абзал. Орталық мамандығыңызға сай жұмыс ұсынады.

Мемлекет грант бойынша оқуға түскен әрбір студент ең алдымен сол мамандықпен бойынша өзін оқытуға жұмсалған мемлекет қаржысын еңбекпен өтеуі тиіс пе, жоқ па соны анықтап алғаны жөн. Ол үшін, ЖОО-мен жасалатын келісім-шартты мұқият оқып шығуы тиіс.

Егер, ЖОО тәмамдаған соң грант ақысын өтегіңіз келмесе, онда түскен оқу орныңызға өтініш жазып, мемлекеттік гранттан бас тартуға құқыңыз бар. Онда ақылы бөлімде білім алатын боласыз.  

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз